ҰЗЫНАҒАШТЫҢ КӘСІПКЕРІ ЖЕКЕ ҚАРАЖАТЫНА ЖАЗДЫҚ БАССЕЙН САЛДЫРДЫ

Уақыты: 31.07.2021
Оқылды: 1200
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Ұзынағаш ауылында жаздық хауыз ашылды. Бассейннің ашылуына аудан әкімі Нұрлан Ертас қатысып, тұрғындардың қуанышына ортақтасты. Ол халықтың бос уақытын тиімді өткізіп, жас ұрпақтың салауатты өмір салтын ұстануына септесетін осындай орындардың көп болуы аймақ дамуының бір көрсеткіші іспетті екенін атап өтті.

Бассейнді жеке қаражаты есебінен ашқан кәсіпкер Ерлан Әлімқұловтың игі бастамасын қолдап, құтты болсын айтқан аудан басшысы Нұрлан Ертасұлы нысанның лентасын қиып, қызмет көрсету орнының жұмысымен танысты. Бірі 160, екіншісі 180 сантиметр тереңдіктегі екі хауыз суды жылытатын, тазартатын құрылғылармен жабдықталған. Суға түсушілер арнайы құтқарушылардың қадағалауында болады. Аумағы бір гектар жерді алып жатқан демалыс кешені ересектер мен балаларға да арналған. Мұнда жаз кезінде демалушылар үшін барынша ыңғайлы жағдайлар жасалып, соған сай қажетті құрал-жабдықтар орнатылған.

Алғашқы келушілердің бірін әңгімеге тартқанымызда: «Есімім – Дәурен. Әдетте мұндай бассейндер қалалық жерлерде болушы еді. Ал ауылдарда кездестірмеппін. Мынадай ыстықта бір мезгіл суға шомылғанға не жетсін?! Көлге түсуге алысқа баратын едік. Енді, міне, дәл жанымызда ашылғанына қуаныштымын. Жағымды жаңалықты естіп, өз көзіммен көрейін деп отбасыммен келдім. Балаларым суға түсіп, мәз-мәйрам болып жатыр. Сусын ішіп, тамақтанатын орындары да бар екен. Әртістер де келіп, өнер көрсетеді деп жатыр. Осыны ашқан азамат халыққа керекті дүниені дәл тауыпты», – деді ол.

Ауданға іскерлігімен белгілі кәсіпкер Ерлан Әлімқұлов бұған дейін монша, тойхана, жиһаз цехы сияқты орындар ашып, 200-ден астам адамды тұрақты жұмыспен қамтып келді. Тағы бір тың шаруаны қолға алып, хауызды іске қосуы 20 адамның жұмысқа орналасуына мүмкіндік беріп отыр. Осылайша жиырма отбасы осыннан нәпақасын таппақ. Ал аудан тұрғындары суға түсетін көл іздеп алысқа сабылмай, жақын жердегі демалыс кешеніне келіп тұрмақ. 

Серік ӘШІМБЕКҰЛЫ

Жамбыл ауданы

Алматы облысы