СӨЗУАРЛЫҚ ЕМЕС, СӨЗҰҒАРЛЫҚ КЕРЕК-АҚ

Уақыты: 27.03.2024
Оқылды: 251
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Қазір не жетіспейді? Көп жұртқа қажеттісі қайсы? Жауап біреу – сөзұғарлық. Сөзуарлық емес, сөзұғарлық. Мұзбалақ Мұқағали «Адамды адам түсінбеу бір ақырет» деуші еді. Ақын айтқандай, бір-бірін түсінбеу, турасы түсінісуге тырыспау, бастан сөз асырмау, сөзуарлық басым қазір. Бастысы, өзгені сөйлетпесе жеткілікті. Мұны облыс әкімі Бейбіт  ИСАБАЕВТЫҢ апта ортасында өткен қабылдауында ұқтық. Өзімдікі жөн, өзгенікі бәлду-бәлду, бәрі өтірік дейтіндер де осы маңнан табылды.


Облыс әкімінің қабылдауына 9 адам жазылыпты. Денінің жан жарасы – баспана. Кезекте тұрғандар пәтер алуды тездетуді, мемлекеттен алған пәтерін жекешелендіруді сауғалай келіпті. Ал Жанаргүл Омарханованың жайы қызық, тіпті. 2012 жылы күйеуі мүгедек бала өсіруші ретінде кезекке тұрады. Қала әкімдігіндегілер тұрғызады. Араға біршама жыл салып жеке үйі барын алға тартып кезектен шығарып тастайды. «Апам да аң-таң, мен де аң-таң». Қала әкімдігі басында баспана барын білсе де неліктен кезекке қойған? Кезінде қала әкімдігі талай былыққа бой алдырғанына көп жұрт қанық. Қош, мүгедек бала өсіруші құйтырқы тірлікке қарамай 2015 жылы қайта кезекке тұрады.  Ж. Омарханова бұл жолы да бір кем дүние боларын қайдан білсін?! Жуырда балам баспаналы болады деп жүргенде кезектен тағы сырылған. Себеп, қала әкімдігіндегілер бұл жолы Ж. Омарханованың баласын емес, өзін мүгедек деп тіркеген. Мүгедектігі анықталмағасын кезектен түсіп қалған. Немкетті тірлігі бар әкімдіктің мына қарекетіне де шаршамаған Ж. Омарханова баласын тізімге 2023 жылы қайта қосқан. «Айта, айта Алтайды, Жамал апам қартай ды» дегеннің кері. Былай қарағанда әкімдік қызметкерлері әу баста жөнді түсіндірме жүргізгенде, өз жұмысына жауапкершілік танытқанда мұндай олқылық орын алмас еді-ау. Айтпақшы, Ж. Омарханова екі мәрте кезекке тұрғанда қала әкімдігінде жұмыс істегендер қазір жоқ. Олардың жауапсыздықпен атқарған жұмыстарының жемісін қала әкімі Е. Бәзіл бастаған халық қызметшілері арқалауға тура келіп тұр. Облыс әкімі Б. Исабаев кезегін қалпына келтіру үшін сотқа шағым беруді ұсынып, қала әкіміне жан жақты жәрдемдесуді жүктеді.

Райкүл Шаймерденованың да базынасына пәтер кезегі сеп. 2000 жылдары кезекке тұрғаны жөнінде бір жапырақ қағазын жоғалтып алған. ДЦП диагнозымен бала өсіруші жалғызбасты ана шаршы метр болса да барлық жағдай жасалған баспаналы болуды көздейді. Себебі, бұған дейін қала әкімі Р. Шаймерденоваға уақытша бір бөлмелі жатақхана ұсынған. Оны қанағат тұтпаған.

Себебі, баспана демесеңіз, жатақхананың жуынатын бөлмесі болмайды. Ал 2017 жылғы пәтер кезегі 1191-ден 3564-ке бірақ секірген. Алға емес, кейінге шегінген. Облыс әкімі кезегін қалыпқа келтіру үшін сотқа шағымдану керегін, тез баспаналы болу үшін «Отбасы банк» АҚ мүмкіндігін пайдалануды ұсынды. Себебі, банк Р. Шаймерденованың санатындағыларға пәтер құнының 50 пайызын өтеп береді. Ал қалған 50 пайызын әкімдік қайырымды азаматтар арқылы төлеуді көздеп отыр.

Аймақ басшысынан көмек сұрай келгендердің бірі Галина Әбдірахманова бейбіт күнде Отан алдындағы борышын өтеу барысында қайтыс болған ұлына тиесілі баспананы сауғалап жүр. Баласы әскерде Германия жерінде опат болған. Заңға сәйкес баласы Екінші дүниежүзілік соғыс ардагеріне теңестірілген. Қазір Г. Әбдірахманова мемлекет берген арендалық үйде тұрып жатыр. Сол пәтерін жекеге өткізуді сұрап келіпті. Облыс әкімінің алдында заңның әр тармағын таразылап, Екінші дүниежүзілік соғыс ардагеріне теңестірілгендерге үй тиесілі болуын алға тартты. Бірақ, қала әкімдігі берген арендалық пәтерлер жекешелендіруге жатпайды екен. Қала әкімін де, қала әкімдігінің қызметкерлерін де сөйлетпей, даурығысуға басқан Г. Әбдірахманованы облыс әкімі сабырға шақырып, бұл кісінің қабылдауына екінші мәрте келіп тұрғанын, мәселені жан-жақты қарап, түйінді тарқатуды қала әкіміне жүктеді.

Әкімнің қабылдауында болған Талдықорған қалалық қоғамдық кеңес төрағасы Ж. Мейрембаев облыс орталығын көркейту-көгалдандыру, жазғы демалыс лагерін салу, Мойнақ ауылының тұсынан, Қаратал өзенінің бойынан қиыршық тас қазу мәселелерін көтеріп келіпті. Шынында үш мәселе де қоғам үшін маңызы зор. Ал, онлайн желі арқылы Астана қаласынан байланысқа шыққан Д. Қарымсақова өңірдің медицина саласындағы былықтарды айшықтаймын деп өз жайын күйттегені білінді. Себебі, бұл азаматша 2023 жылы 2 апта, 2024 жылы 1 айға жуық өңірдегі медицина мекемелерінде жұмыс істеп, сырттан келген мамандарға берілетін көтерме жәрдемақы ала алмағанын жеткізді. Аймақ басшысы қазір елордада жүрген, облыста жұмыс істемейтін адамға жәрдемақы берілмейтінін жеткізді.

Жалпы, қабылдауға келгендер мәселемді шешіп аламын деп келеді-ау. Бас салып даурығысып, әкімдікте жұмыс істейтіндерді аймақ басшысының алдында қаралай жөнелгенді құп көреді. Бірақ, көп жағдайда құзыреттілер заң аясында ғана қызмет ететінін ескермейді-ау. Сондайда сөзуарлық емес, сөзұғарлықтың қажет екені айқын көрінеді. 

Дастанбек САДЫҚ