ҚАЗАҚСТАН ГЕРАЛЬДИКАСЫНЫҢ БҮГІНГІ АХУАЛЫ

Уақыты: 08.08.2023
Оқылды: 887
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: 
Бірінші мәселе Мемлекеттік рәміздерді жетілдіру қажет. Қазір кез келген елдің ықпалды болуына ұлттық брендтің әсері мол. Сондықтан, оның танымалдығын арттыра түсу керек. Ол үшін бірыңғай дизайн-кодты, ортақ стандартты сақтау өте маңызды. Рәміздеріміз бірегей ұлттық кодымызды нақты әрі айқын көрсетуі керек. Мен жақында Ассамблея сессиясында еліміздің геральдика белгілерін жетілдіру қажеттігі туралы айттым. Алдымен өңірлердің және қалалардың таңбасын бірыңғай үлгіге келтіру керек деп санаймын. Қазір олардың көбінің мазмұны және пішіні – әркелкі. Соған байланысты қоғамда жиі сын да айтылады. Бұл салаға мұқият талдау жасап, ортақ ұстанымдар әзірлеу қажет. 

Ер Түріктің бесігі Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда өңірлік рәміздер жайлы сөз қозғалды. Бұл шын мәнінде бүгінгі Қазақстан геральдикасының ең өзекті мәселесі. Өңірлік рәміздер дегеніміз – мемлекеттік рәміздердің әріптес, қанаттас өнегесі. Бұл сала дамымай Қазақстан геральдикасының туы биік болмасы анық. Сондықтан ауылдық округ, аудан, қала, облыс және республикалық мәртебеге ие қалалардың өңірлік рәміздерінің идеялық, идеологиялық, көркемдік мазмұны, стандарты, жүйелілігі, геральдикалық сипаттамасы, бейнелік, құрылымдық, пішіндік, т.б. шарттары мемлекеттік рәміздермен үндесе ме, Жаңа Қазақстанның мемлекетшіл мүддесіне жауап береме – сол маңызды. 


Бірақ, өкінішке қарай, қолданыстағы өңірлік рәміздерде аталмыш өңірдің ерекшелігін ескеру, негізгі деген белгілерді, бейнелерді алға шығару, таныстыру көрініс тапқанымен мәнсіз, талғамсыз, кемшін тұстары да жетерлік. Олардың басым көпшілігінде «Ел бір, мемлекеттік мүдде ортақ» екенін айқындайтын басты идея көрінбейді. Рәміз бен идея арасында сабақтастық, үйлесімділік шашыраңқы. Шарттылықтар әркелкі. Жаңа Қазақстандық бірегейлікті нығайту мен дамыту жолында аумақтық-этникалық, тілдік-конфессиялық қауымдастықтарды біріктіріп, азаматтардың патриоттық санасын қалыптастыратын әлеуетке ие өңірлік рәміздер – Қазақстанның әкімшілік-аумақтық бірліктерін тарихи-географиялық, этнографиялық жағынан сәйкестендіруді оңтайландырып, жергілікті билік пен халықты байланыстыратын идеологиялық құрал болып табылады. Алайда олардың стилистикасы, көркемдік, семантикалық мазмұны мемлекеттік саясат пен ұлттық құндылықтардың басымдығын көрсететін элементтерді құрамайды. Әр өңірдің өз рәмізі болуы өскелең ұрпақтың жүрегіне туып-өскен өңіріне деген сүйіспеншілігі мен патриоттық сезімін ұялатып, оның жарқын болашағына деген нық сенімін оятады. Қазіргі таңда Қазақстандағы 17 облыстың 13-де, 3 мегаполис қаланың 3-де, 186 ауданның 137-де, 89 қаланың 33-де өңірлік рәміздері бар. Мәдениет және спорт министрлігінің 2015-2023 жылдары жүргізген мониторингтері Қазақстанның әкімшілік-аумақтық бірліктерінің өңірлік рәміздерін әзірлеу, бекіту, қолдану және пайдалану жүйесінің дамымағанын көрсетті. Аймақтарда өңірлік рәміздерді мәдени-көркемдік безендіру, идеялық жетілдіру және нормативтік құқықтық актілермен бекіту тәсілдерін регламенттейтін әдіснамалық және заңнамалық база жоқ. Өңірлік рәміздерді бекіту  біресе мәслихаттардың шешімдерін, біресе әкімдіктердің қаулыларын, енді бірде әкімдердің өкімдерін немесе конкурстық комиссиялардың хаттамалық шешімдерін қабылдау арқылы жүзеге асырылып келеді. Астана мен Алматы қаласын қоспағанда, жергілікті атқарушы органдар (әкімдік) мен жергілікті өкілетті органдардың (мәслихат) тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктерінің өңірлік рәміздерін бекіту жөніндегі заңнамалық өкілеттіктері айқындалмаған. Қолданыстағы заңнамада да өңірлік рәміздерді әзірлеу, бекіту, қолдану және пайдалану нормативтік құқықтық актілермен реттелмеген. Осыған орай Жаңа қазақстандық қоғамның саяси-әлеуметтік, мәдени-рухани саласын қайта құру кезеңінде гуманитарлық ғылым өкілдері, сәулет, дизайн, бейнелеу өнері мамандары күш біріктіріп, «Қазақстан геральдикасы» тұжырымдамасын жасап, дизайн, архитектура мамандықтары бар жоғары оқу орындарындағы тарих және өнер факультеттері жанынан «Қазақстан геральдикасы» атты элективті курс ашып, колледждер мен мектептерде стартап үйірмелерін ұйымдастырып, қазіргі заманғы даму реалийлері мен перспективаларын бейнелеу арқылы өңірлік рәміздерді әзірлеу, бекіту, қолдану және пайдалану жүйесінде заңмен бекітілген ереже мен әдістемелік нұсқаулықты енгізу қажет. 

Осы орайда өзендер өрнектеген өлкенің төлтаңбасы туралы айта кетейін. Жетісу облысының өңірлік рәмізі шеңбер ішінде орналасқан. Шеңбердің шеті қошқар мүйіз ою-өрнегімен көмкерілген. Ою-өрнек түсі Мемлекеттік Тудың көк және алтын түсіне негізделген. Өңірлік рәміздің негiзі – шаңырақ мемлекеттiң іргетасы, отбасының бейнесiн білдіреді. Оның ортасында Жетісу Алатауы, Талдықорған қаласындағы Жетісу монументі мен Ұлы Жібек жолындағы Керуен көші (жеті түйе) бейнеленсе, жоғары жағында «Жетісу облысы» деп жазылған. Су толқындарындағы сары және көк жолақтар – Жетісу жеріндегі жеті өзенді білдірсе, Тамғалы петроглифтері мен ортекелер – Жетісу өңірінің тарихи-мәдени мұрасын айшықтайды. (авторы Есет Дәуренбаев, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі). Бұл өңірлік рәміз ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Сараптамалық кеңесінің талқылауынан өткен.

Енді геральдика саласын қадағалайтын құрылымдар жайлы бірер сөз айта кетейін. Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 30 қыркүйектегі №155 Жарлығымен Мемлекеттік рәміздер жөніндегі республикалық комиссия құрылған. Комиссия мемлекеттік рәміздер мен ведомстволық және оларға теңестірілген өзге де наградалар геральдикасы мәселелерімен айналысады. Сондай-ақ, Мемлекеттік ту, Елтаңба, гимнді орналастыру, ауыстыру ережелерінің бұзылмауын, орнатылған мемлекеттік рәміздердің техникалық және басқа да талаптарға сай келуін қадағалайды. Комиссияға облыстардағы мемлекеттік органдар мен ұйымдардың Мемлекеттік рәміздерді пайдалану стандарттарын сақтауы бойынша жүргізілген мониторинг нәтижелері ұсынылады. Облыс әкімдерінің мемлекеттік рәміздерді пайдалану, қолдану және насихаттау жөніндегі баяндамалары, сонымен қатар орын алған кемшіліктерді жою шаралары туралы есептері тыңдалады. Республикалық комиссия отырысы жылына екі рет өткізіледі.

Сараптамалық кеңес (толық атауы – Мемлекеттік рәміздер және геральдикалық белгілер мәселелері жөніндегі ғылыми-консультативтік орган). 2015 жылы Мәдениет және спорт министрінің 10 желтоқсандағы № 380 бұйрығымен Мемлекеттік рәміздер және геральдикалық белгілер мәселелері жөніндегі ғылыми-консультативтік орган – сараптамалық кеңес құрылған. Сараптамалық кеңес Мемлекеттiк рәміздер мен геральдикалық белгілерді әзірлеу, пайдалану және жетiлдiру туралы ұсыныстарды әзірлеп, Мемлекеттiк рәміздер мен геральдикалық белгілер мәселелері жөнiндегі нормативтік құқықтық базаны жетiлдiреді. 

Геральдикалық зерттеулер орталығы (толық атауы – «Геральдикалық зерттеулер орталығы» республикалық мемлекеттік мекемесі). 2021 жылы Мемлекеттік рәміздер мен ведомстволық және оларға теңестірілген өзге де наградалар геральдикасы мәселелері жөніндегі Республикалық комиссиясының 10 маусымдағы отырысының хаттамалық тапсырмасына орай Үкімет басшысының 31 наурыздағы № 195 қаулысымен Мәдениет және спорт министрлігінің «Геральдикалық зерттеулер орталығы» республикалық мемлекеттік мекемесі құрылды. Орталыққа жеке және заңды тұлғалардың мемлекеттік рәміздерге құрметпен қарауды қалыптастыру және ведомстволық және оларға теңестірілген өзге де наградалардың геральдикалық сипаттамасын жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеу функцияларын іске асыру міндеті жүктелді. Орталық Мемлекеттік рәміздерді насихаттау мен қолдануды және геральдика саласында мемлекеттік стиль қалыптастыру бағытында жүргізілетін іс-шараларды жүзеге асырады. Геральдикалық зерттеулер орталығы 2021 жылы Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевтың қолдауымен  «Қазақ геральдикасы» атты кітап-альбом шығарса, 2022 жылы Мемлекеттік рәміздердің 30 жылдығына орай, Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің қолдауымен «Қазақ геральдикасы» фотоальбомын көпшілікке ұсынды. Аталмыш екі жинақ та геральдика тарихын көне дәуірлерден тартып, ортағасырлық кезеңдерден өткізіп, кешегі хандық, еуропалық, ресейлік, алаштық, советтік кезеңдерге ұластырып, бүгінгі тарихпен жалғастыра білуімен құнды. 

Сонымен Президенттің бастамашылық миссиясы геральдика мамандарын ойлантып, Қазақстан геральдикасын сәттіліктерге жетелейді деп сенеміз. Осы орайда өз ұсынысымызды да айта кеткенді жөн көрдік. Заң бойынша Қазақстанның әкімшілік-аумақтық бірліктері (өңір, елді мекен) мемлекеттің құрамдас бөлігіне жатады. Осыған сәйкес ауылдық округ, аудан, қала, облыс және республикалық мәртебеге ие қалалардың өңірлік рәміздері мемлекеттің мемлекеттігін айқындайтын геосаяси белгілердің бірі болып табылады. Сол үшін өңірлік рәміздерді «төлтаңба» деп атауды ұсынамын. Мәселен, бөтен жұрттарда үй де, пеш те, елтаңба да тік төртбұрышты болса, біздің елтаңба дөңгелек шеңбер пішінді. Бұл – қазақстандық үлгі, киіз үй мен ошақтың бейнесі. Төлтаңбаның да осы үлгімен жасалғаны дұрыс. Төлтаңба – әр аймақтың саяси-экономикалық әлеуетін, мәдени-рухани әлемін, тарихи-этнографиялық кеңістігін, әлеуметтік дамуын, экологиялық флорасы мен фаунасын, табиғи пейзажын, қазба байлығын, географиялық орналасқан жерінің ерекшелігін, тұрғындарының жарқын болашаққа деген ұмтылысын бейнелейтін және жергілікті билік пен халықтың арасын байланыстыратын өңірлік рәміз болып табылады. Және ауылдық округ, аудан, қала, облыс және республикалық мәртебеге ие қалалардың жаңа даму сатысын айқындап, сол өңірдің беделін арттырады. Осы жердегі басты мәселенің бірі – төлтаңба терминін лингвистикалық тұрғыдан заңдастыру қажет.

Айдын Рысбекұлы,
Мәдениет және спорт
министрлігі Мемлекеттік
рәміздер және геральдикалық белгілер мәселелері
жөніндегі сараптама кеңесінің  геральдист-сарапшысы