АМАНАТ АРҚАЛАҒАН АСЫЛ ЖАНДАР

Уақыты: 04.03.2024
Оқылды: 399
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Әдемі ғимарат. Жағымды музыка. Гүлмен көмкерілген көтеріңкі көңілден салқындық сезу мүмкін емес. Сұлу да сымбатты нәзік жандардың мереке басталғанынан хабар беріп тұрғаны жаныңды жадыратады. Әрбір әйелдің әдемі әлемі қандай сый-құрметке де лайықты. Шаңырақтың шаттығын еселеп, берекесін асырып, бірлігін жарастырып, сұлулықтың символына айналған арулар асыл жандар – қоғамның тірегі, мемлекет дамуының тұғыры. Тәуелсіздік жылдарында тыныштық пен тұрақтылықты сақтауда әйелдер қауымының еңбегі ерен екені ақиқат. Бұл үрдіс күні бүгінге дейін өз құнын жойған емес. Сондықтан да «ҚР Мәслихаттарының құрылғанына 30 жыл» толуы аясында «Халық аманатын арқалаған нәзік жандар» тақырыбында барлық деңгейдегі әйел депутатпен ерекше форматта кездесу өтті. Талдықорған қаласындағы Салтанат сарайында облыс әкімі Бейбіт ИСАБАЕВ өңірдің дамуына сүбелі үлес қосқан аналармен, әр салада жемісті еңбек етіп жүрген қыз-келіншектермен кездесіп, емен-жарқын әңгіме өрбітіп, мерейлі мерекемен құттықтады.

Салтанат сарайында облыс аумағындағы нәзік жандылар қолға алған жемісті еңбектің нәтижесі ретінде арнайы көрме ұйымдастырылды. Шараға қатысушылар іскер әйелдердің қолынан шыққан туындылармен танысып, еңбектеріне береке тіледі.

Мерекелік басқосуда облыстық мәслихат төрағасы Гүлнар Тойлыбаева ер-азаматтармен иық тіресе еңбек етіп, ел дамуына қомақты үлес қосып жүрген белсенді әйелдер қауымының жұмысымен таныстырды.

– Облыс халқының өмір сүру сапасын жақсартуға, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың ортаға бейімделуіне, халықты әлеуметтік қорғауға, шағын және орта бизнестің дамуына, спорт және туризм, экология салалары бойынша туындаған өзекті мәселелерді қарастырып, олардың оңтайлы, оң шешімін табу жолында жүйелі жұмыс істеп отырған халық қалаулыларының еңбегі ерен. Халық аманатын арқалаумен қатар білім және ғылым, ауылшаруашылығы, денсаулық сақтау, кәсіпкерлік, мәдениет сынды түрлі салада еңбек етіп жүрген кәсіби мамандарымыздың ішінде ең көп, яғни, 5 шақырылым бойы депутаттық қызметте жүргендер де бар. Осы мерейлі мерекені атап өту мақсатында барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ұйымдастыруымен өңірде қайырымдылық, мәдени және спорттық іс-шаралар өткізілгені көпшілікке белгілі. Алдағы уақытта бұл жұмыс өз жемісін береді. Осы тұрғыда әйел адамдардың атқарып жүрген еңбектерінің зор екенін айта кеткен жөн, – деген Гүлнар Қожағұлқызы мереке қарсаңында үлкен істің басы-қасында жүрген нәзік жандылармен кездесіп, қолдау білдірген облыс басшысы Бейбіт Өксікбайұлына алғыс айтты.

Әйел азаматтар тек отбасы төңірегінде ғана емес, сонымен қатар, мемлекеттік қызметте, бизнесте, денсаулық сақтау мен білім-ағарту жүйесінде жемісті жұмыс істеп жатқанын тілге тиек еткен облыс басшысы барша нәзік жанның еңбегін ерекше атап өтті.

– Қашаннан ақыл-парасатымен, сұлу көркімен ер-азаматтың сенімді серігі, отбасының берекесі бола білген аналарымыз бен аруларымыздың орны қашанда жоғары. Нәзік жандылар қоғамдық өмірдің барлық саласында да жемісті еңбек етіп жүргенін ерекше атап өткен жөн. Соның ішінде жауапкершілігі зор, жүгі ауыр мәслихат депутаттығын да асқан абыроймен атқарып келесіздер. Сіздер атқаратын іс өте ауқымды. Себебі, депутат халық атынан сөйлей алады. Олардың құзыреттілігі жоғары. Сіздер облыс бюджетінің тиімді жұмсалуына тікелей атсалысып, киелі мекеннің өркендеп, өсуіне біркісідей атсалысып келесіздер. Егер біз әділ, ашық, дамыған жаңа қоғам құрамыз десек, онда бәріміз бірге бір мақсат жолында жұмыла еңбек етуіміз керек. Сіздерді халық сайлады. Сондықтан сіздер сол үкілеген үмітті ақтап, сенімге селкеу түсірмеуге міндеттісіздер. Халықпен тығыз жұмыс істеп, олардың үніне құлақ асып, көпшіліктің ойын, ниетін жақсылыққа бастауда сіздерге артылатын жауапкершілік мол. Жалпы, саясаткер болу үшін үлкен еңбек пен қажыр-қайрат болуы тиіс. Мен ауыл-аймаққа жұмыс сапарымен бара қалсам көбіне еңбекқор көпбалалы аналарға қарап қызығамын. Олар қос қолын жайып, мемлекеттен ештеңе талап етпей-ақ өз күштерімен еңбек етіп келеді. Тек бізден аз ғана қолдау күтеді. Мұндай еңбекқор аналар әр жерде бар. Біз сол жандарға барынша көңіл бөліп, соларға жағдай жасауға міндеттіміз. Сонда ғана біздің еңбек жемісті болмақ. Сіздерді бүгінгідей айтулы мерекемен құттықтап, жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін. Парасат пайымы жоғары нәзік жандар көп болсын, – деді облыс әкімі.

Мерекелік басқосуда Талдықорған қалалық мәслихатының депутаты, облыс әкімінің штаттан тыс кеңесшісі Роза Ақжаркенова облыс әкімінің атқарған жұмысына алғыс айтса, облыстық мәслихат депутаты Баршагүл Саятова Алакөл ауданында жүзеге асқан жұмыстарды тілге тиек етті. Талдықорған қалалық мәслихатының депутаты, «Аналар үйі» қоғамдық қорының үйлестірушісі Алсу Габдракипова республика бойынша 6 мың 695 бала аталған қор жұмысының нәтижесінде жетімдер үйін паналамай анасының құшағында қалғанын айтты. Осы жолда тынымсыз еңбек еткен аруларға алғыс білдіріп, қолдау танытқан облыс басшылығына рахметін жеткізді. Панфилов ауданынан келген облыстық мәслихаттың депутаты Ризван Сакиева, Кербұлақ аудандық мәслихатының депутаты Жұмагүл Садықова соңғы жылдары аудан аумағында қолға алынған ілкімді істерге аудан жұртшылығы атынан алғыс білдірді.

Мерекелік кеште облыс әкімінің арнайы кәдесыйын алған арулар үшін облыстық филармония әртістері мен балабақша балалары жырдан шашу шашты.

Еңлік КЕНЕБАЙ
Суретті түсірген Дмитрий ЕРОФЕЕВ