АУА РАЙЫНА БАЙЛАНЫСТЫ МЕРЗІМІНЕН БҰРЫН ЖЫЛУ БЕРІЛЕ БАСТАДЫ

Уақыты: 06.10.2021
Оқылды: 1206
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Күздің бел ортасына да таяп қалдық. Бұл мезгілде күн суытып, әлеуметтік нысандар мен көпқабатты тұрғын үйлер айтарлықтай салқын болады. Сол себепті қалалықтар ғимараттар мен баспаналарына уақытылы жылу берілгенін қалайды.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы қызметкерлерінің берген мәліметіне сүйенсек, аймақта аудан, қала әкімдерінің өкімдеріне сәйкес 2 қазаннан бастап Ақсу, Қаратал, Көксу, Райымбек, Талғар аудандары мен Текелі қаласында жылыту маусымы басталып кеткен. Ал қалған аудан, қалаларға жылу беру сыртқы ауа температурасына сәйкес осы айдың 6-сы мен 15-сі аралығында толық беріледі деп көзделіп отыр. Айта кетейік, жылыту маусымына дайындық және оны өткізу үшін облыс бюджетінен 13,4 млрд.теңге көлемінде қаражат бөлінген.

Облыстың орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйесіндегі негізгі жылу көздері жалпы қуаты - 777,8 Гкал. 35 қазандық (100 Гкал/сағ дейін 33 қазандық) болып табылады. Жылу желілерінің ұзындығы 514,8 шақырымды құрайды. Биыл жылумен қамтамасыз етудің 5 жобасын іске асыруға бюджеттен 3,3 млрд. теңге қаржы қарастырылған. Жылу беру маусымына энергия кәсіп­орындары үшін 405,3 мың тонна көмір, 15 мың тонна мазут қажет. Бүгінгі таңда барлығы 402,9 мың тоннасы сатып алынып, 161,8 мың тоннасы жеткізілген. Қоймаларда 57,4 мың тонна көмір, 4,8 мың тонна мазут бар.

Бюджеттік ұйымдарға 26,2 млн.литр сұйық отын, 23,9 мың тонна көмір және 4,3 мың тонна пеллет сатып алу үшін 6,5 млрд.теңге қаржы бөлінді. Объектілерге дизель отынының 57 пайызы, көмірдің 81 пайызы, пеллеттің 87 пайызы жөнелтілді. Халыққа 1,37 млн.тонна көмір қажет. Бүгінгі күнге дейін оның 761 мың тоннасы немесе 56 пайызы сатылған. Ал 72,2 тонна көмір тұйықтар мен қоймаларда бар. Орта есеппен тәулігіне 97 вагон көмір түсуде, соның 60 вагоны Алматы, қалғаны Талдықорған өңіріне жеткізілуде. Көмірдің орташа бағасы 14 000-14 500 теңгені құрайды.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы өкілдері Талдықорғанға да жылу беріле бастағанын хабарлады.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА

Сурет ғаламтордан алынды