ҚЫС КЕП ҚАЛДЫ. СОЛ БАЯҒЫ КӨМІРДІҢ ЖЫРЫ. ТАЛДЫҚОРҒАННАН РЕПОРТАЖ

Уақыты: 11.11.2021
Оқылды: 1148
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Жыл сайын күз айларында көмірге деген сұраныстың арта түсетіні анық. Биыл да дәл солай болып тұр. Осыған орай, "Жетісу" газетінің тілшісі Талдықорған қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің халықты қатты отынмен қамтамасыз ету жағдайын зерттеп көрді.

Аталған мекеменің ақпараты бойынша, жалпы Талдықорған қаласының тұрғындары қыстан қысылмай шығу үшін қажетті қатты отын көлемі 92 мың тоннаны құрайды. Олардың есебінше, 1 маусым мен 11 қараша аралығында 78,4 мың тонна көмір сатылған. Күніне орташа 9 вагон, 621 тонна көмір қаладағы тұйықтарға жеткізілуде. Қазан айында 22,1 мың тонна көмір сату жоспарланса, 273 вагон көмір жеткізіліп, 18,8 мың тонна қатты отын саудаланған. Қараша айына 21,3 мың тонна көмір сату жоспарланған. Бүгінде оның 104 вагон, 7,1 мың тоннасы  тұтынушылардың қажеттілігін қамтамасыз еткен.

Қала бойынша қатты отын сатумен 9 мекеме айналысады. Нақтылап айтар болсақ, «Сауда-Көмір» және «АРС» ЖШС мен «Абдраимов», «Айнабеков», «Уйсембеков», «Мусанов» ЖҚ Каражыра көмірін, «Нурбол», «Мергиязов», «Гасанов» ЖҚ Шұбаркөл көмірін сатады. Қоймада бір тонна көмірдің орташа бағасы 14,5 мың теңгені құрайды.

Біз қаладағы көмір сатумен айналысатын тұйықтарды аралап көргенімізде «Мергиязов» ЖҚ-не қарасты тұйықта көмірдің қауырт саудаланып жатқанын көрдік.

– Біз Шұбаркөл көмірін сатумен айналысамыз. Бүгін тұйыққа үш вагон (200 тонна) көмір жеткізіліп еді, түске дейін сатылып кетті. Тұйыққа 2-3 күнде көмір жеткізіліп тұрады. Осы арқылы тұрғындардың қажеттілігін қамтамасыз етуге тырысып келеміз. Десе де, көмір келмей қалған күндері кезектің болатыны рас, – дейді «Мергиязов» ЖҚ жетекшісі Шәкір Мергиязов.

Қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің айтуынша, қазір жолда 64 вагон (4416 тонна) көмір келе жатыр. Оның 12 вагоны Матай және Үштөбе стансысында тұр. Олар да бүгін, ертең қалаға жеткізіліп, сатылымға шығады. Күнделікті «ҚТЖ Жүк тасымалдары» АҚ-ның Талдықорған бөлімшесімен қатты отынның қала тұйықтарына келіп түсуі бойынша мониторинг жүргізілуде.

«Қыстың қамын жаз да ойла» дегендей, тұрғындарды қатты отынмен қамтамасыз ету тұрғысында қала әкімдігі жыл сайын тұрғындарға көмірді жаз мезгілінде сатып алуды түсіндіріп келеді. Алайда пышақ жұлынымызға тақалғанда қозғалатын әдетіміз де бар. Соның салдарынан күн суыта бастағанда қаптаған кезек орын алып жатады.

Қажет АНДАС

Алматы облысы