АМАНДЫҚ БАТАЛОВ 19 МИЛЛИОНЫНШЫ ТҰРҒЫННЫҢ ОТБАСЫН ҚҰТТЫҚТАДЫ

Уақыты: 04.08.2021
Оқылды: 1027
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Еліміздің 19 миллионыншы тұрғыны Жәния Азаматқызының өмірге келуіне байланысты Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ сәбидің ата-анасы, Іле ауданының тұрғындары Нұрғалиевтар отбасына құттықтау хат жолдады. Бұл туралы "Жетісу" газеті облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.

«Қазақстанның 19 миллионыншы тұрғыны Жания Азаматқызының Жетісу жерінде, сіздердің отбасыларыңызда өмірге келуімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – ел тәуелсіздігінің 30 жылдығындағы айтулы оқиға, бір отбасының ғана емес, барша жұртшылықтың қуанышы. Осы ақжолтай сүйінші хабарды Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жариялаған сәтте оны, әсіресе, жетісулықтар зор ризашылықпен қабылдады. Осыдан небары төрт жыл бұрын біздің Алматы облысында мемлекетіміздің 18 миллионыншы тұрғыны Мүслима Саматқызы дүние есігін ашқан еді. Міне, аз ғана уақытта еліміз демографиялық өсімнің нәтижесінде 19 миллионыншы межеге жетіп отыр. Бұл - Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің, халықтың болашаққа деген зор сенімінің айқын көрінісі. Барша жетісулықтардың атынан кішкентай сәбидің аман-сау ер жетіп, елдің абыройлы азаматы болып өсуіне тілектестік білдіремін! Отбасыларыңызға бақ-дәулет, ұрпақтарыңызға жарқын өмір тілеймін. Ел ішінің тыныштығы мен берекесі нығайып, халқымыздың ырысы арта берсін!» - делінген құттықтау хатта.

Жалпы, қазіргі таңда Алматы облысындағы тұрғындар саны 2 миллионнан асады.

Амандық Баталов желідегі парақшасы арқылы да Нұрғалиевтер отбасын құттықтап, суретін жариялады. "Қазақстанның 19 миллионыншы тұрғыны Азаматқызы Жанияның бауы берік болсын! Осыдан төрт жыл бұрын да дәл осындай қуанышқа кенеліп едік. Еліміздің 18 миллионыншы тұрғыны Мүслима Саматқызы Талдықорғанда дүниеге келген болатын. Сол кезде бұл сүйінші хабарды көлікте кетіп бара жатқанымда бұрынғы Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов телефон шалып айтқан еді. Биыл да 19 миллионыншы тұрғын туралы игі жаңалықты тағы да Тимур Мұратұлы хабарлады. Осылайша қуанышқа қуаныш қосылып жатыр. Дегенмен қызық дерек болған соң мен одан мұндай есептің қалай жүргізілетінін сұрадым. Ол реттік қатарды электронды база автоматты түрде өзі есептеп шығаратынын айтты. Шынында, керемет сәйкестік! Осылайша Алматы облысының қатарынан екі рет мерейі үстем болды! Алматы облысы – Елбасымыздың да, Президентіміздің де туған жері. Өңір барлық салаларда алдыңғы қатарда. Соның нәтижесінде туу көрсеткіші жылдан жылға артып келеді. Мәселен, біздің облыста жыл сайын 50 мыңдай бала бірінші сыныпқа барады. Балалар - біздің байлығымыз! Сондықтан 19 миллионыншы тұрғынның да жер жаннаты Жетісуда өмірге келуі - біз үшін үлкен қуаныш! Осындай жақсылықтар жақсылыққа ұласа берсін. Жанияның дені сау, ғұмыры ұзақ, болашағы жарқын болсын!" - деп жазды облыс әкімі әлеуметтік желіде.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"