"Қазақстанда 9 банк жабылмақ": Қаржы нарығын реттеу агенттігі түсіндірді

Уақыты: 26.07.2023
Оқылды: 443
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Қазақстанда 9 банк таратылады деген ақпаратқа қатысты Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мәлімдеме жасады.

Бұл туралы 7-su.kz желілік басылымы Stan.kz ақпарат агенттігі дерегіне сүйеніп хабарлайды.

Агенттіктің мәліметінше, бұл ақпарат шындыққа жанаспайды.

“Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі әлеуметтік желілер мен БАҚ-та таратылып жатқан Қазақстанда жұмыс істеп тұрған 9 банкті тарату туралы ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтінін хабарлайды. Қазіргі уақытта Қазақстанда 21 екінші деңгейдегі банк қызметін жүзеге асыруда. Бұдан басқа, аталған  екінші деңгейдегі 21 банктен басқа, тағы 9 банк 2007 жылдан бері тарату процесінде”, – деп түсіндірді ҚНРДА.

Тарату процесінде тұрған аталған 9 банктің лицензиялары 2007 жылдан 2021 жылға дейінгі кезеңде кері қайтарып алынды, атап айтқанда:

  1. Валют-транзит банк (тарату – 2007 жылғы 1 наурыздан бастап);
  2. Қазинвестбанк (2018 жылғы 24 қаңтардан бастап);
  3. Delta Bank (2018 жылғы 25 сәуірден бастап);
  4. Qazaq Bank (2018 жылғы 12 желтоқсаннан бастап);
  5. Астана Банкі (2019 жылғы 9 қаңтардан бастап);
  6. Эксимбанк Қазақстан (2019 жылғы 16 қаңтардан бастап);
  7. Tengri Bank (2021 жылғы 15 ақпаннан бастап);
  8. AsiaCredit Bank (2021 жылғы 22 шілдеден бастап);
  9. CapitalBank Kazakhstan (2021 жылғы 5 қазаннан бастап).

Таратылатын банктердің тарату өндірісінің барысы туралы ақпарат тоқсан сайын Агенттіктің ресми сайтында "Қаржы нарықтары - Банк секторы - Тарату процесі - Тарату процесінің ағымдағы мәртебесі туралы ақпарат" бөлімінде орналастырылады 

Осыған байланысты тарату процесі жұмыс істеп тұрған 21екінші деңгейдегі банкке қатысты емес, лицензиялары 2007-2021 жылдары қайтарып алынған басқа 9 банкке қатысты жүргізіледі.

Жұмыс істеп тұрған 21 екінші деңгейдегі банктен лицензияларды кері қайтарып алу жоспарланып отырған жоқ.

Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының банк секторында 21 екінші деңгейдегі банк бар, оның ішінде 12 банк шетелдің қатысуымен,  оның 8-і – еншілес банк.

Фото: көрнекілікке алынды