ТИІМСІЗ ЖҰМСАЛҒАН ҚАРАЖАТ КӨЛЕМІ КӨП

Уақыты: 30.09.2023
Оқылды: 818
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Достық үйінде облыстық қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Онда Тексеру комиссиясы төрағасының есебі тыңдалып, аймағымыздағы мемлекеттік қызметтер сапасын жақсарту мәселесі талқыланды.

Алқалы жиынды ашып, жүргізіп отырған облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Ерғазы Қошанбеков алғашқы тақырыпқа байланысты сөз кезегін тексеру комиссиясы төрағасы Ардақ Тоқбергеновке берді. Оның айтуынша, жыл басынан мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау бойынша 71 нысанға тексеріс жүргізілген. Нәтижесінде тексеру комиссиясы 900 мыңға жуық тиімсіз пайдаланылған қаражатты анықтапты.

– Қазақстан Республикасы заңнамасы нормаларының, сондай-ақ, квазимемлекеттік сектор субъектілері актілерінің барлық анықталған бұзушылықтары 3 609 506, 3 мың теңгені құрайды.  Жетісу облысы бойынша тексеру комиссиясы 2023 жылдың 1 жартыжылдығында уәкілетті органдарға әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс қозғау үшін 113 материал жолдады. Оның 99-ына тиісті әкімшілік хаттамалар жасалды және бюджетке 8 320, 4 мың теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл сомасы түсті. Сонымен қатар, сот органдарына 11 материал жолданып, жалпы сомасы 2570, 2 мың теңгеге әкімшілік айыппұл салынды. Тәртіптік жауапкершілікке 38 адам тартылды, – дейді Ардақ Айдарқұлұлы.

Жиында кеңес мүшелері тексеру комиссиясы жұмысының ашықтығына кеңінен тоқталып, салаға қатысты кемшіліктерді айтты. Кеңес мүшелері мен Тексеру комиссиясы бірлесе жұмыс істейміз деген шешімге келді.

Осыдан кейін отырыста жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік қызмет көрсету мәселесі талқыланды. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жетісу облысы бойынша департаменті «Е-лицензиялау» ақпараттық жүйесі арқылы жер қатынастары саласындағы мониторинг жүргізген. Нәтижесінде жобаға қатысты ақпараттық қателіктер анықталған. Мәселен, жер телімінің жоспарын мемлекеттік органдар үшінші тұлғамен келісуі қажет. Бірақ, жүргізілген талдау жердің меншік иелерінің келісімінсіз жерге орналастыру жобасын бекіткен.

Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істер агенттігінің Жетісу облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Айнұр Мейрханова: «Бүгінде мемлекеттік қызмет көрсетуге қашықтан талдау жасалып, салаға қатысты бірқатар кемшілік анықталды. Осыған орай жауапты мамандармен жұмыс жасап жатырмыз. Бұл мемлекеттік қызметтің сапасын арттыруға септігін тигізеді», – деді.

Айдар ҚАЛИЕВ
Фото: ғаламтордан алынды