«ЖАЛЫН" ЛАГЕРІ САЛТАНАТТЫ ТҮРДЕ АШЫЛДЫ

Уақыты: 06.08.2023
Оқылды: 735
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Облыс әкімі Алакөл ауданы Ақши ауылындағы «Жалын» жазғы-сауықтыру лагерінің ашылу салтанатына барды.


Шара барысында Бейбіт ИСАБАЕВ:
Баршаңызды Алакөлдің жағасында ашылған үлкен жазғы сауықтыру лагерімен шын жүректен құттықтаймын. Болашақ – білімді ұрпақтың қолында. Сондықтан, демалыс орнына білімде, спортта, өнерде облысымыздың намысын қорғап жүрген оқушылар жиналды. Еліміздің өркендеуіне осы талантты жастар үлкен үлес қосады деп сенемін, – деп ізгі тілегін білдірді.

Осыдан кейін аймақ басшысы халықаралық, республикалық жарыстардан жүлдемен оралған оқушыларды Алғыс хатпен және қаржылай сыйлықтармен марапаттады. Атап айтсақ, республикалық «Бастау» XVI математикалық олимпиадасында Көксу ауданы, Қадырғали Жалайыри орта мектепгимназиясының 3-сынып оқушысы Болат Жанботаға 300 мың теңгенің, халықаралық «Туймаада» олимпиадасының 3-орын иегері, Мұхтар Арын атындағы № 24 мамандандырылған лицейінің 10-сынып оқушысы Ақбота Жұмабековаға 300 мың теңгенің сертификаты табысталды. IX халықаралық «Айбын – 2023» әскери-патриоттық жастар жиынының 3-орын иегері Талдықорғандағы Б. Жолбарысұлы атындағы №18 орта мектеп-лицейінің «Жас десантшылар» әскери-патриоттық клубына 500 мың теңге берілді. Өзбекстанда өткен «Арена танцев» халықаралық хореографиялық өнер байқауының жеңімпаздары Көксу ауданындағы «Өнер мектебі» «Кербез» жоғары би тобы 1 млн. теңге ақшалай сыйлықпен марапатталды. Республикалық ұлттық мектеп лигасында топ жарған жетісулық волейболшы қыздарға да 1 млн. теңгенің сертификаты табысталды.

Мердігер «Дәулет-Серпін» ЖШС салған жазғы демалыс орнына 1 млрд. 15 млн. теңге бөлініпті. «Жалын» жазғы сауықтыру лагері әрқайсысы 20 орынға арналған 5 корпустан тұрады. Ғимараттаң жалпы алаңы 11709 шаршы метр. Жазғы сауықтыру лагерінде 100 орынды Мәдениет үйі, 60 орынды асхана, 5 балалар ойын алаңы, 1 жаттығу спорт алаңы, 10 демалыс орны бар. Сонымен қатар, кешен интерактивті тақтамен, компьютерлермен, спорттық ойындарға арналған құрылғылармен, музыкалық аспаптармен жабдықталған. Қазір Әлия Смағұлова басқаратын лагерьде 13 адам жұмыс істейді. «Жалын» жазғы сауықтыру лагерінің алғашқы ауысымында облыстағы халықаралық, республикалық олимпиада, ғылыми жоба байқауларының жеңімпаздары мен спорт, өнер бағытындағы дарынды балалар демалуда. Келесі ауысымда облысымыздағы әскери патриоттық клубтары, кадет сыныптары, «Жас Сарбаз» қозғалысы және Республикалық дебаттық қозғалысының жеңімпаздары демалатын болады.

Айдар ҚАЛИЕВ