ЖАҢА ӘКІМ САЙЛАНДЫ

Уақыты: 07.11.2023
Оқылды: 685
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Өткен жексенбіде халықтың таңдауымен Кербұлақ ауданының әкімі лауазымына Қанат Есболатов сайланды. Осыған орай аймақ басшысы Бейбіт ИСАБАЕВ Күреңбел өңіріне арнайы ат басын бұрып, актив жиынында жаңа сайланған әкімді таныстырды.


– Елімізде соңғы екі жылдан бері саяси реформалардың аясында тұрғындар ауыл, кент және ауылдық округтердің әкімдерін өздері сайлап келеді. Ендігі кезеңде облыстық маңызы бар қалалар мен аудан әкімдерінің сайлауы болатынын Президент өз Жолдауында айтқан болатын. Өткен жексенбіде елімізде алғаш рет пилоттық аудандардың қатарында сіздер де тікелей дауыс беру жолымен әкімдеріңізді сайладыңыздар. Сайлау нәтижесінде  Қанат Болатұлы көп дауыс жинап, жеңіске жетті. Қанат Есболатов жас болса да ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, еңбек тәжірибесін өндірісте тиімді қолдана білетін басшы. Ол 1 жылдың ішінде көптеген шаруа атқарды.  Қанат Болатұлы, сізді аудан тұрғындары бірауыздан сайлап, үлкен сенім артып отыр. Ел үмітін ақтап, Кербұлақ ауданының әрі қарай дамуына бар тәжірибеңіз бен күш-жігеріңізді жұмсайды деп сенемін, – деген облыс әкімі жаңа басшыны қызметімен құттықтап, алдына бірқатар міндеттер қойды.

Кербұлақ ауданы – аграрлық бағыттағы өңір болғандықтан болашақта осы сала бойынша көптеген шаруа атқарылмақ. Сондай-ақ, алдағы уақытта ауданда «Мұзбел» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі («Шоғырландырылған құрылыс тау-кен компаниясы») өз жобасын бастайды. Жоба іске асырылса 2027 жылы 1300 жұмыс орны құрылады деп жоспарланып отыр.

Облыс әкімі атқарылған жұмыстарға қарамастан мұнда жедел шешуді қажет ететін өзекті мәселелер әлі де бар екенін айтты. Мәселен, мал шаруашылығын дамытуда ауданда жайылымдық жер тапшы екен, ауылшаруашылығы өнімдерін өңдеу бағыты толық дамымай отырғанын, ауыз сумен қамту, қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелері бар.

- Сарыөзек ауылында ауызсумен жабдықтау мәселесінің шешілмей келе жатқанына 10 жылдан астам  уақыт өткен. Бүгінде сумен жабдықтау жүйесінің құрылысы кезең-кезеңімен іске асырылуда. 4-ші кезеңнің жұмыстары 95% орындалды, бірақ іске қосу мерзімі кешіктірілуде. Бұл мәселе менің тікелей бақылауымда. Аудан әкімі құрылыс жұмыстарының сапалы және уақтылы аяқталуына қатаң қадағалау жүргізуі керек. Ауданда барлық қаржыландыру көздері есебінен тұрғын үй құрылысы жүргізіліп, апатты үй иелеріне және әлеуметтік жағынан аз қамтылған тұрғындарға заң аясында тұрғын үйлер беру жоспарланған, - деген аймақ басшысы алдағы уақытта атқарылатын жұмыстарды да кеңінен тарқатты.

Осыдан кейін сөз алған Қанат Есболатов өзіне үлкен сенім артып, жауапты істі жүктеп отырған облыс басшысына ерекше алғысын айтты. Сондай-ақ, ендігі күш-жігері мен білім-білігін әлі де ел дамуына арнайтынын тілге тиек етіп, халықпен бірлесе жұмыс атқарамын деп уәде берді.

Жиын барысында аудан тұрғындары да сөз сөйлеп, жаңа сайланған әкімнің алдағы істеріне табыс пен сәттілік тіледі. Бұдан соң облыс басшысы бастаған топ жаңа сайланған әкімді қызмет орнына жайғастырды. 

 

Айдар ҚАЛИЕВ
Кербұлақ ауданы