Жүлде қоры 79 млн теңге. Umai-2023 ұлттық сыйлығына қатысуға өтінімдерді қабылдау басталды

Уақыты: 16.10.2023
Оқылды: 641
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Өнер саласындағы Umai-2023 ұлттық сыйлығын алу үшін өтінімдерді қабылдау 16 қазанда басталды. Айтулы шығармашылық табыстары мен үздік жетістіктері үшін кәсіби шығармашылық ұжымдар мен жекелеген өнер қайраткерлерінқолдауға бағытталған байқау осымен екінші рет өткізіліп отыр. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің бастамасымен сыйлықтар көлемі және жалпы жүлде қоры едәуір ұлғайды.

Өткен жылғы жеңімпаздарды марапаттау рәсімі жоғары деңгейде ұйымдастырылып, "Астана Опера" театрының Үлкен залы сахнасында өткен болатын. Ол ұлттық телеарнаның тікелей эфирінде көрсетіліп, музыкалық қауымдастықта үлкен резонанс туғызды. Мүсінше мен ақшалай жүлделерді 20 лауреат иеленді.

"Umai ұлттық сыйлығы - еліміздегі мәдениет пен өнерге деген ерекше көзқарастың көрсеткіші. Өз дарындарын жүзеге асыру үшін шығармашыл жандарға қолдау қажет, бұл оларды жаңа жетістіктерге, тың дүниелерді жасап шығаруға жігерлендіреді", - деп атап өтті "Астана Опера" директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғалым Ахмедьяров.

Өткен жылы байқауға қатысуға театр, музыка, хореография, бейнелеу және сәндік-қолданбалы өнер салаларында 400-ден астам өтінім берілді. Сыйлықтың былтырғы жылғы жетістігінен кейін әріптестеріміздің, яғни шығармашылық ұжым өкілдері мен жекелеген мәдениет пен өнер қайраткерлерінің белсенділігі едәуір жоғары болады деп күтілуде. Әсіресе өңірлердің ынтасына үміттенеміз.

Ұлттық өнерді қолдау және дамыту мақсатында биыл сыйлықтаркөлемі 29-ға дейін айтарлықтай ұлғайтылды, сәйкесінше ақшалай жүлделер де артты. Биыл сыйлықтың жүлде қоры 79 миллион теңге деп бекітілген.

Өтінімдерді қабылдау "Театр өнері", "Музыкалық және орындаушылық өнер", "Хореографиялық өнер", "Бейнелеу және сәндік-қолданбалы өнер" тәрізді төрт негізгі номинация бойынша өтеді. Номинациялар туралы барлық ақпаратты театрдың сайтынан алуға болады.

Өтінімдерді қабылдау 5 желтоқсанда аяқталады. Сыйлыққа инновациялық шығармашылық қызметтері елдің мәдениеті мен өнерінің дамуына ықпал ететін Қазақстан Республикасының азаматтары үміткер бола алады. Номинанттарды республикалық, өңірлік немесе жергілікті билік органдары, мәдениет ұйымдары, үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктер, шығармашылық одақтар мен қауымдастықтар, мәдениет пен өнер саласындағы оқу орындары, сондай-ақ жеке тұлғалар ұсынады. Umai-2023 ұлттық сыйлығы лауреаттарын салтанатты марапаттау рәсімі 22 желтоқсанда "Астана Опера" театрында өтеді.

Ақпарат дереккөзі: massaget.kz

Фото: көрнекілікке алынды