Комплаенс қызметі деген не?

Уақыты: 11.11.2023
Оқылды: 679
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Соңғы уақытта квазимемлекеттік мекемелерде және жеке секторларда Комплаенс атты қызмет пайда болды. Жыл сайын жаңа атаулар мен жаңа мамандықтарды түйсіне алмай жүрген жұрт бұл қызметтің мәні мен мағынасын ұқпай әлек. Көп жұрт бұл қызметті ІТ технологияға қатысы бар, сол сала қазанының бір құлағын ұстайтын маман деп ойласа керек. Жоқ! Коплаенстың міндеті мен мақсаты мүлдем бөлек.

Комплаенс ұғымы елімізге шеттен келген. Ол сәйкестік деген мағынаны білдіреді. Іс жүзінде комплаенс мекеме қызметінің кәсіби тәжірибесімен, этикасы, заңдық талаптары және басқа да нормалары мен, ұйымды имидждік және басқа да материалдық шығындарға әкеліп соғатын тәуекелдікті азайту және болдырмау мақсатындағы сәйкестікті білдіреді. Сөйтіп келгенде коплаенс – бақылаудың негізгі міндеті осындай немесе басқа да стандартқа сәйкес келмейтін тәуекелдіктің алдын алу. Бұл қызмет ТМД елдері арасында Қазақстанда алғаш қолға алып отыр.

Комплаенс қызметі АҚШ пен Еуроодақ елдерінде біршама уақыттан бері қолданылып келеді. Оның миссиясы бұл елдерде әлдеқашан айқындалған және нәтижелілігін көрсеткен. Ал Қазақстанға қарасақ комплаенс термині еліміздің нарығында жаңа пайда болған ұғым және соңғы кездерде Қазақстанның қаржылық банкілік саласында өте кең пайдаланылып отыр. Бұл қызмет тап қазір неге сұранысқа ие. Мемлекетіміздің басым саясаты – сыбайлас жемқорлықтан ада мемлекет құру. Осыған орай осы қылмысқа қарсы іс-қимыл саясатын жан-жақты жүргізіп келеді. Әсіресе, кейінгі кездері халықаралық стандарттар негізінде қоғамның аталған кеселімен күресу мықтап қолға алынуда.

Жоғарыда айтқанымыздай, Комплаенс қызметі бізде де бар еді. Тек банк қызметтерінде. Ал квазимемлекеттік компанияларда атаулы қызметті енгізу 2019 жылдың соңынан бастау алды. Сол жылы Комплаенс қызметін қалыптастыру заңнамалық тұрғыда бекітілді. Оның басты мақсаты – корпоративтік адалдық стандарттарының сақталуын бақылау. Басқаша айтқанда, комплаенс – бизнестің қауіпсіздік жүйесі.

Квазимемлекеттік сектордағы Комплаенстың міндеті қандай? Оның негізгі міндеті – ұйым мен оның қызметкерлерінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы сақтауын қамтамасыз ету. Нақтырақ айтсақ, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша сыртқы реттеу талаптары мен үздік халықаралық практиканың сақталуын қамтамасыз ету, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың негізгі қағидаттарын сақтауды, сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізуді, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі шаралар жүйесін тиімді іске асыру, қызметкерлердің сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарын ескерту және алдын алу құралдарын енгізуін қамтамасыз ету.

Қоғамның талғамы мен талабына сай өзгеріске қадам басқан әрбір саланың өз жаңашылдығы бар. Коплаенс қызметі – квазисектордағы жаңғырудың айқын көрініс. Бастысы, даму жолындағы кедергілерді жоюға бағытталған мамандық десек, артықтық болмас.

Әділет Сұлтанбек
комылаенс-офицер

Сурет: ғаламтордан алынды