Жүйелі жұмыс, толымды нәтиже

Уақыты: 13.04.2017
Оқылды: 1237
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Облыс әкімдігінің үлкен залында өткен жиында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында белгіленген тапсырмаларды іске асыру барысы талқыланып, осы уақытқа дейін атқарылған іс-шаралар қорытындыланды. Сондай-ақ, межеленген жоспарларға байланысты жауапты салалардың басшыларына тапсырма берілді. Аудандар мен қалалардың әкімдері, облыстық басқармалар мен департаменттердің басшылары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысқан жиынды облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ ашып, жүргізіп отырды.

Алғашқы болып мінберге көтерілген облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар тақырыпқа қатысты кеңейтілген баяндама жасап, көпшілікке атқарылуы тиіс міндеттердің маңыздылығын түсіндіріп өтті.
– Жетісу жерінде құрамына 2602 адам кірген 335 облыстық, қалалық, аудандық ақпараттық-түсіндіру топтары жұмыс істеді. Олардың жұмыс кестесі бекітілген. Ақпан айының 2-сі мен 26-сы аралығында 963 кездесу өткізіліп, оларға 86 мыңнан астам адам қатысты. Одан бөлек, облыста 8 адамнан құралған респуб­ликалық ақпараттық топ жұмыс істеді. Олар 16-25 ақпан күндері аралығында 29 кездесу өткізіп, барлығы 4675 тұрғынға Елбасы Жолдауының маңыздылығын түсіндірді. Осыған орай 10 мың данамен брошюралар, методикалық көрнекіліктер, тарату материалдары шығарылды. Сонымен қатар, аудандар мен қалалардың көрнекі жерлеріне Жолдауда көрсетілген басымдықтарды таныстыратын 136 билборд, 67 панно, 7 аудармалы парақшалар ілінді, – деген Жақсылық Мұқашұлы Жолдауда айтылған мәселелердің орындалу барысын көпшілік назарына ұсынды.
Баяндамада айтылғандай, Жолдаудың 1.6 тармағында көрсетілген Қазақстанның экспорттық стратегиясына орай облыста 40-тан астам кәсіпорын шет мемлекеттерге экспорт шығарушы саналады. Олардың қатарында құрғақ құрылыс өнімдерін шығаратын «Кнауф Гипс» ЖШС, кремний өндіретін «Қазсиликон МК» ЖШС, барид, витерит, гранит, базальт сияқты табиғи кен шығаратын «Көксу тау-кен компаниясы» ЖШС, киім тігетін «Глассман» ЖШС сынды компаниялар бар. Былтыр осы компаниялардың арқасында облыстан шығатын экспорт көлемі 47,7 миллион долларға жетті. Бұл компаниялар көбіне Ресей, Беларусь, Украина, Қырғызстан, Өзбекстан, Ауғанстан, Тәжікстан елдерінің нарығына отандық өнім жеткізумен айналысады. Сондай-ақ, өткен жылы «Абди Ибрахим Глобал Фарм» ЖШС өнімдерін алыс шетелдерге шығаруға мүмкіндік беретін халықаралық GMP сертификатын иеленсе, «Қайнар-АКБ» компаниясы «BARS Asia» аккумуляторының алғашқы легін Африка құрлығына жеткізді. «Экспорт – 2020» бағдарламасына облыс кәсіпорындарын қатыстыру жұмыстары жалғасып жатыр. Осыған орай, экспорттаушы кәсіпорындарға мемлекет тарапынан көрсетілер қолдау шараларын түсіндіру үшін Қарасай ауданында «Kaznex Invest» АҚ және «KazExportGarant» АҚ-ның қатысуымен семинар өткізілді. Аудандар мен қалалардың әкімдіктерімен бірлесіп, тауар өндіруші кәсіп- орындардың тізімі жасалып, олардың бәріне экспортты қолдауға қатысты мәліметтер мен биыл шет мемлекеттерде өтетін сауда-саттық шараларының, көрмелер мен жәрмеңкелердің деректері берілді.
Экспортқа өнім шығаруы тиіс жаңа инвестициялық жобалардың қатарында «ЛУКОЙЛ Лубрикантс Центральная Азия» ЖШС автомобиль майларының зауыты, ет өнімдерін өндіретін «Inalca Eurasia Kazakhstan» ЖШС-на қарасты ет комбинаты, фармацевтикалық препараттар жасайтын «ЭЛЕАС» Өндірістік-фармацевтикалық компаниясы» ЖШС онкологиялық дәрі-дәрмек өндіретін цехы жатады. Осы кәсіпорындардың бәрі де жаңадан салынып, халықты жұмыспен қамту мәселесін шешуге көмектеседі.
Аграрлық саланың мол мүмкіндігіне орай облыста өндірілген ауылшаруашылық өнімдерін экспортқа шығаратын 13 кәсіпорын бар. Олар экспорт әлеуетін арттыру бағдарламасы аясында 500 тонна ірі қара етін, 200 тонна қой етін алыс-жақын шетелдерге шығаруы тиіс. Осыған байланысты аудандар мен қалалардың әкімдеріне, ауылшаруашылық, жер қатынас­тары, жер пайдалану және қорғау басқармаларының басшыларына ауылшаруашылық дақылдары мен өнімдерінің көлемін ұлғайтып, ет пен сүт өнімдерінің мөлшерін молайта түсуге тапсырма берілді.
Елбасы Жолдауында айтылған басым бағыттың бірі – «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасы мен «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» транзиттік дәлізін толық іске қосу болатын. Осы тапсырмаға орай алдағы 10 жылдың ішінде халықаралық дәлізбен жылына 330 миллион тоннаға жуық жүк тасымалдануы тиіс. Бұл шағын және орта кәсіпкерлікті қолға алған жандар үшін мол мүмкіндік. Салынатын жаңа жол кәсіпкерлердің уақытын үнемдеп қана қоймай, тауар сапасын сақтау­ға септігін тигізеді. Тағы бір айта кететін мәселе – Алматы мен Өскемен арасын жалғайтын күре жол «Нұрлы Жол» бағдарламасымен салынуда. Бұл ұзындығы 956 километрге тең жолдың бойындағы елді мекендер инфрақұрылымының өркендеуіне көмектеседі. Қазірдің өзінде осы жолдың 241 километрі пайдалануға берілді. Осыған жауапты мамандарға тапсырма ретінде жол бойындағы «В» санатты жеті нысанның құрылысын жүргізуді инвесторларға табыстау қажеттігі ескертілді. Сондай-ақ, «Үшарал – Достық» автожолының құрылысын жүргізу, Жаркент қаласында азаматтық әуетасымалы үшін аэровокзал салу, облыс орталығын өзге өңірлермен байланыстыру үшін «Талдықорған – Шымкент – Талдықорған», «Талдықорған – Павлодар – Талдықорған», «Талдықорған – Өскемен – Талдықорған», «Талдықорған – Қарағанды – Талдықорған», сонымен қатар, «Астана – Үшарал – Астана», «Алматы – Үшарал – Алматы» авиарейстерін ашу көзделіп отыр. Одан бөлек, өңірдегі үлкен қалалар мен аудан орталықтарын байланыстыратын автобустар жүргізу қолға алынып, қазірдің өзінде 153 автобус бағыты іске қосылды. Мысалы, былтыр 62,1 миллион жолаушы тасымалданған.
Баяндамашы келтірген деректердің қатарында жұмыспен қамту, денсаулық сақтау, білім, құқық қорғау салаларына қатысты жетістіктер мен көрсеткіштер көптеп аталды. Оның бәрі де жыл өткен сайын табыс пен түсімнің молайып, игілікті істердің қатары ұлғайып отырғанын көрсетті. Сонымен қатар, Жетісу жерінің тұмса табиғатын қорғау, азаматтардың жеке кәсіпкерлікпен айналысуы, жекешелендіру, мемлекет пен жекеменшік арасындағы әріптестік сынды аса маңызды мәселелердің тиімділігі де сөз болды. Үш тілді теңдей меңгеру жас ұрпақ үшін таптырмас мүмкіндік екендігі, ІТ технологияны меңгерудің тиімділігі, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шарасының әрбір тұрғынға берер пайдасы сынды бүгінгі күннің өзекті мәселелері де баяндамашының назарынан тыс қалмапты.
Көтерілген тақырыпқа қатысты талқылау үшін мінберге кезекпен көтерілген облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Рүстем Алпысбаев, облыстық ауылшаруашылық басқармасының басшысы Сексенбай Бекішев, облыстық кәсіпкерлік және индустрия­лық-инновациялық даму басқармасының басшысы Маржан Мұрат өз салаларына қатыс­ты мәліметтерді таныс­тырды.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Амандық Баталов жиналған көпшілікке Елбасының «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында көрсетілген міндеттер мен тапсырмаларды орындауға барлық күш-жігерді жұмылдыру қажеттігін ескертті.

Мәди АЛЖАНБАЙ