АЗЫҚ-ТҮЛІК БАҒАСЫ ТАҒЫ ШАРЫҚТАЙ МА? ҮКІМЕТ БАСШЫСЫ НЕ ДЕДІ?

Уақыты: 28.09.2021
Оқылды: 1420
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Үкіметтің Цифрлық офисінде орталық мемлекеттік орган басшылары мен облыс, қала әкімдерінің қатысуымен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын реттеу мәселелері бойынша кеңес өткізді.

ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов, Ауылшаруашылық министрі Ербол Қарашөкеев, «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Сапархан Омаров, Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин ағымдағы жағдай мен атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Сонымен қатар, Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов және Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек сөз алып, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы жайлы атап өтті. 

– Азық-түлік бағасының өсуіне жол бермеу үшін 3,7 миллиард теңге көлемінде қаражат бөлдік. Шағын кәсіп иелеріне аз пайызбен несие берудеміз. 1,2 миллиард теңгеге 8 667 тонна азық-түлік сатып алдық. Қант, май, қарақұмық және басқа да өнімдердің бағасы бақылауда. Әлеуметтік маңызы бар нан өнімдерінің бағасын қалыпта ұстап тұру үшін «Ақсай» нан-тоқаш комбинаты, «Боралдай нан», «Сардар LTD» ЖШС-лері секілді ірі компаниялармен қаржылай келісімшартқа отырдық, – деді аймақ басшысы Амандық Ғаббасұлы.

Аграрлық елдердегі, оның ішінде ҚР-дағы қолайсыз климаттық жағдайлар негізгі ауылшаруашылығы дақылдары шығымдылығының төмендеуіне алып келді. Осыған байланысты бағаның өсуі, сондай-ақ, көрші елдер тарапынан ауылшаруашылығы өніміне сұраныстың артуы байқалады. Биыл 8 айда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсуі 9,7% құрады. Соңғы айда бағаның 0,7 пайызға төмендеуі байқалады. 

– Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсуіне жол бермеу мәселесі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ерекше бақылауында. Азық-түлік бағасы – бұл әлеуметтік өзекті мәселе. Үкімет инфляцияға қарсы ден қою шараларының кешенін, бірінші кезекте АӨК секторындағы құнды қалыптастырудың бүкіл тізбегі бойында бағаларды тұрақтандыру бойынша іске асырады, – деді Асқар Ұзақбайұлы. 

Инфляцияға қарсы ден қою шаралары аясында 2021 жылы «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ 87 млрд.теңгеге (2020 жылы 40 млрд.теңгеге) ауылшаруашылығы өнімдерін сатып алуды жоспарлап отыр. Бұл ретте сатып алынатын дақылдардың тізбесі 4-тен 9-ға дейін кеңейтілді: жұмсақ бидай, қатты бидай, арпа, сұлы, күнбағыс, рапс, зығыр, соя, қарақұмық. Аталған өнімдер ішкі нарықты қамтамасыз ету үшін, оның ішінде ұн тарту кәсіпорындарына, құс және мал шаруашылықтарына өткізу үшін пайдаланылатын болады.

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі бағаны төмендету туралы 68 хабарлама шығарды, 8 тергеу тағайындалды. Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында, Қостанай, Қарағанды, Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында ӘМАТ-та сауда үстемесінен асып кетудің және сыйақы алудың 46 фактісі анықталды. Осы өңірлердің басшыларына шекті сауда үстемесінен асыра белгілеген сауда субъектілерін жауапкершілікке тарту жөнінде шұғыл шаралар қабылдау қажеттігі атап өтілді.

Премьер-Министр Асқар Мамин әкімдіктер мен министрліктерге инфляцияға қарсы ден қою шаралары кешенінің уақытылы және толық орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды. Егін жинау маусымының аяқталуына байланысты әкімдіктерге «айналым схемасы» бойынша қосымша қаржы бөлуді жеделдету және өңірлік тұрақтандыру қорларына бұрын жеткізілген азық-түлік көлемін сатып алуды жүзеге асыру тапсырылды. Бұл ретте форвардтық сатып алу шеңберінде астық жеткізу бойынша «Азық-түлік корпорациясы» ҰК» АҚ алдына ауылшаруашылығы тауарын өндірушілердің міндеттемелерін орындау мәселесі қойылды.

Мәулен ӘНЕРБАЙ

Сурет ғаламтордан алынды