Жергілікті әкімдіктердің бақылауында болады.

Уақыты: 26.07.2023
Оқылды: 482
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

ҚР Премьер-Министрі Әлихан  Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында «Ауыл – ел бесігі» жобасын жүзеге асыру мәселелері қаралды.  Онда аталған бағдарлама бойынша қаржыландыру көлемі 6,7 есеге артқаны туралы ҚР  Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров мәлімдеді.


Қазіргі таңда республикада 6 295 ауылдық елді мекен бар, онда 7,5 млн. ауыл тұрғыны немесе халықтың 38%-ы тұрады. Бүгінгі таңда ауылдардың жалпы санынан даму әлеуеті жоғары 3,5 мың ауыл іріктеліп алынған. Бұл ауыл тұрғындарының   93 пайызын құрайды. Алайда инфрақұрылымы мүлде нашар елді мекендер де баршылық. Сондықтан, Үкімет «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде ауылдарды өркендету мен дамытуды басым бағыт ретінде жүзеге асырып келеді.

Өткен үш жылда «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен 326 млрд. теңге бөлініп, 3,7 мыңнан астам жоба іске асырылған. Бұл тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы 334 нысан, 1 200 әлеуметтік нысан мен 2 мыңнан астам көлік инфрақұрылым нысаны салынды және жөнделді деген сөз. Мүмкіндіктен жетісулықтар да шет қалған жоқ.

Ал биыл 771 ауылдық елді мекенде 1800 жобаны іске асыру үшін жалпы 218,2 млрд. теңге бөлінді. Оның ішінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы 244 жоба, 383 әлеуметтік нысан және ауылішілік жолдарды жақсарту бойынша 1200 жоба іске асырылып жатыр. Бұл санатта да Жетісу облысында жүргізіліп жатқан жұмыстар бар. Әсіресе, тұрғындарды ауызсумен, тұрғын үймен, медицина, спорт кешендерімен қамту аясында жұмыс жүруде.

«Өздері тұратын өңірлерге, туған ауылының инфрақұрылымын дамытуға қомақты қаражат салатын жергілікті ұйымдар мен кәсіп-орындардың белсенділігін атап өткім келеді. Ірі кәсіпорындар тарапынан ауылдық жерлерде тұрғын үй, әлеуметтік нысандар және демалыс орындары салынған. Осындай жергілікті ұйымдар мен кәсіпкерлер барлық өңірде бар», – деді Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров.

Демек, бұл топта жетісулық меценат жігіттердің бар екендігі анық. 

 Өңірде «Ауыл – ел бесігі» жобасы, ең алдымен, «Ауыл аманаты» жобасы іске асырылып жатқан елді мекендерде жүзеге асып отыр. Сондай-ақ, аталған елді мекендерде ұлттық жобалар аясында және жергілікті бюджет есебінен басымдық беріліп, нәтижесінде 2026 жылға қарай әлеуметтік игілік және көрсетілетін қызметтермен қамтамасыз ету деңгейі 92,2 пайызды құрайды деп күтілуде. Аталған бағыттағы жұмыстар тұрақты түрде жергілікті әкімдіктердің бақылауында болады.

Фото: көрнекілікке алынды

Қажет АНДАС