Көрген де, көрмеген де армандаған думан

Уақыты: 30.09.2023
Оқылды: 669
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Қадыр-Мырза Әлінің «Қазақ осы» өлеңін оқып, одан туған әнді де тыңдаған шығарсыз?! Сол өлеңде «Қазақ осы күй шығарып, ән салып, көкпар тартып, қыз қууға жаралған» дейтін тұсы ұлтымыздың шынайы келбетін айшықтай түсетінін қайтерсіз. Хакім Абай айтпақшы, дүниеге келмегі де, кетпегі де әуенмен әрленген қазақтың болмысы ән мен күйден, той мен думаннан құралған десек, оның айқын дәлелі Ескелді ауданында айшықталды. Қалай дейтініңіз тұр. Түсіндірелік. Жеті өзеннен нәр алған өңірдің әр ауданында «Жер жаннаты – Жетісу» Мәдениет күндері байқауы өтуде. Біршама аудан мен Текелі қаласы өз нақышында айтулы байқауға шама-шарқынша өнерін паш етті. Ал Ескелді ауданы ше?

Межелі күнде ауарайы қолайсыз мінез танытып, өтуі тиіс думан кейінге шегерілді. Қою бұлт төбеден төніп, аспан төсін тілгілей долыланған жасын мен сілкіне жауған жауын астында қанша өнерпаз болсаң да, тыңдарманың мен көрерменің болмаса думандатпайтының анық. Өйткені сырнайдан төгілген саз да, мың бұралған би де халық үшін. Сонымен, аудандағы бір аптаға кешіккен той-думан ай соңында мамыражай уақытта халық назарына ұсынылды. Тарқатайық...

Әлемде қазақтан артық сөз айтқан, қазақтан артық артына даналық қалдырған жұрт жоқтай көрінеді кейде. Бәлки, осы ұлттың ұрпағы болғасын сана төрінде атой салған ой болар. Бірақ, шыны сол баба жұрт «Көрген де арманда, көрмеген де арманда» демей ме?! Дәл сол жай Ескелді ауданында орын алды. Баба атын меншіктеген ауданның әкімі Елдос Ахметов бастаған топ тағзымнан бастады. Ескелді бабаның ескерткішіне тәу етті. Әдетте Аллаға сыйынбай, аруаққа тағзым етпей тірлік етпейтін қазақ жоқ қой.

Мұнан соң, аудан жезтаңдайлары мен күміскөмейлерінің өнерін бағалауға келген арнайы комиссия мүшелерін ерткен аудан басшысы денешынықтыру-сауықтыру кешені алаңындағы салтанатты шараға бет бұрды. Қадірлі меймандарды ақ кимешекті әжелер шашумен, өнерпаздар күмбірі күллі қазақтың табиғатын суреттейтін домбырамен қарсы алды. Мұнан соң қонақтар аудан жұртшылығы, оның ішінде ауылдық округтер жайған көрмемен танысты. Жалпы, Ескелді ауданынан еңбектен тау тұрғызған толағай тұлғалар, елге қара сөздің қаймағын татырған ақын-жазушылар, ғылым мен ілімнің құдығын инемен қазған ғалымдар көптеп шыққан. Солардың әрқайсысына бөлек-бөлек көрме ұсыныпты мұндағылар. Екі мәрте Еңбек Ері атанған Нұрмолда Алдабергеновтің көзі тірісінде тұтынған бұйымдары мен сол кісімен тұстас әрі маңдай терін сылып еңбек еткен атпал азаматтар жайындағы мағлұматтар қойылған ақ шаңқан үй талайды тамсандырды.

Айта кететін жайт, аудан ұсынған көрме қатарында тек тарихтың сарғайған парағынан сыр шертетін бұйымдардан өзге «Хильниченко и К» ұжымы қойған азық-түлік өнімдері алыстан менмұндалайды. Аталмыш ұжым өздері өндіретін макаронның 8, шұжықтың 18, 8 түрін әкепті. Қазақстанның түкпір-түкпіріне Ескелді ауданында жасалған өнім танымал десек, жаңсақтық болмас. Тұтынушыға өнімін түрлі формада ұсынып жүрген «TekTau» бал өндіруші кәсіпорны да, өңірдегі ең үлкен «Сәлем-Құс» бөдене фермасы да ұсынған өнімдер талайдың таңдайын қақтырды. Мақсат Жұмабаев тізгін тартқан Көкжазық ауылдық округінің өкілдері нағыз ұлттық тағамның сан түрін дастарқанына қойып, келушілерді таң-тамаша етті. Мұндағы ағайын құрттың 8, ірімшіктің 6 түрін ұсынды. Асқан дәмнен байқаусыз саусақ тістегендер де болды. Жалы мен жаясы, қазы мен қартасы көздің жауын алатын үлкен астаудағы ауқаттан келген мейманның дені дәм татып, таңданысын жасырмады. Сонымен қатар, Жұманұр Шәмен есімді шебердің ағаш ыдыстары тіпті, сүйсіндірді. Көрмені көргендер «бола түссе, мұндай думан тоқтамаса» десті, сезем.

Артынша мезіретті мереке концерттік шараға ұласты. Шара ауданның абыройын спортта да, мәдениетте де, жалпы, өнер атаулының барлығында асқақтатқан майталмандардың шеруімен басталды. Талай додада делебені қоздырған Тайбурылдай тұлпар да, желген аң мен ұшқан құсты құр жібермейтін ит пен құстың тағылары да осы ауданнан шыққан дерсіз. Ескелді бидің образындағы әртістің бастаған өнер көші соны айғақтайды. Алпыс екі тамырды идірген ұлттық нақыштағы сол көштен соң сөз алған аудан әкімі Елдос Ахметов жұртшылықты құттықтап, аудан жеткен жетістіктерді тізбектеді. Әр сала бойынша тоқталып, қаймағы бұзылмаған ескелділіктерді бір тебірентті. Мұнан соң қазақтың маңдайына біткен атпал тұлғалардың мерейтойларына орай даярланған қойылымдар, аудан күміскөмейлері шырқаған әндер лек-легімен көрерменнің көңіл сарайын тербей түсті. Хош, ауданның даярлаған думаны «Жер жаннаты – Жетісу» шарасының шынайы болмысын аша түскендей. «Көрген де, көрмеген де арманда».

Дастанбек Садық
Ескелді ауданы