ЖАҢА ЖОБАЛАР ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

Уақыты: 19.06.2019
Оқылды: 862
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

«Тау Жетісу» демалыс аймағында ауданның инвестициялық әлеуетін, іскерлік қызметті дамыту және мемлекеттік қолдау шараларына шолу жасау бағытында инвестициялық форум өтті.


Шараға «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ және инвесторлар қатысты. Қатысушылар алдымен ауданның тауар өндірушілерінің өнімдері қойылған көрмені тамашалады. 

Бірінші болып баяндама жасаған аудан әкімі Бағлан Тәнекенов өңірдің экономикалық ахуалы туралы мәлімдеді.  
– 2018 жылы инвесторлардың арқасында 6 позицияға шығуға мүмкіндік туды. Соның нәтижесінде 10,7 млрд. теңге қаржы игеріліп, 112 жаңа жұмыс орны ашылды. Жалпы 2018-2021 жылдары 15 млрд. теңге көлемінде 15 жоба іске асырылады. Ауданның ауылшаруашылығы өндірісін дамыту және оның өнімдерін өңдеу – басты бағыттың бірі. Ауылшаруашылығы өнімдерін өндіруді арттыру, сүт-тауар фермаларын және қайта өңдеу кәсіпорындарын құру бойынша ауданға инвестиция салу үшін резервтер бар, – деген Б. Сағындықұлы жүзеге асырылатын инвестициялық жобаларға тоқталды. 

Өңірде мал шаруашылығын дамыту бойынша 2 жоба қолға алынды. Сондай-ақ, Шажа өзенінде қуаты 25,8 МВт СЭС-2 құрылысы басталды. Нәтижесінде  18 жұмыс орны ашылады. 100 мың басқа арналған бөдене фермасының аумағын абаттандыру жұмыстары іске асырылуда. Іске қосу ағымдағы жылдың үшінші тоқсанында жоспарланған. Одан бөлек, қуаттылығы тәулігіне 1600 тонна болатын асфальт зауытының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. 

Сөз кезегін алған Алматы облыстық Өңірлік даму орталығының директоры Тамерлан Оразбеков инвестициялық және кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік қолдау шаралары туралы баяндама жасады. Ол мемлекеттік грант және шағын, орта кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы бағдарламалар жөнінде баяндады. Ал, «Атамекен» ӨКП директорының орынбасары Әсет Шаяхметов «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы туралы айтты.

Форум барысында «Луньюань Жетісу» ЖШС-нің бұршақты дақылдарды өсіру және қайта өңдеу кешенін құру туралы презентациясы көрсетілді. Сонымен қатар, «Green Technology Partners» ЖШС директоры Марат Айбасов шие өсіру бойынша қарқынды бақтар салу жобасын таныстырды. 

Соңынан аудан әкімдігі мен «Дюсенбинов» шаруа қожалығы және «Қарабұлақ қант зауыты» ЖШС екіжақты меморандумға қол қойды.