Боксшы Бейбіт Шүменовке қатысты даудан кейін елорда полицейлері жазаланды

Уақыты: 01.08.2023
Оқылды: 710
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Елордадағы сауда әрі ойын-сауық орталығында болған бұзақылық фактісінен кейін боксшы Бейбіт Шүменовтің ісіне қатысты тексеру жүргізіліп, қызметіне салғырт қараған полицейлер жазаланды.

Бұл туралы қалалық Полиция департаментінен мәлім етілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 

Тексеру қорытындысы бойынша Есіл ауданы полиция басқармасының учаскелік инспекторы қызметінен босатылды.

Жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің кезекшісі және полицияның аға учаскелік инспекторы қызметтік талаптарды толық орындамағаны туралы ескерту алды.

Есіл ауданы полиция басқармасы басшысының орынбасары қызметінен босатылды, ал аудандық басқарманың басшысына сөгіс жарияланды.

Еске салайық, спортшы Бейбіт Шүменовке мемлекетаралық іздеу жарияланды.

Ол 18 маусымда Астанадағы «Mega Silkway» сауда ойын-сауық орталығында қолына бала ұстаған ер адамды ұрып-соқты деп айыпталады.

Елорданың Полиция департаменті Қылмыстық кодекстің 293-бабы (бұзақылық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.

Боксшы әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы өз әрекетін түсіндірмек те болды.

Фото: көрнекілікке алынды