ТОСПА ТҮБІ ТАЗАЛАНА МА?

Уақыты: 25.07.2023
Оқылды: 602
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

 Қазір суға түсу маусымының қызып тұрған шағы. Замандастарымыздың көбі  еңбек демалысына шығып, бала-шағаларын алып, өзен-көлдерді, су-тоғандарды жағалап жүр. Жұмысбастылар отбасымен «Қаратал» шағынауданы маңындағы демалыс аймағына барады. Бұл – аптап ыстықтан саялаудың бір жолы. Бірақ, қаладағы демалыс аймағының жағдайы көңіл көншітпейді. 


Демалыста біз де «Қаратал» шағынауданы маңындағы жағажайға барып, демалып қайтуды жөн көрдік. Түс ауып, күн еңкейген мезгіл. Судың маңында кішкентай баладан үлкен адамдарға дейін жүр. Жағалауда ине шаншыр орын жоқ. Шағын бизнесін дөңгелентіп жүргендер балаларға арнап қайық әкеліп қойыпты. Өкінішке қарай, мұнда қайыққа ғана отырасың. Өйткені суға шомылу мүмкін емес. Лай судың астында не бары көрінбейді. Ең сорақысы, балдыр сасыған тоспаның түбін шөп басып кеткен. Ортасына барсаң қалың шөп аяғыңа оратылады. Бұл балаларға өте қауіпті. Бірақ, ата-анасыз келген балалар оны тыңдасын ба?! Үлкендердің ұрсып жатқанына қарамай шомылып жүр. Тұрғындар Қаратал маңындағы демалыс аймағының суы лай, түбіндегі балдыр мен шөптің балаларға өте қауіпті екенін айтып шағымдануда. 

– Жаз айларында еш жерге бармасақ та Қараталдағы демалыс аймағына жиі келеміз. Мұнда халық көп жиналады. Бірақ, суға түспейді. Өйткені, судың астына қалың шөп өсіп кеткен. Балдырдың сасық иісі шығады. Су тазаланса одан да көп адам келетін еді, – дейді қала тұрғыны Қарлығаш Шегебаева.

 – Қазір екінің-бірі көлге барып демала алмайды. Көбінің жұмыстан қолы тимейді. Жағдайы келмейтіндер де бар. Сондықтан, қаламыздағы демалыс аймақтарына барады. Бірақ, мұнда суға түсу мүмкін емес. Балдыр сасыған суды тазаламаса болмайды. Себебі, қала жұртшылығының басым бөлігі түс ауа осы маңға келеді, – дейді қала тұрғыны Балнұр Жанұзаққызы.

Халықты алаңдатып отырған демалыс аймағының мәселесі қалай шешіледі? Жергілікті тұрғындардың сұрауы бойынша демалыс аймағының суы тазалана ма? Қалай болғанда да балаларға қауіпті болып тұрған бұл мәселенің шешімін табу кезек күттірмейтін жайт екені даусыз. Бұл шаруа жуыр арада шешіліп, шаһар атқамінерлерінің назарынан бір сәт те тыс қалмайды деген сенімдеміз.

Айдар ҚАЛИЕВ