Бейбіт Исабаев «Ұлы Дала жорығы» бәйгесінің жеңімпаздарын құттықтады

Уақыты: 23.09.2023
Оқылды: 491
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Азамат пен қазанаттың бағы мен бабы қатар сыналар ұлы додада Жетісудың жалауын желбіретіп, мәре сызығын бірінші болып кескен шабандоздардың мерейі тағы бір мәрте тасыды. Облыс әкімі  Бейбіт ИСАБАЕВ «Ұлы Дала жорығы» атты республикалық марафон-бәйгеде топ жарған өңірдің құрама командасын қабылдап, ерекше құрмет көрсетті.

Аттың құлағында ойнайтын жігіттердің жетістігі тек Жетісудың ғана емес, бүкіл қазақ елінің абыройы, ұлттық спортты әлемге әйгілейтін жарыс екенін айтқан Бейбіт Өксікбайұлы:

– Сіздер баба жолын жаңғыртып қайттыңыздар. Жаугершілік заманда ел басына күн туғанда батырлар атқа қонып, мыңдаған шақырым жер жүретін. Сондай ұрпақ әлі де бар екенін дәлелдедіңіздер. Бұл тек жарыс емес, оның астарында ұлы мұраттар жатыр. Ұлттың салт-дәстүрі, құндылықтары бар. Сондықтан спорттық шеберліктеріңізді шыңдай беріңіздер, жетістіктеріңіз көбейсін, – деп жалпы облыста ұлттық спортқа лайықты көңіл бөлініп жатқанын баян етті. – Көксу ауданында Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен қазақы тазы мен төбетке арналған орталық салынады. Онда жеті қазынаның бірі саналатын таза қанды итті көбейтіп, қажет болса өзге өңірлерге де беруге жағдай жасалады. Сол секілді  кейін құсбегілікпен айналысатындар үшін де арнайы нысан тұрғызамыз.

Астана – Түркістан бағыты бойынша 1300 шақырым қашықтықтан тұратын «Ұлы Дала жорығы» республикалық марафон-бәйгеде Жетісу облысының құрама командасы 93 сағат 47 минут 43 секунд уақытта келіп, 1-орынды иеленді. Сонымен қатар, 1300 шақырымды 1 атпен бағындырған жетісулық шабандоз Ермек Елдос финишқа 100 сағат 04 минут 34 секундта, 2-болып келді.

Салтанаты жарасқан жиында сөз алған команданың аға жаттықтырушысы Рүстем Досжанов:

– Ұлттық спортты қолдап жатқандарыңызға көп рақмет. Алла қаласа, алда үлкен жарыстар келе жатыр. Дүниежүзілік  көшпенділер ойынында топ жаруға уәде береміз. Ұлттық спортымыз өркендей берсін. Сіздердей қамқоршылар барда ұлттық құндылық өлмейді. Жетісудың жігіттері мен жылқысы мықтылық пен шыдамдылық әрі жылдамдық танытты. Басқа өңірдің арғымақтарына қарағанда біздікінің шоқтығы биік, адымы үлкен болды. Арнайы ойластырылған жоспар бойынша екінші келген қарсыласты екі сағат артқа қалдырып, бірінші келуге мүмкіндік туды, – деді.

Жиын соңында шабандоздарға облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттары табысталды. Сондай-ақ, 1 миллион теңгенің сертификаты мен бағалы сыйлық та тарту етілді. Өз кезегінде команда мүшелері арнайы кубокты Бейбіт Өксікбайұлына сыйлады.

Мәулен ӘНЕРБАЙ
Суретті түсірген Жеңіс ЫСҚАБАЙ