ЕҢБЕГІНЕ ҚАРАЙ ӨНБЕГІ

Уақыты: 26.07.2023
Оқылды: 605
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Ақсуда шөп шабу науқаны қызып тұр. Тұрғындардың қазіргі аптап ыстыққа қарамастан жанталасып жатқаны – төрт түлік малдың азығын тездетіп жинап алу қамы. 


Ақсу аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ерлан Оспанбековтың мәліметінше, аудан бойынша биылғы мал қыстату науқанына 259,2 мың тонна ірі сабақты жемшөп дайындау жоспарланған.

Атап айтқанда, 226,8 мың тонна шөп, 32,4 мың тонна сабан және 73,7 мың тонна шырынды (пішендеме 27,5 мың, сүрлем 46,2 мың тонна) жемшөп, сондай-ақ, 44,5 мың тонна жемдік мал азығын дайындау жолында қарбалас жұмыс жүруде. 

Сонымен қатар, 12,2 мың гектар алқапқа мал азығы дақылдары себілді, оның ішінде жемдік жүгері, біржылдық, көпжылдық шөп және табиғи шабындық бар. Бүгінде шабындыққа жаппай шалғы түсіп, 44 мың тонна мал азығы дайындалды.

Биылғы жауын-шашынның аздығы, ылғалдың жеткілікті мөлшерде болмауынан шөп жақсы шықпай қалды. Бірақ, еңбеккерлер төккен теріне сай лайықты өнім алуға тырысуда.