"Әр адам сөзіне және ісіне жауапты болуы керек": Аида Балаева жалған ақпарат тарататын болгерлерге қатысты айтты

Уақыты: 14.09.2023
Оқылды: 486
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева блогерлерге қатысты «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» заңның орындалу тәртібін түсіндірді, деп хабарлайды 7-su.kz желілік басылымы. 

Аида Балаеваның айтуынша, жаңа заң бойынша жалған ақпарат таратуға қатысты мониторинг аясы кеңейген. 

Министрлік заңсыз контентті анықтау бойынша үнемі мониторинг жүргізіп отырады. Соның ішінде есірткі заттарын тарату, порнография, экстремистік сипаттағы материалдар және тағы басқа мәселелер бар. Жаңа заңнан кейін бұл тізім кеңейіп отыр. Мониторинг бұрынғыдай жалғаса береді. Заң жобасы бүгінде ақпарат тарататын блогерлердің жауапкершілігін қарастырады. Әр адам сөзіне және ісіне жауапты болуы керек. Заң бар, жалған ақпарат таратқаны үшін нақты жауапкершілік көрсетілген, - деді сала министрі.

Осы ретте жалған ақпарат таратқандарға қандай шара қолданылатыны да көрсетілген.

- Жеке тұлғаларға - 20 АЕК (69 000 теңге);
- Кәсіпкерлік қызметпен айналысатын блогерлерге – 30 АЕК (103 500 теңге);
- Шағын кәсіпкерлік субъектілері, коммерциялық емес ұйымдарға - 40 АЕК (138 000 теңге);
- Орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 80 АЕК (276 000 теңге);
- Ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 100 АЕК (345 000 теңге) көлемінде әкімшілік айыппұл салынады.

Фото: gov.kz