СҮЙІНШІ! ХАЛЫҚ САНЫН 19 МИЛЛИОНҒА ЖЕТКІЗГЕН БАҚЫТТЫ СӘБИ КІМ?

Уақыты: 03.08.2021
Оқылды: 2023
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Сүйінші! Ақжолтай хабар! Қазақстан халқының санын 19 миллионға толтырған бақытты сәби Алматы облысының Іле ауданында тұратын отбасында өмірге келді. Қуанышты жайтты бірінші болып Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ жариялап, бауы берік болсын айтты. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Сәбидің аты-жөні - Жәния Азаматқызы. Отбасында төртінші бала. Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, сәбидің ата-анасы Азамат Әбілғаппарұлы мен Назгүл Балтабайқызы Іле ауданының Чапаев ауылында тұрады. Шақалақтың әкесі 1982 жылы, анасы 1986 жылы өмірге келген. Бала 2021 жылдың 20 маусымында Алматы қаласының перзентханасында туған.

Мемлекет басшысы әлеуметтік желідегі парақшасына: "Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында Қазақстан халқының саны тарихи межеге жетті. Алматы облысында дүниеге келген Жәния Азаматқызы еліміздің он тоғыз миллионыншы азаматы ретінде тіркелді. Жәния - отбасында төртінші бала. Ата-анасы мен қазақстандықтарды осы қуанышпен құттықтаймын. Бауы берік болсын!» - деп жазды.

Естеріңізге саламыз, 2017 жылы Талдықорған қаласында өмірге келген Муслима Саматқызы санақ бойынша еліміздің 18 миллионыншы тұрғыны атанған болатын.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет ғаламтордан алынды