ВАКЦИНА АЛМАҒАНДАР ҚЫЗЫЛШАМЕН АУЫРҒАН

Уақыты: 08.08.2023
Оқылды: 683
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

«Облыстағы қызылшамен сырқаттанушылық бойынша эпидемиологиялық жағдай» тақырыбы бойынша брифинг өткізген облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Асхат Чарапиевтің баяндамасынан облыстағы қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдайдың тұрақсыздығын білдік. Одан бөлек, спикер аталған тақырып бойынша өңірде өзгеріс көп екенін жеткізді. 


– Бүгінгі таңда облысымызда қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақсыз болып қалуда және әкімшілік аумақтардың елді мекендері бойынша инфекция әртүрлі қарқынды түрде таралуда. Облыстағы қызылшаның алғашқы нақтамасымен 159 жағдайы тіркелді, оның ішінде 67 (42,1%) жағдай расталды. Негізінен 70% аурушаңдық вакцина алмаған адамдар арасында тіркелді. Жұқпа ошақтарында қызылшаға қарсы екпеден бас тартқан адамдар өздерінің туыстары мен жақындарының қызылшаға шалдығу көзіне айналды, – дейді Асхат Сәкенұлы. 

Қызылша – вируспен берілетін өте жұқпалы, ауыр түрде өтетін сырқат.  Ауру ауа-тамшы жолдары арқылы науқас адам сөйлегенде, жөтелгенде немесе түшкіргенде беріледі. Қызылша дене қызуының көтерілуі, бастың ауыруы, жөтел, мұрыннан су ағумен басталады. Егілмеген барлық балалар мен ересектерге қауіп бар. Қызылшаның арнайы емі жоқ, бірақ вакциналау арқылы сырқаттан қорғануға болады.

Қали АСҚАР