ЖАМБЫЛДАҒЫ ЖАРЫЛЫС: МАРҚҰМДАРҒА МЕМЛЕКЕТТІК НАГРАДА БЕРІЛДІ

Уақыты: 29.08.2021
Оқылды: 1324
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен әскери және қызметтік борышын атқаруда көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін Жамбыл облысындағы әскери қойма жарылысында қаза тапқан азаматтар мемлекеттік наградамен марапатталды. Оның ішінде бір қызметкерге "Халық қаһарманы" атағы тапсырылды. Бұл туралы "Жетісу" газеті Ақордаға сілтеме жасап хабарлады.

"Қазақстан Республикасына сіңірген аса үздік еңбегі, қызметтік борышын атқаруда көрсеткен ержүректігі мен жанқиярлығы үшін Жамбыл облысы төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі бастығының орынбасары Мейіржан Қақпасынұлы Аймановқа «Халық қаһарманы» атағы беріліп, айрықша ерекшелік белгісі – Алтын жұлдыз бен «Отан» ордені тапсырылсын (марқұм)", - делінген Президент Жарлығында.

Ал І дәрежелі «Айбын» орденімен наградталғандар: Қапезов Арман Қуанышұлы (марқұм) – Бас әскери прокуратураның Оңтүстік аймақ әскери прокуроры, Микропуло Александр Николаевич (марқұм) – Төтенше жағдайлар министрлігі Жамбыл облысы төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі өрт сөндіру кезекші қызметінің жедел кезекшісі (өрт сөндіру жетекшісінің орынбасары).

ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен наградталғандар: Дәлібаев Оразбек Дайраұлы (марқұм) – Қорғаныс министрлігі № 28349 әскери бөлімі ведомстволық күзет командасының атқышы, Жанболатов Руслан Жүрсінбайұлы (марқұм) – Қорғаныс министрлігі №28349 әскери бөлімі өртке қарсы қорғаныс және құтқару жұмыстары әскери командасының маманы (өрт сөндірушісі), Мешінбай Марат Сайлауұлы (марқұм) – Қорғаныс министрлігі № 28349 әскери бөлімі өртке қарсы қорғаныс және құтқару жұмыстары әскери командасының маманы (механик-жүргізушісі), Нәдірбеков Еркін Ерікбайұлы (марқұм) – Қорғаныс министрлігі №28349 әскери бөлімі өртке қарсы қорғаныс және құтқару жұмыстары әскери командасының бөлімше бастығы (команда бастығы), Сандыбаев Елдос Қадырбайұлы (марқұм) – Төтенше жағдайлар министрлігі Жамбыл облысы төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі №3 өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндіруші-құтқарушысы Темірболатов Арнұр Серікұлы (марқұм) – Төтенше жағдайлар министрлігі Жамбыл облысы төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі № 3 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіруші-құтқарушысы, Төребеков Тәңірберген Құдайбергенұлы (марқұм) – Төтенше жағдайлар министрлігі Жамбыл облысы төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндіруші-құтқарушысы.

Еске салсақ, 26 тамыз күні кешкі сағат 19.00 шамасында Жамбыл облысының Байзақ ауданындағы №28349 әскери бөлімнің оқ-дәрі қоймасынан өрт шығып, жойқын жарылыс болған еді. Соңғы дерек бойынша сол жарылыстардың салдарынан қаза тапқан әскерилер мен құтқарушылар саны 13 адамға жетті. Қорғаныс және Төтенше жағдайлар министрліктері әлі бірер адаммен байланыс орната алмай отыр.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"