Дала төсі дүбірлі

Уақыты: 19.07.2016
Оқылды: 1613
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

                      

 Сарыбастау ауылдық округіне қарасты «Қызылшоқы» ЖШС мен «Ақбастау» шаруа қожалығы биыл 1400 гектар жерге күздік бидай, 870 гектар жерге арпа, 1400 гектар жерге софлор сепкен болатын. 9 шілдеде күздік бидайға орақ түсті. Алқапта жасалып жатқан тірлікпен бізді шаруашылықтың бригадирі Талғат Шәріпбеков таныстырып шықты.

Оның айтуынша, бұл жерде комбайншы, аспаз, жүргізуші, күзетшілер бар барлығы  22 адам жұмыс жасауда. Шаруаның да өз тәртібі бар. Жұмыс таңғы сағат 5-те техниканы дайындаудан басталады. Шық басылғанда барып алқапқа астық шабуға шығады. Содан қараңғы түскенше жұмыс бір тынбайды. Бұл шаруашылықтың техникалары жаңартылған. Астықты  5 комбайн шауып жүр. Жиналған  өнімді 10 «КамАЗ» Алматыға, ауылға тасып жатыр. Жұмысшылардың жағдайы да жақсы. Басқасын айтпағанның өзінде, кешке жұмыстан келгенде жуынатын моншасына дейін дайын тұрады.

      – «Ақбастау» шаруа қожалығында үш аспаз жұмыс істейміз. Бас аспаз Айгүл Мұсабаева ауылда.  Мираш Қасенова екеуміз осы  жердің шаруасын реттейміз. Таңғы бестен тұрып жұмысшылардың жуынатын суын,  таңғы асын  дайындаймыз.  Күнделікті үш мезгіл тамақтануына жағдай жасаймыз.  Бұл жерге науқан кезінде келеміз. Жер жыртатын кезде болмаса астық орған кезде келіп, жатып жұмыс жасаймыз. Арасында ауылға бала-шағамызға барып келіп тұрамыз. Өзім бұл шаруашылықта 2010 жылдан бері істеп келемін. Жұмыс жасауға барлық жағдай жасалған. Шаруа қожалығының басшысы Бейбіт Бекеев жағдайымызға қарап, қажет кезінде көмек қолын созып отырады, – дейді аспаз  Жұмазия Ибраева.

  Жұмысшылар жатақханасының айналасына жеміс ағаштары егіліпті. Оны арнайы құдықтан шыққан сумен суарады екен. Ауызсуды бұлақтан тасып әкеледі. Су тасымалдауға екі көлік тіркемесі қойылған. Осыдан-ақ дүбірге толы далада астығын ысырапсыз жинап, бастырып жүрген «Қызылшоқы» ЖШС диқандарының еңбегі зор екенін білдік.

Ләйлә ОҢАЛБАЕВА.

Кербұлақ ауданы.