МАМАНДЫҚ ТАҢДАУДА НЕ МАҢЫЗДЫ? ҚАЛТАНЫҢ ҚАЛЫҢДЫҒЫ МА ӘЛДЕ БЕДЕЛ МЕ?

Уақыты: 01.08.2021
Оқылды: 1365
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Мамандық таңдау неге байланысты? Қалтаның қалың болуына ма? Әлде мамандықтың қоғамдағы беделіне ме? Бұл - жастарды толғандырар сауал.

Мамандық таңдау қазіргі кезде қоғамда талқыға түсер үлкен мәселе. Өйткені жастар жан қалауымен қатар көп табыс табатын маман иесі болғысы келеді. Сол жұмыспен айналыса отырып қоғамға өз үлесін қосып, еңбек ету – әрбір жастың мақсаты болса керек.

Биыл мектеп бітірген түлектердің де армандаған оқу орны мен мамандығы бар және олар соған жету жолында еңбектенуде. Бірақ, барлық жас өзі таңдаған мамандығына түседі деп нық сеніммен айта алмаймыз. Себебі, қоғамда қалтаның қалыңдығы деген өзекті жағдаят бар. Ата-аналарымыздың көбі таңдаған мамандығымызға қолдау білдіреді. Бірақ кейбір оқу орындарының төлемақысының қымбат болуына орай қалтамыз ондай үлкен қаражатты көтере бермейді.

Әрине, біз де ата-анамызға ауыртпалық салмасақ дейміз. Бағы жанып мемлекеттік грантты иеленіп жатса ата-анаға да, балаға да үлкен қуаныш. Бірақ, ондай мүмкіндікке бәріміздің бірдей қолымыз жете бермейді. Грант саны шектеулі болғандықтан ҰБТ-дан жоғары нәтиже көрсеткендер ғана тегін оқумен қамтылады. Ал, қалған жастар 4 жыл ата-анасының қалтасын қағумен жоғары оқу орнын оқып бітіреді. Сөйткенде жұмыс табыла қойса бір жөн. Ақша төлеп оқу оқып бір, одан жұмыс таппай екі сандаласың. Ал тапқан жұмысыңның жалақысы да мардымсыз болып жатады.

Ал енді негізгі ойға келер болсам, мамандық таңдау неге байланысты? Қалтаның қалың болуына ма, әлде мамандықтың қоғамдағы беделіне ме?

Біріншіден, мамандыққа деген құрмет пен ниет керек. Мамандық таңдау, ең алдымен, қабілет-қарымға байланысты. Мысалы, өзім таңдаған мамандық – тілші (журналистика). Қазіргі таңда таңдаған мамандығыма ризамын және оған қабілетім жетеді деп білемін. Екіншіден, адамға өзіне деген сенім керек, сонда ғана өзгелерді сендіре алады деп ойлаймын.

Мамандықтың қоғамдағы беделі мен үшін маңызды емес. Өзім сүйген мамандығымның, еңбегімнің жемісі, қоғамдағы орным мен үлесім маңызды. Әрине, оқуымды бітіріп, дипломымды алған соң мен де өз Отаныма, ұлтыма қызмет еткім келеді. Бірақ, біз сияқты жастардың жанайқайын қоғам түсінсе, қиналмай оқу оқып, жұмыс табуға мүмкіндік жасаса дейміз. «Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан тусын!» дегендей, жастарға бүгін жағдай жасалса, ертең соны еселеп қайтарары анық.

Жанел РАХЫМБЕРЛИНОВА

Көпбірлік ауылы,

Қаратал ауданы

Алматы облысы