СЕНАТОРЛАР ЖҰМЫСЫ САРАПТАЛДЫ

Уақыты: 08.08.2023
Оқылды: 752
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Елімізде өткен жылдан бері саяси реформалар жүзеге аса бастады. Әуелі халық жаңа үдерістің легімен ел президентін жеті жылға сайлады. Мұнан соң ҚР Парламентінің қос палатасы, әуелі Сенат, артынша Мәжіліс депутаттары халықтың таңдауымен өз жұмысын бастады. Жетісу өңірінен қос палатаға 11 депутат сайланып, облыс халқының үнін Үкіметке, Мемлекет басшысына жеткізіп, бұқара мен билік арасындағы алтын көпір болуға ант қабылдады. Содан бері біршама уақыт өтті. Апта басында Жетісу облыстық қоғамдық кеңес отырысы өтіп, аталмыш жиында мінберде жүрген халық қалаулыларының атқарған жұмысы сарапқа салынды.


Отырыстың шымылдығын кеңес төрағасы Ерғазы Қошанбеков түріп, еліміздегі, өңірдегі өрелі істерді жіпке тізгендей баяндап, саяси үдерістің тінін тарқатты. Мұнан соң сөз кезегі ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ғалиасқар Сарыбаевқа тиді. Сенатор сайланғанына көп болмаған қос палаталық құрылым атқарған бар шаруаны баян етті. Оның айтуынша, бұған дейін кемшін қалып келген әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешу халық сенім артқан депутаттардың құзыретінде.

 – ҚР Парламенті Мәжілісінің сайлауы өткенше Сенат 32 отырыс өткізіп, 36 заң қабылдады. Ал төменгі палата өкілдері сайланған соң 86 Заң жобасына өзгерту енгізіп, уақыт талабына сай түрлендірдік. Еліміздегі саяси реформаның айқын жемісі – сыртқа заңсыз шығарылған қаражатты елге қайтаруға негіз болатын заң жасақтадық. Мемлекет басшысы аталмыш құжатқа қол қойып, халықтың үміті ақталды. Парламенттің қос палатасы бірлесіп саяси реформаны одан әрі жетілдіру мақсатында халықаралық парламенттік институттармен, ірі саяси ұйымдармен 96 мәрте кездесу өткіздік. Мұның бәрі құрғақ сөзбен ауыз сүрту емес, нәтижелі жұмысқа бастайтын қадам, – деді Ғалиасқар Сарыбаев.

Жиында сөз алған ҚР Парламенті Сенатының депутаты Амангелді Төлемісов елдегі әлеуметтік мәселелерді шешу жолындағы қос палатаға жүктелген міндеттер жайын таразылады. Оның айтуынша, кемшін дүниелерді шешуде халық қалаулылары аянып қалмайды.

 – Еліміздің барлық өңірінде сапарда болып жүрмін. Көп өңірдегі әлеуметтік мәселелердің түбі бір, төркіні жақын. Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» концепциясы халықтың мұң-мұқтажын тыңдап қана қоймай, оны шешудің жолын қарастыру міндетін жүктейді. Ел сенім артқан азаматтар ретінде Парламент қабырғасында әлеуметтік мәселелерді шешуге бар жігерімізді жұмсаймыз, – деді Амангелді Төлемісов.

Мұнан кейін кеңес отырысында күн тәртібіндегі мәселелер қаралып, пікір алмасылды.

Дастанбек САДЫҚ