АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ХАЛҚЫНА ЖАҚЫН АУЫЛ ӘКІМДЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ

Уақыты: 10.12.2021
Оқылды: 1350
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Бүгін Алматы облысында ең үздік ауыл әкімі анықталды. Халқының бабын тауып, барын берген атқамінерлер, «Бесінші аймақ» тәуелсіз ақпараттық порталының нұсқасы бойынша, лайықты марапаттарына ие болды. Талдықорғандағы Журналистер үйінде бұқараның базыналы мәселесінің күрмеуін шешіп, түйінін тарқатып жүрген үздік әкімдер тұғырдан табылды.

Еңбегімен ер атанып жүрген әкімдер арасындағы аламан «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының негізінде жүзеге асты. Ғаламторы ғаламат, желісі жүйрік қоғамда басшылар арасындағы басты бәсекеде қатысушылардың әлеуметтік желідегі белсенділігі мен тұрғындардың сауалына жылдам жауап беруіне баса назар аударылды.

«Бесінші аймақ» ақпараттық сайтының директоры Әнуар Алдашевтің айтуынша, дәл осы ауыл әкімдері мемлекет пен қоғамның коммуникациясында алдыңғы қатарда тұр. «Бүгін біз байқау жеңімпаздарын ғана емес, мемлекет саясатын ең жақсы түрде жүзеге асыратын табысты басқарушыларды да марапаттаймыз. Жалпы, сәуір айынан бастап дауыс беруге 250 мыңнан астам интернет желісін пайдаланушылар қатысты, бұл бүкіл облыс халқының 10 пайыздан астамын құрады», - деп бөлісті Әнуар Алдашев.

Әлеуметтік желідегі дауыс беру нәтежиелері бойынша, елінің бағын жандыру арқылы өзі де бақытқа кенелген жандар жеңімпаздар қатарынан табылды. Атқарған жұмыстары ел көңілінен шыққан билік иелері бір дегенде бірнеше марапатты қанжығаларына байлады. Солардың бірі - Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Рахат ауылдық округінің әкімі Қуат Ақшабаев. Ол «Үздік сумен жабдықтау әкімі», «Электрлендіру бойынша үздік әкім», «Халықпен жұмыс жүргізу жөніндегі үздік әкім» деген үш бірдей аталымда топ жарды.

Ал «Ауылдық елді мекенді жарықтандыру бойынша үздік әкім» және «Аудан тазалығы мен қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару бойынша үздік әкім» номинациясының иегері, Еңбекшіқазақ ауданы Қаратүрік ауылдық округінің әкімі Айбек Ілебай атанды. Сонымен қатар, «Алматы облысының үздік аудан әкімінің аппараты» номинациясында Көксу ауданы жеңіске жетті.

Саясат сұрмергендерінің арасында өтен сайыста, «Алматы облысының әлеуметтік желідегі үздік ауыл әкімі - 2021» атағы мен І дәрежелі диплом Мәулен Базалиевқа бұйырды. Ол Көксу ауданы, Айнабұлақ ауылдық округінің әкімі қызметін атқарады. Ендігіде әкімдердің рейтингтері республикалық, облыс және ауданішілік болып бөлінетін болады. Алдағы уақытта  әрбір адам AKIMY.KZ жаңа мобильді қосымшасында ақ жағалылар жұмысының сапасын бағалауға мүмкіндік алады.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"