ЖАННАТ ӨЛКЕ ЖАУҚАЗЫНЫ ТЕКЕЛІ

Уақыты: 04.11.2023
Оқылды: 586
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Текелі қаласының қым-қуыт тірлігі бір сәтке де тоқтаған емес. Содан кейін де мұнда қайырылмас уақыттың қалай өтіп жатқанын көп ретте аңғара да алмай қаласың. Қалай десек те адамдар тау қойнауындағы осынау шағын шаһарға қоныстануға ынтық болып тұрады. Себебі мұндағы биік-биік ғимараттар мен будақтаған түтіні зеңгір көктегі бұлтпен шарпысып жатқан өндіріс орындары еңбексүйгіш халықтың өзегін талдырмай, өрісінің кең болуына ықпал етуде.

Сәрсенбінің сәтті күні ауылы аралас, қойы қоралас деуге келетіндей қос газет – «Jetіsý» мен «Вестник Жетісу» газеттерінің тілшілері тау баурайындағы тамаша мекен Текелі шаһарына жол тарттық. Мақсатымыз ауданның тыныс-тіршілігін көзбен көріп, қала жұртшылығымен емен-жарқын әңгімелесіп, сұхбаттасу еді.

Ел мен жердің көркейіп, дамуы басшысына байланысты. Оның алға қойған мақсаты айқын, нақ болуы керек. Халық үніне құлақ асып, тірлігінің тіктелуіне көмек көрсеткені құптарлық іс. Содан кейін де сапарымызды ең әуелі әкімдіктен бастадық. Текелі қаласының әкімі Алмас Әділмен дидарласып, ата басылым «Jetіsý» газеті жөнінде пікірін естідік. 

– Әлеуметтік желідегі ақпарат көп болғанымен баспасөзде жарық көрген мақаланың жайы бөлек. Елдің көкейіндегісін дөп басып, өңірде атқарылып жатқан істерді жарқырата көрсететін, қоғамның түйткілді мәселелерін зерттеп-зерделейтін журналистердің еңбегі зор. Өзім республикалық, облыстық және қалалық газеттерге тұрақты түрде шолу жасап, ой түйіп отырамын. Бәріміздің көздеген мақсатымыз бір – елдің амандығы, халықтың береке-бірлігі мен бақуатты тірлігі. Газет оқу, кітап оқу – зиялылықтың үлгісі екендігі хақ. Сондықтан баспасөз, газет-журнал өз өміршеңдігін жоғалтпайды. Ғасырлық жастан асқан «Jetіsý» өңір тұрғындарын ұлт руханиятымен сусындатып, жақсылықтың жаршысындай жасай берсін дейміз. Біз, әрине, «Jetіsý» газеті жөнінде оң пікірдеміз. Оқып тұрамыз. Көбіне халық арасында насихаттап отыруға тырысамыз. Бұрынғыдай емес, заман басқаша, әйтсе де әкімдік қызметкерлерінің, қаладағы мектеп мұғалімдерінің бұл басылымды оқитындарын көріп жүрмін. Әр салада жұмыс істеп жүргендердің білімінің жетілуіне газеттің берері мол, – деді қала әкімі.
Қала басшысының жылы лебізін естіген соң жұмыс барысына көштік. Қыруар істің жай-жапсарымен таныстық.

Текелі шағын қала болса да мұнда 42 кәсіпорын бар. Өнеркәсіп саласында атқарылған жұмыстың 9 айлық көрсеткіші бойынша 27,5 миллиард теңгенің өнімі өндіріліпті. Мұның жақсы көрсеткіш екені анық. Жалпы жыл соңына дейін өнеркәсіп өнімінің көлемін 40,8 миллиард теңгеге жеткізу қарастырылған.

Шаһарда жол жөндеу, жарықтандыру, тұрғын үй мәселелеріне де бюджеттен қаржы бөлініп, жоспар бойынша жұмыс жүргізіліп келеді.

Тұрғын үй мәселесі қашанда өзекті. Қай қоғамда да баспанаға зәрулік болғаны ақиқат. Бұл орайда текеліліктердің түйткілді түйіні оңынан шешіліп, көп игілігі үшін айтарлықтай шаруа істелуде. Әкімдіктің ақпарынша, биыл қаладағы Сейфуллин көшесіндегі 40 пәтерлі баспана қолданысқа беріліп, Қора және Ғарышкер көшесінде тағы 40 пәтерлі екі тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ, жеке инвестициялар есебінен 60 пәтерлі үй салынуда. Сейфуллин көшесіндегі 60 пәтерлі тұрғын үй құрылысына жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде. 

Моноқалада жалпы апатты деп танылған 20 үй, оларда 200 пәтер бар. Олардың мәселесі де кезең-кезеңімен шешілу үстінде. Жалпы биылғы жылдың 9 айында құрылыс жұмыстарының көлемі 4,3 миллиард теңгені құраған, бұл өткен жылдың тиісті кезеңінен 2,4 есе көп.

Әйтсе де кезекте тұрғандар саны көп. Үкімет тарапынан үйге қол жеткізсем деп кезегін күткен 1098 адам бар. Оның 140-ы жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар. «Батыр ана» атағын алған, «Ана даңқы» орденімен марапатталған, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері, сондай-ақ, көпбалалы отбасы саны 136 адам. Сонымен қатар, халықтың әлеуметтік осал топтарынан 495, бюджет, мемлекеттік және әскери қызметшілерден 327 адам үй кезегіне ілінген. 

Таулы аймақтағы ауылшаруашылығының көрсеткіші де көңіл көншітеді. Мұндағы мал басы едәуір өскен. Мысалы, ірі қара 5,6 мың басқа, қой мен ешкі 6,9 мың басқа, жылқы 373 басқа, үй құсы 60,3 мың басқа жеткен. Елді мекеннің барлық жер көлемі 8,9 мың гектар. Моноқалада мал ұстау үшін 286 гектар жайылымдық жер бекітілген. Қала қорына қарайтын 1980 гектар жердің 1160 гектары жеке ауладағы мал жаю үшін резервке қойылған. Оның 110 гектары Текелі қаласына, 1050 гектары Рудничный ауылына тиесілі. Жалпы ауылшаруашылығы саласының 9 айдағы өнімінің көлемі 4,1 миллиард теңгені құрап отыр.
Тозбайтын дүние болмайды. Не нәрсеге де күтім керек. Бүлінгенді күн өткізбей жөндеу, дер кезінде қам қылу жауаптыларға жүктеледі. Автомобиль жолдарын күтіп ұстау да негізгі мәселелердің бірі. Әкімдіктегілер қала көшелерін тұрақты бақылауда ұстап отырғандарын айтады. Күншығыс жақтағы ұзындығы 3,2 - 1,25 шақырым болатын Жиделі, Толстой көшелеріндегі жолдарды орташа жөндеу жұмыстары аяқталған. Сондай-ақ, қаланың 17 көшесіне (Мыңбұлақ, Кошевой, Сәтпаев, Байтұрсынов, Бұқар жырау, Дәулеткерей, Қасымхан, Берікбаланов, Ұлан, Бақтыбай, Орақты батыр, Жалайыр, Достық, Толстой, Самал, Сейфуллин) 10 шақырымына құм-қиыршық тас төселіп, ауысыммен жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жоба 2 жылға есептелген, ағымдағы жылдың соңына дейін жұмыстың 80%-ын аяқтау көзделіп отыр.

Көшені жарықтандыру көп қауіптің алдын алады. Әкімдіктің жауапты қызметкерлері қаланың барлық көшелерін 100% жарықтандыру үшін қам жасап жатқандықтарын алға тартады. «Бұған қоса үш шағынаудан мен Рудничный ауылында балалардың ойын алаңдарын салу бойынша жобалар әзірленуде», – дейді олар.

Баланың ойлы, білімді болып жетілуіне ықпал ететін мектеп пен ондағы ұстаздар қауымы. Олардың біліммен сусындап, алаңсыз оқуына барлық жағдай жасалғаны дұрыс. Қалада 8 мектеп жұмыс істейді, 4 мыңнан аса оқушы бар. Оқу ордаларында 496 педагог сабақ береді. Балалардың қауіпсіздігі үшін қаланың барлық білім беру мекемелерінде 324 бейнебақылау камерасы орнатылған.

Денсаулық сақтау саласында да айта кетерлік жаңалық көп. Қалалық аурухананың барлық бөлімшелері интернет желісіне қосылып, компьютерлік техникамен 100% қамтамасыз етілген. Осы жылдың 9 айында 583 адам ем қабылдап, қатерлі ісіктің 6 жағдайы тіркелген. Жалпы өлім-жітім былтырғы жылмен салыстырғанда 15 жағдайға азайған.

«Горняцкий» шағынауданында блокты-модульдік конструкциялы медициналық пункт орнатылуы бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Бүгінде Текелі қаласында 15 мыңнан аса адам жұмыспен қамтылған. Ал, жұмыссыздар саны 825 адамды құрайды. Биылғы жылдың 9 айында 274 жаңа жұмыс орны құрылыпты. Жұмыссыздықтың алдын алу шаралары тыңғылықты жүргізілетін болса, бұл көрсеткішті тез арада қысқартуға болатыны анық.

Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде қысқамерзімді кәсіптік оқытуға 24, жастар практикасына 19, әлеуметтік жұмыс орындарына 14, «Ұрпақтар» келісімшартына 4, бірінші жұмыс орнына 14, «Күміс жас» бағдарламасы бойынша 24 адам жіберіліпті. Қоғамдық жұмыстарға 360 жұмыссыз тартылған. 2023 жылдың 9 айында жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 19,3 миллион теңгеге 14 грант беріліпті. Шаһар бойынша 200,1 миллион теңгеге 2 мыңнан аса адамға түрлі әлеуметтік көмек көрсетілген. 

Жалпы Текелі қаласы халқының (Рудничный ауылдық округін қоса алғанда) саны 31,3 мың адам, оның 1098-і атаулы әлеуметтік көмек алады. Моношаһарда 4,8 мыңнан астам зейнеткер тұрады.
 

Осы жылы текеліліктер үшін жалпы құны 600 миллион теңге болатын 3 жобаны іске асыру жоспарлануда. (Стеблянко ЖК – сауда кешенін салу, «Вершки» ЖК – «Калифорния» спорттық-туристік кешенін ашу, «Текелі» ЖШС әк зауыты» – ұсақталған және ұнтақталған әк өндіретін зауыт салу). Аталған жоба жүзеге асса 35 жаңа жұмыс орыны құрылып, жұмыссыздар санын қысқартуға септігін тигізбек.

Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 1 653. Биылғы 9 айда ШОБ субъектілерінен бюджетке 1466,2 млн. теңге салық пен басқа да төлемдер түскен, бұл жалпы бюджет түсімдерінің 37,2%-ын құрап отыр.

Нүсіпбай ӘБДІРАХЫМ
Суретті түсірген Руслан Қадыров