ЕСКЕЛДІ АУДАНЫНЫҢ ӘЛЕУЕТІ АРТАДЫ

Уақыты: 02.11.2023
Оқылды: 678
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Облыс әкімі Бейбіт ИСАБАЕВ Ескелді ауданының тыныс-тіршілігімен танысып, жазда су басқан ауылдардың жағдайын біліп, тұрғындарды жеке қабылдады. Содан кейінгі жерде халықпен кездесу өткізіп, өңірге газ тарту, жол жөндеп, тұрғын үй салу және жұртшылықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытында атқарылып жатқан шаруалармен таныстырды. Сондай-ақ, тұрғындарды толғандырған сауалдарға жауап берді.

                           

                       22 ОТБАСЫ ЖАҢА ҮЙГЕ КӨШТІ

Алдымен аймақ басшысы Абай, Ешкіөлмес және Қарабұлақ ауылдарына барып, тамыз айында толассыз жауған жауын-шашын салдарынан үйлеріне су кірген тұрғындардың жағдайын білді.   Төтенше жағдай кезінде аймақ басшысы арнайы жедел штаб құрып, үй-үйді аралап, аз уақыттың ішінде шығын өтелетінін айтқан еді. Сондай-ақ, жұртшылық ауыл көшелерін жөндеп, жарықтандырып беретінін жеткізген болатын.  Осыған орай сапар барысында төтенше жағдайдан кейінгі атқарылған жұмыстарды көріп, тұрғындармен тілдесті. Аймақ басшысы әуелі ат басын Қарабұлақ ауылына бұрып, жаңбыр суынан зардап шеккен Бейбіт Өкешевтің хал-жағдайын білді. Абай ауылындағы үйі апатты деп танылғандықтан Өкешевтер отбасына Қарабұлақтан 5 бөлмелі баспана сатып әперіліпті. Үй иесі облыс әкіміне жаңа қонысын көрсетіп, алғысын жаудырды.

– Абай ауылында су басып қалған үйімізді комиссия жарамсыз деп танып, бір ай шамасында өз келісіміммен Қарабұлақтан баспана сатып әперді. Бұрын көмір тасып, от жағатынбыз. Жаңа үйімізде газ орнатылған. Қолымдағы жасы егде тартқан әке-шешеме жайлы болғанына қуандым. Қиын кезде біз жалғыз емес екенімізді сезіндік. Елдің қамын ойлар ел ағаларының барына мың тәубе,­ – деп отағасы қиын сәтте көмегін аямаған аудан, облыс басшысына ақжарма тілегін ақтарды.

Осыдан кейін Бейбіт Исабаев Ешкіөлмес ауылына барып, тұрғындармен кездесті. Басқосу барысында ауыл азаматтары өткен кездесуде айтылған көшеге асфальт төсеу, жарық шамдарын орнату туралы өтініштердің толық орындалғанын айтып, аймақ басшысына ризашылығын білдірді. Жұртшылықтың өтініші бойынша Қарабұлақ пен Ешкіөлмес аралығына жүретін қоғамдық көліктің  маршруты ұзартылып, қатынас жиілігі де артқан. Ең бастысы толассыз жауған жауын-шашынның салдарынан бүлінген үйлер уақытылы қалпына келтірілді. Тұрғындармен кездесу барысында Бейбіт Өксікбайұлы: 

– Ең бастысы, қатты суыққа ұрынбай, қыс түспей жайлы, жаңарған үйге кіріп үлгердіңіздер. Былтыр сіздер айтқан көшелердің абаттандыру жұмыстары да кезең-кезеңімен істеліп жатыр. Бір көше келесі жылға деп отыр едік, оның өзін мердігерлермен сөйлесіп биылға бітіріп беретін болдық. Ауылға мектеп салу туралы ұсыныстарыңызға да қолдау көрсетеміз.  Осыдан екі жарым ай бұрын сіздерге берген уәдемді орындадым. Енді біз өз тарапымыздан елді мекендерге су жайылу проблемасының алдын алу ісін қолға алып, түбегейлі шараларды қабылдап жатырмыз, – деді облыс әкімі.

Аудан әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, үш ауылдағы су басу оқиғасынан кейін арнайы комиссияның сараптамасы мен бағалау қорытындысында жалпы саны 105 үйдің зардап шеккені анықталған. Соның ішінде 22 үй бұзуға жатады, 83 үй күрделі жөндеуге жарамды деп танылған. Зардап шеккендердің баспана мәселесін шешу үшін облыстық резервтік қордан 336,7 млн. теңге қарастырылды. Соның негізінде 22 тұрғын үй сатып әперіліп, 83 үйдің 78-іне жөндеу жұмыстарына қаржылай көмек көрсетілген, 5 үйдің құжаттарын заңдастыру жалғасуда. Сонымен қатар, Абай ауылындағы Бақтыбай көшесіне 3,1 млн. теңгеге 32 жарық шамы орнатылған. Ешкіөлмес ауылындағы Тынышпаев көшесінің 1,63 километріне 49,9 млн. теңгеге асфальт төселіп, 5,4 млн. теңгеге 70 көше шамы қойылды. Қазір Ушаков көшесіне асфальт төсеу үшін негіз дайындалып, құбырлы өткелдер ауыстырылды. Асфальт қарашаның алғашқы онкүндігінде төселіп бітуі тиіс.

Бұл ретте демеушілердің де көмегін ерекше атап өткен орынды. Мәселен, Ешкіөлмес ауылындағы Кутузов көшесіне 5 жарық шамы орнатылып, Абай ауылындағы А. Жангелді көшесінде 202 метрге, Ешкіөлмес ауылындағы Кутузов көшесіне 314 метр жолға, Қарабұлақ ауылындағы Свердлов көшесінде 1,2 км. жолға қиыршық тас төсеуге меценаттар қаржылай қолдау көрсеткен.

                            ТАЛАП-ТІЛЕК ОРЫНДАЛАДЫ

Осыдан кейін аймақ басшысы тұрғындарды жеке қабылдап, олардың әлеуметтік-экономикалық мәселелерге қатысты қойған сұрақтарына жауап берді. Жалпы әкім қабылдауына 5 адам кірді.

Қабылдауға алғаш болып кірген Жалғызағаш ауылының тұрғыны, зейнеткер Марат Ақылбайұлы немересі, талай дүбірлі додаларда облыс абыройын асқақтатып жүрген шабандоз Хамза Амангелдімен келді. Көпбалалы отбасылардың бірі– Бектеновтер әулетінен шыққан 8 жасар Хамза республикаға танымал шабандоз. Хамзаның анасы 2018 жылдан бері Талдықорған қаласында баспана кезегінде тұрған. Марат Ақперлинов кезекте тұрғандардың ілгерілеуіне байланысты жағдайдың қалай екенін білгісі келетінін айтты. Бұл сұрақ бойынша аудан әкімі толыққанды жауап беретін болды.

Облыс әкімі шабандоздың алдағы жарыстарына сәттілік тілеп, қамшы сыйлады.

Келесі кезекте Сырымбет ауылының тұрғыны Жақыпбай Көлбаев ауылдағы ескі фельдшерлік-акушерлік пункт ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізіп, спорт кешенін ары қарай ұстауға қаражат қарастыруды және штат бірлігін бөлуді сұрады. Бұл мәселе бойынша аймақ басшысы аудан әкіміне, дене шынықтыру және спорт басқармасы және қаржы басқармасының басшыларына құқық белгілейтін құжаттарды ресімдеу және спорт кешені ғимаратын балансқа беру жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Дене шынықтыру және спорт басқармасы мен экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысына қажетті штат бірліктерін ашуды және күтіп ұстау бойынша мәселені зерделеп, ұсыныс енгізуді жүктеді.

Осыдан кейін Ақын Сара ауылының тұрғыны Темірхан Шарипов «Қапал» өндірістік кооперативі жерлерін ауыл тұрғындарына бөліп беруін сұрады.

Бұл жөнінде аймақ басшысы аудан әкіміне Жер кодексінің талаптарына сәйкес конкурс арқылы жер учаскелерін беру бойынша халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.

Қарабұлақ ауылының тұрғыны Айман Захариева дүкенінің жанындағы жеке секторда орналасқан электр панелін басқа жерге көшіруді сұрады.

Аймақ басшысы аудан әкіміне тапсырма беріп, электр панелін басқа жерге ауыстыруды жүктеді.

                       ЖЫЛЫЖАЙ МЕН КӘСІПОРЫН ЖОҚ

Мәдениет үйінде жергілікті халықпен кездесу өтті. Жиында Бейбіт Өксікбайұлы облыстың даму қорытындылары мен алдағы жоспарға тоқталып, Мемлекет басшысы облысқа іссапармен келіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуымен танысқанын, оң баға бергенін айтты. Сондай-ақ, аймақ басшысы облыс экономикасының дамуына Ескелді ауданының да қосып отырған үлесінің қомақты екенін жеткізді.

– Өткен аптада Президентіміз облысқа іссапармен келіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуымен танысып, жақсы бағасын берді. Облыстың әлеуеті үлкен екеніне мән беріп, нақты тапсырма жүктеді. Әсіресе, шегара маңындағы сауда-экономикалық қатынастарды мейлінше қарқынды, тиімді жүргізуге, туристік әлеуетті арттыруға, ауылшаруашылығында өңдеуге айрықша мән берілді. Негізгі міндет – қол жеткізіп отырған жетістіктерді еселеп, жылды жақсы аяқтау. Президент «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» болу үшін азаматтармен тығыз қарым-қатынас орнатудың айрықша маңыздылығын атап өтіп, бәрімізге басшылыққа алуды міндеттеді. Бүгінгі уақытқа дейін облыс тұрғындарымен 27 кездесу өткіздім. Ескелді ауданының тұрғындарымен бүгін үшінші рет кездесіп отырмын. Әр кездесу барысында көтерілген өзекті мәселелерді шешу үшін және Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес экономиканың тұрақты өсімін қамтамасыз етіп, халықтың табысын арттыру және өмір сүру деңгейін жақсарту жолында тиісті шаралар қабылдануда, – деген облыс әкімі ауданының әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен алдағы іс-жоспарларға қысқаша тоқталып, былтырғы кездесуде көтерген мәселелердің орындалуын кеңінен тарқатты.

Ескелді ауданы – аграрлы аймақ, негізгі бағыты – ауылшаруашылығы. Осы жылдың 9 айында  ауыл шаруашылығы өнімі 1,9 пайызға, құрылыс көлемі 12,8 пайызға ұлғайған. Халықтың өз қаражаты есебінен 64 тұрғын үй салынған.

Биыл ауданда ауылшаруашылығы дәнді дақылдары 32,7 мың гектарға себілген. Бүгінде арпа-бидай толық шабылып, 48,8 мың тонна өнім алынды. Себілген 4,4 мың гектар дәндік жүгеріден қосымша 28,6 мың тонна өнім жинап, 77,4 мың тонна немесе былтырдан 4,7 мың тонна астық артық жиналады деп күтілуде. Сонымен қатар, 27 мың тоннадан астам көкөніс, 50 мың тоннадан астам картоп жиналды. Қант қызылшасы былтырға қарағанда 363 гектарға ұлғайып, 1916 гектарға себілді. Қазіргі уақытта Ескелді ауданынан 56 шаруашылық Көксу қант зауытына 86 мың тоннаға жуық өнім өткізді. «Қазсушар» мекемесі тарапынан Ислам Даму Банкінің қарыз қаражаты есебінен 2018-2022 жылдары 1,9 млрд. теңгеге Ескелді ауданының суару желілерін қайта жаңарту бойынша жоба іске асырылған.

Нәтижесінде жалпы ұзындығы                      265,6 шақырымды құрайтын 88 канал қалпына келтірілді, су беру 4262 гектарға жақсартылды. Ауылшаруашылығы жерлерін сумен қамтамасыз ету мақсатында Бәйбіше және Алмалы тарату каналдарына (ұзындығы 15,3 шақырым) күрделі жөндеу жұмыстары үшін биыл сәуірде жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге 42,3 млн. теңге бөлінді. Жұмысты 2024 жылы бастау жоспарлануда, нәтижесінде қосымша 631 гектар жер сумен қамтылады. Мал шаруашылығы бойынша 9 айда ауданда ірі қара мен ұсақ малдан басқасының саны біршама өскен. Ауданда 13 шағын қайта өңдеу нысаны (5 наубайхана, 2 шұжық өндірісі, 1 сүт, 2 ұн, 1 макарон, 2 комбикорм өндіру цехы) бар.

Алайда ауданда бірде-бір жылыжай мен жеміс-көкөніс өнімдерін өңдеу нысандары жоқ. Бұл мәселе бойынша аймақ басшысы аудан әкімдігіне инвесторларды тарту бойынша жұмыстарды мықтап қолға алуды тапсырды.

Ауданда ветеринариялық қызметті жақсартуға биыл 310,5 млн. теңге бөлініпті. Осы жылдың қараша айында Қоңыр, Бақтыбай, Жалғызағаш ауылдық округтерінде құны 35,7  млн. теңгеге модульді ветеринариялық пункттері іске қосылады деп жоспарлануда. Жалпы ауданға 2 арнайы автокөлік, 11 компьютер жиынтығы, «VET - MOBILE» мобильді қосымшасын іске асыру үшін 11 дана планшет берілген. Төрт түлікті вакцинациялауға 234,4 млн. теңге бөлініп, 179,2 млн. теңге игерілді. Бүгінде 933 мың бас малға екпе егілді.

Осыған қарамастан, қан сынамаларының диагностикалық зерттеу нәтижесінде 36 бас мүйізді ірі қарада, 26 бас ұсақ малда бруцеллез ауруы анықталды.

Бұл жөнінде Бейбіт Өксікбайұлы алдағы уақытта мұндай жағдайларды болдырмау үшін аудан әкімдігіне ветеринария басқармасымен бірлесіп, ауыл шаруашылық жануарларын уақтылы вакцинациялап, диагностика жұмыстарын тұрақты негізде жүргізіп отыруды тапсырды.

                              ЖЕР – ХАЛЫҚ ҚАЗЫНАСЫ

Ауылшаруашылығы саласының дамуы мен еліміздің әлеуметтік-экономикалық өркендеуі жерге байланысты болғандықтан кездесуде бос жатқан жерді халыққа қайтару мәселесі кеңінен талқыланды.

– Жер мәселесіне келетін болсақ, өткен жылы ауданда 54,6 мың га. пайдаланбай жатқан жерлер анықталды. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 22,5 мың га. мемлекет меншігіне қайтарылып, 28,1 мың га. қайта айналымға енгізілді. Қалған 4 мың га жер иелеріне (45 тұлға) заң бұзушылықты жою үшін 1 жылдық мерзімге ескерту берілген, оның орындалуы желтоқсан айында тексерілетін болады. Ауданның қорында 48,4 мың га. қосалқы жер бар. Биыл бұл жерлерді конкурс арқылы табыстаудың небәрі бір ғана конкурсы ұйымдастырылған. Алайда, өткізілген конкурс бойынша қатысушылардан сот органына талап-арыз түсіп, конкурстың күші жойылған. Осы орайда, аудан әкімі Елдос Тұрсынбайұлы, мемлекет қорында тұрған жерді табыстау барысында әділдік принципін сақтай отырып, қолданыстағы заң шеңберінде қайта өткізуді және оның мейлінше ашықтығын қамтамасыз етуді тапсырамын, – деді облыс әкімі.

Аудан бойынша жеке ауладағы мал бастарын жаюға 19,3 мың га жайылымдық қажет екен. Әсіресе, мәселенің өзектілігі Сырымбет және Алдабергенов ауылдарында ерекше байқалады. Жайылымдық жерлермен халықтың қажеттілігін қанағаттандыру үшін жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі жоспар бекітілген, алайда, мал жаю үшін мемлекет мұқтажына жерлерді алып қою жұмыстары басталмапты. Ақын Сара ауылының тұрғындарына ұзақ жылдар бойы «Қапал» өндірістік кооперативіне берілген жерлерді қайтару мәселесі облыс әкімдігінің араласуымен сот арқылы 8,5 мың га. жер мемлекет меншігіне қайтарылыпты. Аймақ басшысы осы жерлерді жергілікті азаматтардың пайдалануына беру мүмкіндігін қолданыстағы заң шеңберінде қарастыруды тапсырды.

                               БАСПАНА – БАСТЫ МӘСЕЛЕ

Аудандағы тағы бір өзекті мәселе – халықты қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету. Өңірде тұрғын үй кезегіне тұрғандардың саны жыл санап артып келеді. 2021 жылы Қарабұлақ ауылында 60 пәтерлі жалдамалы тұрғын үй тапсырылса, 2022 жылы бюджет қаражаты есебінен бірде-бір тұрғын үй берілмеген. Биыл барлық қаржыландыру көздері есебінен 12,2 мың шаршы метр тұрғын үйді табыстау жоспарланған. Оның ішінде 60 пәтерлі кредиттік үй қараша айында  пайдалануға берілмек. Халықтың әлеуметтік осал топтарына 18 үй сатып алынбақ. Ал 2024 жылы 60 пәтерлі тұрғын үй  тапсырылады деп жоспарлануда. Сондай-ақ, 60 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы бойынша жобалақ-сметалық құжаттама әзірленуде. Нәтижесінде 2023-2024 жылдары кезектегі 138 отбасы баспанаға ие болып, кезектілік 10%-ға дейін азаяды.

Бұған қоса, алдағы уақытта  Қарабұлақ ауылында  60 пәтерлі  14  көпқабатты тұрғын үй салу үшін 8,2 гектар аумақты абаттандырумен инженерлік-коммуникациялық желілер салу бойынша жоба әзірленді. Осыған орай аймақ басшысы аудан әкімдігіне құрылыс жұмыстарына бақылауды күшейтіп, уақытында тапсырылуын қамтамасыз етуді және мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде баспанамен қамту жұмысын жандандыруды тапсырды.

                                АУЫЗСУ МЕН ГАЗ ТАРТЫЛАДЫ

Басқосуда халықты ауызсумен қамтамасыз ету, ауылдарға газ тарту мәселесі де айтылды. Ескелді ауданында 33 елді мекеннің 32-сі орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілген. Су құбыры желілерінің жалпы ұзындығы 282,1 км. құрайды. Ауданның 5 ауылында сумен жабдықтау жүйелерін қайта жаңарту және салу бойынша құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Қазір Ақешкі, Ақтұма және Сырымбет ауылдарында жалпы құны 810 млн. теңгені құрайтын сумен жабдықтау жүйесін қайта жаңғырту және салу бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Бірақ, аталған нысандарды пайдалануға беру мерзімдерінің бұзылу қаупі бар. Өкінішке қарай, Ақешкі ауылында сумен жабдықтау жүйесін қайта жаңғырту және салу мәселесі әлі шешілмеген. Құрылыс-монтаждау жұмыстарының мерзімін бұзғаны үшін бірнеше рет мердігер («Дәнекер» ЖШС)  ұйымына талап-арыз берілген. Қазіргі уақытта тапсырыс беруші Ескелді ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі тарапынан облыстық Экономикалық тергеу департаментіне қылмыстық  іс қозғау туралы өтініш жолданды.

Дәл осындай өзекті мәселе Ақтұма мен Сырымбет ауылдарында қайталанып отыр. Соттың шешімімен мердігер «Монолит» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне жұмысты аяқтау міндеттелген. Алайда, мердігер тарапынан жұмыс кестесі сақталып отырған жоқ. Бұл жөнінде облыс басшысы аудан әкіміне нақты тапсырма берді.

Жыл соңына дейін Алдабергенов және Абай ауылдарында жалпы сомасы 1,2 млрд. теңгеге сумен жабдықтау жүйелерін қайта жаңарту және салу бойынша құрылыс жұмыстарын аяқтау жоспарлануда. Нәтижесінде, 40,5 км сумен жабдықтау желілері салынады. Осы екі ауылға биыл республикалық бюджеттен 1 млрд. теңге бөлінді. Ақтасты ауылындағы сумен жабдықтау жүйесін қайта  жаңғырту  және салу үшін ЖСҚ әзірленді. Желтоқсан айының соңында сараптаманың қорытындысы алынғаннан кейін  қаражат бөлу қарастырылады.

Ескелді ауданында 33 елді мекеннің 21-і газдандырылуға жатады. Қарабұлақ, Өрқұсақ, Екпінді, Сырымбет ауылдары газдандырылып,  14,4 мың адам табиғи газға қол жеткізеді. Жалпы құны 4,4 млрд. теңге болатын 7 елді мекенде (Бақтыбай, Елтай, Алдабергенов, М. Байысов, Көкжазық, Теректі, Қаратал ауылдары) газ тарату желілерін салу жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде 4 елді мекеннің Бақтыбай, М. Байысов, Елтай, Алдаберген тұрғындары жыл соңына дейін көгілдір отынға қосылады. Көкжазық, Теректі, Қаратал ауылдарына келесі жылы газ тартылады.

Аудан экономикасын дамытуда туристік сала ерекше орын алатыны белгілі. Өңірде 7 демалыс орны жұмыс істейді. Туризм ошақтарында жыл басынан 500 келушіге 12  млн. теңгеге қызмет көрсеткен. Бұл өте төмен көрсеткіш.

Облыс әкімі туристерді тарту мақсатында арнайы музей үлгісінде визит-орталығын салу үшін экономика және бюджеттік жоспарлау, мәдениет, архивтер және құжаттама басқармаларына бірінші кезекте, тарихи-мәдени ескерткіштің аумағында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, музейлендіру шарасына қаражат қарастыруды тапсырды. Сонымен қатар, аудан басшылығы демалушыларға тиісті инфрақұрылым, жол және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бөлігінде жайлы демалыс үшін барлық жағдайды жасалу қажет екенін айтты.

Жиын барысында Бейбіт Исабаев тұрғындардың сауалына жауап берді. Соңында:

– Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру мақсатында азаматтардың мемлекеттік органдарға жүгіну рәсімдерін жеңілдетуге арналған «Е-Өтініш» ақпараттық жүйесі жұмыс істейді. Осы жүйе арқылы мемлекеттік органдарға өз өтініш-сұрақтарыңызды қойып, оның орындалу барысын жіті бақылап, сұрақтаңыздың жауабын да сол жүйе арқылы ала аласыздар, – деді облыс әкімі.

Айдар ҚАЛИЕВ

Фото: Жеңіс Ысқабай