ТУҒАН ЕЛІ АЛЫБЫН АРДАҚТАДЫ

Уақыты: 13.10.2023
Оқылды: 845
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Туған топырағының қағырын манатқа малындырған кешегі ұлы тұлғалар сапында терсіңді еңбегімен, орасан қажыр-қайратымен танылған Нұрмолда Алдабергеновтің есімін айрықша атауға негіз бар. Еңбек даласында құрыштай шыныққан, көшке ілеспестей көрінген ұжымшар мен кеңшарды санаулы жылда күллі Одақтың алдыңғы қатарына жеткізген бірегей талант, дала дауылпазының сәулелі ғұмыры бүгінгі ұрпаққа үлгі-өнеге болмақ. Ал, ол үшін асылды шынайы ардақтап, ғұмырбаяндық-хамсасы мен сүрлеу-соқпағын насихаттау бүгінгінің парызы.

Сол қастерлі парыздың орындалғанына да куә болдық. Облыс орталығындағы Н. Алдабергенов көшесінің бойына («Болашақ» шағын ауданы) дала академигінің бюсті орнатылып, салтанатты түрде ашылды.

Айналасы демалыс орнына айналған жаңа да зәулім ескерткіштің ашылуына жиналған көпшіліктің қарасы қалың. Бәрі де іштей Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Нұрмолда Алдабергеновтің рухына тағзым етіп, оның дарқан кеудесі, асқақ болмысы, елін сүйгені, халқы үшін қалтқысыз қызмет еткені жөнінде тебіреніп тұрғандай көрінді. Шанақтан қоңыр күй түлеп, асқақ ән әуелеген, жүректер толқыған салтанатты шарада бюстің ашылу рәсімін Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев, Талдықорған қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ақшабай Керімбеков, асылдың сынығы Рабиға Нұрмолдақызы, Н. Алдабергенов музейінің бұрынғы директоры Шайбала Тергеуова өткерді.

Өз кезегінде алғашқы болып сөз алған аймақ басшысы Бейбіт Өксікбайұлы алдымен тарихи сәтке жиналған көпшілікті құттықтады.

–  «Жақсының аты, ақынның хаты өлмейді» дейді дана халқымыз. Нұрмолда Алдабергеновтің есімін Жетісу өңірінде білмейтін жан кемде-кем. Ол – дүниенің кілті, барша игіліктің бастауы адал еңбекте екенін өзінің өнегелі өмірімен дәлелдеген нар тұлғалардың бірі де бірегейі.  Өз кезеңінде колхоз ұйымдастырып, ауылдастарын еңбекке жұмылдырып, нәтижеге жұмыс істеудің тамаша үлгісін көрсетті. Егіншілік кәсібін дамытып, мал тұқымын асылдандырып, ғылым мен өндірісті ұштастыру арқылы еңбек өнімділігін арттыруға бар күш-жігерін жұмсады. Қызылша өсіруді рекордтық көрсеткішке жеткізді.

Жетісу жерінде Нұрмолда Алдабергенов ескерткішінің бой көтеруі тарихқа тағзым, еңбек адамына жасалған құрмет, туған жерге адал қызмет етудің үлгісін насихаттау деп білеміз. Еңбек – қоғамды бойкүйездік, енжарлық, еріншектік, бос мақтан секілді жағымсыз әдеттен арылтатын, жастар тәрбиесінің қайнар көзі болған құндылық. Сондықтан бүгінгідей шаралардың мән-маңызы зор, – деп айрықша атап өтті. Сонымен қатар, ел тарихында орны бар оқиғаларға, ұлы тұлғаларға тағзым жасау, ескерткіш орнатудың маңыздылығын айта келе Еңбек Ерінің ескерткішін жасаған авторлар мүсінші Нұрғалым Исабаев пен сәулетші Қаби Баулықовқа алғысын жеткізді.

Аймақ басшысының ыстық лебізінен кейін сөз алған асылдың сынығы, Нұрмолда Алдабергеновтің қызы Рабиға апамыз тарихтан тағылымды ой сабақтап, ұлы тұлғаның қарапайымдылығы мен елжандылығы жөнінде сыр шертті. «Көзі тірісінде ескерткішінің ашылғанын көріп жанарына жас алған әкем Нұрмолданың тағы бір бюстінің бой көтергені оның өміршең тұлға екенін айғақтайтын болса керек», – деп тебіренді. Сонымен қатар, осынау игілікті іске қолдау білдірген, мұрындық болған облыстық, қалалық әкімдікке, А. Керімбеков, Ш. Тергеуова сынды жанашырларына алғыс айтып, дүйім жұртқа ризашылығын жеткізді.

Осылайша жетісулықтар дара тұлғасының тастұғырына гүл шоқтарын қойып, Екі мәрте Социалистің Еңбек Ерінің тірісінде қолданған бұйымы мен киімі, заттары қойылған көрмені тамашаласа, шараның шырайын Дәнеш Рақышев атындағы облыстық филармония өнарпаздары аша түсті.

Айта кетерлігі, бюст қоладан құйылып, тұғыры граниттен қашалған. Ескерткіштің биіктігі 1,4 метр болса, тұғырдың биіктігі 2 метр.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ
Суреттерді түсірген Жеңіс Ысқабай