Бейбіт Исабаев жұмыс сапарымен Текелі қаласына барды

Уақыты: 04.10.2023
Оқылды: 597
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Облыс әкімі Бейбіт ИСАБАЕВ жұмыс сапарымен Текелі қаласына барды. Тұрғындармен кездесіп, жеке мәселелеріне құлақ түрді. Шешу жолдарын қарастырды. Жауаптыларды тыңғылықты іс атқаруға міндеттеп, нақты тапсырмалар берді.

Аймақ басшысының жеке қабылдауына жазылған адамның қарасы көп болды. І топтағы мүгедек баланың анасы Гүлжан Байбуринова Текелі қаласындағы «№2 психологиялық-педагогикалық түзеу мекемесі» КММ ғимаратының күрделі жөндеуді қажет етіп тұрғанын айтты. Сонымен қатар, екі қабатты ғимаратқа лифті орнатып беруді сұрады. 

Бұл мекеменің жай-күйімен қала әкімі мен қалалық білім бөлімінің басшысы да толық таныс екендерін мәлімдеді. Аталған мекемені күрделі жөндеуден өткізуге, лифті орнатуға 600 миллион кетеді деп есептеген қала әкімі Алмас Әділге облыс басшысы «Кірпіштері алтыннан ба?» деген сауалды төтесінен қойды. Дұрыс есеп жүргізбегенін, тыңғылықты іс тындырып отырмағанын айтып, сынға алды. Бюджет қаржысының орынды жұмсалуы керектігін де алға тартты. Мәселе көтере келген Гүлжан Байбуриноваға аталған істің қайта қарастырылатынын жеткізді.

Текелі қаласының тұрғыны Назым Бекеева жол жүру құнының шарықтап тұрғанын айтып, аймақ басшысына шағынды. Текелі мен Талдықорған қалааралық бағытын іске қосу мәселесін көтерді. Текеліден облыс орталығына қатынау үшін таксиге күніне 700-800 теңге жұмсайды екен. «Екі ортаға автобус шығарылмаса Талдықорғанда жұмыс істейтін текеліліктер мен қатынап оқитын студенттерге қиын», – дейді. Текелі қаласы Талдықорғанға жақын болғандықтан оқу ордаларының білімгерлерге жатақхана бермейтінін де атап өтті. Облыс әкімі Бейбіт Өксікбайұлы бұл мәселенің алдағы уақытта шешіліп, бір жолға қойылатынын айтты. Қала әкіміне тапсырма берді.

Самал Телтаева облыс әкімінің қабылдауында №3 бөбекжай-балабақшасының ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу мәселесін көтерді. Аталған мекеме күрделі жөндеуден 10 жыл бұрын өткен. «Содан бері еш жері жаңартылмады», –  дейді балабақша қызметкері. Шаһарда орналасқан балабақшаның жылу жүйесі де тозған. Ал қала басшылары болса, бұл ғимараттың жылу жүйесін ауыстырып, тек ағымдағы жөндеуден өткізу керектігін алға тартады. Абаттандыру мәселесін де шешетіндеріне сенімді. Бейбіт Исабаев балабақшадағы олқылықтың орнын толтыру үшін жауапты мамандарға жүк артты. 

Жеке қабылдау барысында газ мәселесі де көтерілді. «Текелі тау-кен өңдеу кешені» ЖШС қызметкері Максим Солощенко «Достық» шағынауданының жеке тұрғын үйлерін табиғи газға кезең-кезеңімен қосу мәселесін жеткізіп, «Текелі қаласы газдандыру жұмысын 2024 жылы аяқтап үлгере ме?» деген сауал қойды. Оның құны қанша болатынынан ақпар алды.

Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев Текелі қалалық Мәдениет үйінде тұрғындармен кездесіп, өңірдің өркендеуіне қажетті салалардың жұмысын таныстырды.

– Биыл 1-ші қыркүйекте Парламент палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты халыққа Жолдауын жариялады. Жолдауда елдің алдағы әлеуметтік-экономикалық бағдары айқындалып, реформалардың жаңа экономикалық саясатпен ұштастырылатынына баса мән берілді. Сондай-ақ, ел экономикасында өңдеуші кәсіпорындар мен тау-кен өнеркәсібі, қорғаныс-өнеркәсіп кешені, ауылшаруашылығы, энергетика, көлік-логистика, қаржы, цифрландыру, су ресурстары, креативті индустрияны дамыту, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін қолдау жөнінде нақты міндеттер қойылды, – деген Бейбіт Өксікбайұлы Жолдау жүктеген міндеттерді түсіндіріп өтті. – Бұл орайда атқарушы билікке үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылту жолындағы жүйелі жұмыстар жалғасып, шешім қабылдау ісіне азаматтардың тікелей қатысу мүмкіндігі біртіндеп арта түспек. Мәселен, соңғы екі жылда ауыл, кент және ауылдық округ әкімдерін халық сайлай бастады. Бұдан былай аудан және облыстық деңгейдегі қалалардың әкімдері де сайлана бастайды. Бұл пилоттық жобаға біздің облыстан Сарқан, Кербұлақ аудандары еніп отыр. Осы екі ауданда әкімдер сайлауы биылғы қарашада өтеді.

Облысымыз құрылғалы бері аудан, қала халқымен 25 кездесу өткіздім. Текелі қаласының халқымен бүгін 3-ші есепті кездесуім. Әр кездесуде қаладағы өзекті мәселелерді өздеріңіз үнемі көтеріп жүрсіздер. Сол мәселелерді шешу үшін, Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес экономиканың тұрақты өсімін қамтамасыз етіп, халықтың табысын арттыру, өмір сүру деңгейін, тұрмыс-жағдайын жақсарту үшін біз барлық шараларды қабылдап келеміз.

Облыс әкімінің айтуынша, биылғы 8 айдың ішінде облыс экономикасының барлық саласында өсім қамтамасыз етіліп, негізгі нысаналы индикаторларға қол жеткен. Атап айтқанда, ауылшаруашылығында өсім 1,2 пайызға (198,7 млрд. тг), өнеркәсіпте 6,5 пайызға (206,0 млрд. тг.), тұрғын үйді пайдалануға беру 6,8 пайызға (124,5 мың ш.м.), құрылыс жұмыстарының көлемі 1,7 есеге (98,9 млрд. теңге), сауда көлемі 1,6 есеге ұлғайып, (369,3 млрд. теңге), өңірге 11,7 пайыздық өсіммен 156,1 млрд. теңге инвестиция құйылды. Жалпы биыл барлық экономикалық көрсеткіш толық орындалады.

Жетісу жерінің қарқынмен дамуына үлес қосып отырған Текелі қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуында да оң серпін бар. Мәселен, биыл 8 айда моноқаладағы өнеркәсіп өндірісі 4,2 пайызға (25,5 млрд. теңге, НКИ-104,2%), ауылшаруашылығы 2%-ға (2,4 млрд. теңге), сауда 1,7%-ға (4,9 млрд. теңге), құрылыс көлемі 2,9 есеге ұлғайып (2,8 млрд. теңге), қолданысқа 5,7 мың шаршы метр тұрғын үй берілген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,8 есеге көп.

Қаланың өнеркәсіп саласында тіркелген 47 кәсіпорынның ішінде Текелі энергокешені, «Көксу» тау-кен компаниясы, «Суффле Қазақстан уыт зауыты», Текелі тау-кен өңдеу кешені сияқты 4 ірі кәсіп-орын 1 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Алайда, түйткілді мәселелер де жоқ емес. 2020 жылы жұмысын тоқтатқан Текелі тау-кен өңдеу кешені биыл мамыр айында іске қосылуы тиіс болатын. Алайда кешен жұмысы басталмаған. Қазір домна пешінің қозғалтқышын жөндеу жұмыстары аяқталып, қажетті шикізат сатып алынғанына қарамастан өндірісті іске қосу кешеуілдеп тұр. Оған шойын құнының арзандығы себеп болып отыр. Осыған орай кәсіп- орын басшылығы өнім сату жолдарын іздестіріп, шойын алушылармен шартқа отыру жұмыстарын жүргізуде.Кәсіп- орындағы 765 адамның 131-і жұмыс тоқтап тұруына байланысты мәжбүрлі демалысқа шыққан, оларға орташа жалақының 50%-ы төленуде.

Одан бөлек, былтыр тестілеу режимінде іске қосылған «Электромарганец» зауыты толық жұмыс істемей тұр. Өткен жылы 55 млн. теңгеге 500 тонна көлемінде темірдің сынама партиясын өндірген кәсіпорын биыл 1350 тонна өнім шығарды. Өнімі қажетті техникалық сипаттамаларға сәйкес келмейтіндіктен, стандартқа сай келетін темір мөлшері бар жоғары өнім алу үшін технологиялық жұмысты реттеу және жетілдіру үшін өндірісі тоқтатылған зауыт келер жылдың бірінші тоқсанында іске қосылуы тиіс.

Текелі қаласына келген 7,0 млрд. теңге инвестиция көлемі облыс бойынша 7-орынды көрсетіп тұр. Жыл соңына дейін құны 600 млн. теңге болатын 3 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланған. Осыған орай моноқала әкіміне жекелеген инвестиция көлемін ұлғайтуды тапсырған Бейбіт Өксікбайұлы шағын және орта кәсіпкерліктің 1,8 мың нысанының 3,8 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтып отырғанын, «Суффле Қазақстан уыт зауыты» ірі кәсіпкерлік санатына көшкендіктен облыстық бюджет түсімі биыл 21,6%-ға азайғанын, 1 қыркүйекте төленбеген салық 62,9 млн. теңгені құрағанын атап өтіп, «Ауыл аманаты» бағдарламасына Текелі қаласынан 10,5 млн. теңгеге 3-ақ өтінім түсіп, оның екеуі ғана мақұлданғанын сынға алды. Осыған байланысты қала әкіміне аталған бағдарламаны халыққа кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізуді жүктеді.

Өткен кездесуде моноқала әкіміне «Green House» жылыжайын іске қосу үшін инвестор табу тапсырылғанын еске алған облыс әкімі Бейбіт Исабаев дәл қазір екі компания жылыжайдың жұмысын жандандыруға кірісіп жатқанын жеткізді. Сонымен қатар, Текеліде тағы бір жылыжай салу үшін «Global Mercury group» ЖШС-на 11,5 гектар жер телімі бөлініп отыр. Бұл компания жылыжайда өсетін дақылдарды және жылына 25 млн. консерві дайындап, көршілес ҚХР-ға экспорттауды көздейді.

Таулы аймаққа сұғынып жатқан Текелі қаласында мал басы өсіп, едәуір көрсеткішке жеткен. Мысалы, ірі қара 5,6 мың басқа, қой мен ешкі 6,9 мың басқа, жылқы 373 басқа, үй құсы 60,3 мың басқа жеткен. Осыған орай, қаладағы ветеринариялық қызметті жақсарту үшін биыл 42 млн. теңге бөлінсе, былтыр қыркүйек айында іске қосылған ветеринарлық модульдік пункті 1 арнайы автокөлікпен және 3 компьютер жиынтығымен қамтамасыз етілген. Қазан айында «VET–MOBILE» мобильді қосымшасын іске қосу үшін 1 дана планшет сатып алынды.

Барлық жер көлемі 8,9 мың гектарға тең моноқалада мал ұстау үшін 286 гектар жайылымдық жер бекітілген. Қала қорына қарайтын 1980 гектар жердің 1160 гектары жеке ауладағы мал жаю үшін резервке қойылған. Оның 110 гектары Текелі қаласына, 1050 гектары Рудничный ауылына тән. Халықты жермен қамтуға қажетті жайылымдардың сыртқы және ішкі шегаралары мен алаңдары белгіленген карта әзірленіп, жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі жоспарға өзгеріс пен толықтыру енгізілгенін, тұрғындарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету үшін қарқынды жұмыстар жүріп жатқанын атап өткен облыс әкімі Бейбіт Исабаев бірінші орынбасары Әлібек Жақанбаевқа құрылыс басқармасы, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы, қала әкімдігімен бірлесіп тұрғын үйлердің құрылысына бақылауды күшейтуді, пәтерлерді мерзімінде беруді және мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде тұрғын үймен қамту жұмысын жандандыруды тапсырды. Одан соң қаладағы апатты үйлердің тұрғындарын жайлы баспанамен қамтуға, былтырғы кездесуде айтылған көпқабатты тұрғын үйлерінің шатырын жөндеуге, тұрмыстық қалдықты төгетін уақытша алаңды тазартуға, моноқаладағы қараусыз қалған шахталардан шыққан зиянды қалдықтарды жоюға қатысты жұмыстарға тоқталған облыс әкімі аталған мәселелер бойынша Текелі қаласының әкімі Алмас Әділді сұраққа алды.

Былтыр мамыр айында орын алған топырақ көшкіні Текелідегі үйлердің төтенше жағдайға төтеп бере алмайтынын көрсетті. Соған байланысты төтенше жағдайды жою бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары тоқтап тұрғанын атап өткен Бейбіт Өксікбайұлы биыл наурыз айындағы жеке қабылдауында көшкін жүру қаупі бар жерлерге тексеру жүргізуге жәрдем сұралғанын, соған орай облыстық бюджеттен 16,8 млн. теңге бөлініп, «Жүйелік зерттеулер орталығы» ЖШС таулы аймақтың 7 учаскесіне көшкін қаупі барлығына бағалау жүргізгенін, нәтижесінде, 6 тұрғын үйді қауіпсіз жерге көшіру және төтенше жағдайдың алдын алу бойынша шаралар атқару ұсынылғанын атап өтіп, орынбасары Әсет Қанағатовқа төтенше жағдайлар департаменті, қаржы, экономика және бюджетті жоспарлау, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармалары, қала әкімімен бірлесіп төтенше жағдайды жою бойынша құрылыс-монтаж жұмыстарына 2024 жылға қаражат бөлу бойынша бюджеттік өтінім беруді, таулы аймақтан 6 тұрғын үйді қауіпсіз жерге көшіру және төтенше жағдайлардың алдын алу шаралары бойынша ұсыныс енгізуді тапсырды.

Текелі қаласындағы тағы бір аса өзекті мәселе – таза ауызсумен қамтамасыз ету үшін «ҚазЕуроҚұрылыс» мердігер мекемесі моноқаладағы су желісінің құрылысын толық аяқтауға республикалық бюджеттен 894,3 млн. теңге бөлінгеніне, нысан алдағы қараша айында берілетініне, жыл соңына дейін қала тұрғындары таза ауызсумен қамтамасыз етілетініне тоқталған облыс әкімі кенді қаладағы су құбырларының 86%-дан астамы тозғанын алға тартып, 2020 жылдан бері кәріздік-тазарту құрылғысын жөндеуден өткізудің жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалып жатқанын, алайда мемлекеттік сараптама берілмегенін сынға алды. Осыған орай орынбасары Әсет Қанағатовқа, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысына, қала әкіміне Текелі қаласын толық таза ауызсумен қамтамасыз ететін жол картасын дайындауды, оған қажетті құжатты республикалық бюджеттен қаржыландыруды мерзімінде аяқтауды ерекше тапсырды.

Ел тілегі ескеріледі

Анастасия КРОННЭ:
 – Қаланың байырғы тұрғыны әрі мүмкіндігі шектеулі баланың анасы ретінде сіздерден көмек сұраймын. Қалада балалардың ойын алаңдары әбден ескірген. Ойнауға өте қауіпті. Жергілікті әкімдікке қанша шағымдансақ та нәтиже жоқ. Балалардың болашағы үшін көмектесуіңізді сұраймын.
Бейбіт ИСАБАЕВ:
 – Өте жақсы мәселе көтеріп отырсыз. Қаладағы барлық ойын алаңын бірден жөндейміз деп уәде бермеймін.  Бұл күрделі қаржыны талап етеді. Бірақ біз халықтың үніне құлақ асып, тұрғындардың жақсы өмір сүруіне барлық жағдайды жасаймыз. Келер жылдан бастап қаладағы барлық ойын алаңын үш топқа бөліп, нақты жұмыс атқарылады. Қала бойынша құрылған арнайы комиссия өкілдері халықпен бірге арнайы рейд жүргізуі керек. Үш топқа бөлінген ойын алаңдарын тексеріп, әділ әрі шынайы ақпарат беріп, нақты жұмысқа кірісуді тапсырамын. Бұл істің атқарылуын тікелей өзім қадағалаймын.
Сымбат СӘРСЕНБЕКОВА: 
 – Мені мазалайтын пәтер мәселесі. Сіз алдыңғы кездесуде мұндағы басшыларға тапсырма бергенсіз. Бірақ ешқандай нәтиже шықпады.  Үшінші топтағы мүгедекпін, қолымда екі оқушы бала бар. Үйге кіретін кіріс 90 мың теңге, оның 50 мыңына пәтер жалдап тұрамыз. Сіздерден қандай да бір көмек бола ма?
Бейбіт ИСАБАЕВ:
– Заң шеңберінде қолдан келген істің бәрін жасаймыз. Сізге көмектесеміз. Мұндағы кәсіпкерлердің көмегімен пәтер ақыңызды төлеп береміз. 
Ирина КАМЕНОВА: 
– Қалада қаңғыбас ит, мысық толып жүр. Осы бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр ма? 
Бейбіт ИСАБАЕВ:
– Дәл осы  мәселе бойынша облыстық бюджетке сұраныс жіберілді. Облыстық мәслихат бекітіп берсе, бұл мәселе де шешіледі.
Зәуре АМАНТАЙҚЫЗЫ: 
– Мен асыраушысынан айырылған жалғызбасты анамын. Үш балам бар. Биыл облыс әкімінің грантымен үлкен ұлым оқуға түсті. Ол шекті балды ала алмай 2 жыл бойы оқуға түспей жүріп қалды. Шыны керек, әкім гранты бар екенін білмеппіз.  Мұны білмей жүрген отбасылар көп. Осыны жарнамаласаңыздар деген тілегім бар еді.
Бейбіт ИСАБАЕВ:
– Бізге жарнаманың қажеті жоқ. Мұны бәріңіз естіп отырсыздар. «Халықтың әлеуметтік осал топтары» категориясы бойынша жағдайы нашар отбасылардан шыққан балаларға 100 грант беріледі. Мүмкіндігі жоқ отбасылар хабарласса болады. 
Наталья ДМИТРИИ:
– Шевченко көшесінің жөндеу жұмыстары қашан аяқталады? Күнде шаңнан көз ашпай жүрміз. 
Бейбіт ИСАБАЕВ:
– Су, газ құбырлары толығымен жүргізілгеннен кейін жөндеу жұмыстары басталады. Бір жыл шыдай тұрыңыздар. Қазір асфальт төсейтін болсақ, кейін құбыр тарту кезінде жасалған жолды қайта бұзуға тура келеді.

Облыс әкімінің айтуынша, моноқала тұрғындарын табиғи газбен қамтамасыз ету ісі жоспар бойынша жү­ріп, келер жылдың 3 тоқ­санында халық көгілдір отынға қосыла бастайды. Одан бөлек, автокөлік жолдары ұдайы бақылауда тұрғанын, моноқаладағы Күншығыс, Жиделі, Толстой көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары жүргенін, Қонаев, Шевченко, Мыңбұлақ, Кошевой, Сапаев, Горняк, Байтұрсынов, Бұқар жырау, Дәулеткерей, Қасым хан, Берікбаланов, Октябрь, Бақтыбай, Орақты батыр, Жалайыри, Достық, Самал, Сейфуллин көшелері де жөнделіп жатқанын ескерткен Бейбіт Исабаев қала тұрғындарын уақытша қолайсыздыққа түсіністікпен қарауға шақырды. Табиғаты көркем Текеліде туризмді дамыту керектігін, Жетісу Алатауының биігіне шыққысы келетін туристің көптігін атап өтіп, қала аумағындағы туристік орындарды абаттандыру жұмыстарына жергілікті бюджеттен 6,5 млн. теңге бөлінгеніне, 15 адамды жұмыспен қамтитын этноауыл және қонақүй, жабық бассейнін іске қосуға 686 млн. теңге инвестиция құйылғанына тоқталды. Облыс әкімінің айтуынша, шаңғы-биатлон кешенін салу үшін Текесу базасына жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу үшін жергілікті бюджеттен 100 млн. теңге бөлінген. Осыған орай құрылыс басқармасына мемлекеттік актіні және жобалық-сметалық құжаттаманы тездетіп әзірлеуді тапсырған аймақ басшысы моноқала әкімі Алмас Әділге жобаны қадағалауды, туризмнің үлесін көтеруді, туристік кластерді дамыту тұжырымдамасын әзірлеуді міндеттеді. Орынбасары Әсет Қанағатовқа, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармаларының басшыларына моноқала әкімімен бірлесіп Текелідегі инженерлік инфрақұрылым құрылысын ерекше бақылауға алуды тапсырған облыс әкімі бұдан соң әлеуметтік салаға тоқталып, биылғы 1 қыркүйекте жұмыспен қамтудың өңірлік картасы шеңберінде 1363 адамның жұмысқа орналасқанын, 4 Ұлттық жоба шеңберінде 28 адам жұмысқа алынғанын, алайда, жұмысқа орналасқан 21 азаматпен ғана электрондық еңбек келісімшарты жасалғанын, бұл көрсеткіш облыс деңгейінен төмен екенін тілге тиек етті. Осыған орай Текелі қаласының әкімі мен облыстық еңбек инспекциясына жұмысқа орналасқан азаматтармен электрондық еңбек келісімшартының жасалуын бақылауды қамтамасыз етуді тапсырып, білім беру саласындағы қаралуы тиіс мәселелерге тоқталды.

Облыс әкімінің айтуынша, жылына шамамен 150 бала тәрбие алатын №2 психологиялық-педагогикалық түзету кабинетін сейсмикалық күшейтумен қайта жаңғыртуға жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп, биыл 4 сәуірде сараптаманың оң қорытындысы алынса, моноқаладағы №3 орта мектепті сейсмикалық күшейтумен қайта жаңғырту бойынша ескерту жойылды. Осыған орай орынбасары Рустам Әлиге, білім басқармасының басшысына қала әкімімен бірлесіп, аталған екі нысанға республикалық және жергілікті бюджеттен қаражат бөлінуін тапсырған Бейбіт Өксікбайұлы мектептерге барлығы 427 бейнекамера орнатылғанын, 15 ұйым «Дабыл түймесіне» қосылғанын, мектептер мен балабақшалар арнайы күзет қорғауына алынғанын, ғимараттарда мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолайлы жағдай жасалғанын, қалада 5163 бала жазғы демалыспен қамтылғанын, жетім балалар тұрғын үймен қамтамасыз етіліп отыратынын атап өтіп, денсаулық сақтау, спорт салаларындағы жетістікке тоқталды. Әлеуметтік нысандарды жөндеуді уақтылы және сапалы аяқтауды қамтамасыз етуді, 2024 жылдың бюджетінде құжаттары дайын нысандарға қаражат бөлінуін қолға алуды орынбасары Рустам Әлиге, облыстық басқармалардың басшыларына, қала әкіміне тапсырған Исабаев бөлінген бюджет қаражатын бекітілген жұмыс кестелеріне сәйкес сапалы игеру және қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуындағы барлық айтылған кемшілікті жою жөнінде шаралар қабылдауды міндеттеп, наурыз айындағы кездесуде Текелі тұрғындары көтерген өзекті мәселелер бойынша атқарылған шараларға тоқталып өтті. Яғни, алдыңғы кездесуде көтерілген 8 сұрақтың екеуі шешімін тауып, 4 сұрақ бойынша жұмыс жүргізілуде. Қалған 2 сұрақтың жауабы кездесуде берілген. Атап айтқанда, кезекте тұрған көпбалалы отбасыға баланың санына қарай 4 бөлмелі пәтер беру мәселесі толығымен шешілсе, Текелідегі қаңғыбас ит пен мысықты аулауға, уақытша ұстауға, вакциналауға және зарарсыздандыруға 6,5 млн. теңге бөлініп, жұмыс жалғасып жатыр.

Ал, әл-Фараби көшесі, 20-аула ішіндегі жолдарды жөндеуі тиіс «КазИнвестStory» мердігер компаниясы 14 қыркүйекте Жетісу облыстық экономикалық сотының шешімімен жосықсыз деп танылып, жөндеу жұмыстарын 20-шы қазанға дейін аяқтауға міндеттелді. «Металлург» шағынауданының су құбыры желілерін қайта жаңартуға және салуға 47 млн. теңгеге жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Қалаішілік №7 автобус Сейфуллин және әл-Фараби көшелеріндегі жаңа көппәтерлі тұрғын үйлерді қамтитын бағытпен жүретін болса, Әуезов, Юдичев және Қаратал көшелеріне жаңа бағыт енгізу үшін сатып алынған 2 автобуста аталған бағытта жолаушы тасымалын жүргізеді. Моноқаладағы №2 орта мектептің аумағына құны 64,5 млн. теңге болатын блокті-модульдік спорт залын орнату жұмыстары тамыз айында басталды. Құрылыс алдағы 5 қарашада аяқталады.
Сөзінің соңында Текелі қаласының әкімі Алмас Әділге тұрғындар көтерген мәселелерді жеке бақылауға алып, орындалуын қамтамасыз етуді тапсырған облыс әкімі Бейбіт Исабаев жергілікті жұртшылықты әлеуметтік жағдайды түзетуге атсалысуға шақырды.

Медет ЖҰМАБАЙ
Суреттерді түсірген Жеңіс ЫСҚАБАЙ