ҚАЙСАР ЖАНДАР АРДАҚТАЛДЫ

Уақыты: 12.12.2016
Оқылды: 1407
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Күллі әлем жұртшылығын дүр сілкіндірген 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне биыл 30 жыл толып отыр. Сол тұста 17-18 жастағы желкілдеген бойжеткендер мен жеткіншек бозбалалар бүгінде елуді еңсерген ата мен әжеге айналды. Уақыт өз дегенін істейді. Қызыл империяның қысымын көрген желтоқсаншылардың жүздерін бүгін әжім торлап, ой-саналары ақыл мен даналыққа бет алды. Еліміздің Тәуелсіздік алуына түрткі болған көтеріліске қатысушыларды облыс әкімі Амандық Баталов құттықтап, жастық жалынның күшімен кеңестік идеологияға қарсы тұрған кеуделерге Желтоқсан оқиғасының 30 жылдығына арналған мерейтойлық медальді өз қолымен тақты.

І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында өткен салтанатты шарада сөз алған өңір жетекшісі:
– 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы – қазақ тарихындағы айрықша оқиға. Бұл ел болашағы үшін ерлік көрсеткен жандарға тағзым етер, құрмет тұтар қасиетті күн. «Тәуелсіздік – ұлт тұтастығының белгісі» деген ұғым бар. Біреулер үшін Тәуелсіздік көктен түсе қалған сияқты, оңай келген олжа секілді көрінуі мүмкін. Нақтысында, олай емес. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай: «Бүгінгі біздің тәуелсіздігіміздің қайнар көзі – қазақ халқының сан ғасырлар бойғы күресінде, азаттыққа ұмтылған қайсарлығында жатыр». Біздің ата-бабаларымыз тәуелсіздік жолында талай қиыншылықты басынан өткерді. Сондықтан да біз үшін, яғни, бүгінгі ұрпақ үшін Тәуелсіздіктің орны айрықша, – деп Желтоқсан көтерілісінен зардап шеккен жандардың баршасына жақсы тілек арнады. – Отыз жылдың ішінде көп өзгерістер болды, бірақ Сіздердей нағыз қаһарман ұл-қыздардың ерлігі мен есімі еш ұмытылмайды. Сіздердің бойларыңыздағы жігерлі намыс, жалынды жүрек пен қайсар мінез – қазақтың ел болуына жол ашты. Біз жыл сайын өздеріңізбен кездесу арқылы сол құндылықтарды тағы бір айқындап отырамыз. Ел тәуелсіздігі жолында жан қиған Қайрат пен Ербол сынды батыр ұлдардың, Ләззат пен Сәбира сияқты намысты қыздардың есімдері ел тарихында алтын әріптермен жазылады. Болашақ үшін жан қиған Ербол Сыпатаев пен Ләззат Асанова секілді жерлестерімізді мақтан тұтамыз.
Салтанатты жиында барлығы 89 адам Желтоқсанның 30 жылдығына арналған медальмен марапатталды. Айтулы күнге орай Талдықорған қаласының әкімі Бағдат Қарасаев та облыс орталығында тұратын желтоқсаншыларды қабылдап, мерейтойлық күнмен құттықтады.

Мәди АЛЖАНБАЙ