ЕСТІР ҚҰЛАҚ, КӨРЕР КӨЗ БАР МА? АЛМАТЫНЫҢ ІРГЕСІНДЕ АУЫЗСУ ЖОҚ

Уақыты: 17.07.2022
Оқылды: 1962
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Қайнар ауылдық округінің қарамағында 12 ауыл бар. Аумағы мен халық саны анағұрлым үлкен округте әлеуметтік маңызды мәселелер түйдек-түйдегімен кездеседі. Соның бірі – 20 жылдан астам жыр болған Қайнар ауылындағы ауызсу ұңғымасының жекеменшік жер аумағында қараусыз қалуы тұрғындардың неше жылғы зар-мұңына айналып келеді.

Мұны айтудан, жазудан әбден жалыққан халық "еститін Үкімет" барына сенуден қалған. Десе де, мәселенің түйіні тарқатылмайынша тыным таппауға бел буған ауыл белсенділері күні кеше тағы жиылып, аудан атқамінерлеріне өз базыналарын жеткізді.

- Қайнар ауылының басты проблемасы – ауызсу. Елді мекендердегі ауызсу жергілікті әкімшілік құрамындағы тұрғын үй коммуналдық мекемесіне тиесілі, яғни, олар мемлекет есебінен су ұңғымасын қазып, сорғы (насос) қояды. Тиісті жұмыстарды атқарады. Сөйтіп халықты жеткілікті ауызсумен қамтамасыз етеді. Бізде оның ешбірі жоқ. Біздің су ұңғымасы жекеменшік жерде қалып қойған. Оған не мемлекет, не жекеменшік жауапты емес. Жердің иесі мен жергілікті әкімшіліктің өзара келісімге келе алмауы салдарынан ауызсу ұңғымасы ашық-шашық жатыр. Маңайында мал да, жан да жүреді. Ешқандай санитарлық норма сақталмайды. Күндердің-күнінде халықтың уланып қалмауына немесе жұқпалы ауру тарамасына кім кепіл?! Су ұңғымасы сонау кеңестік кезеңнен келе жатыр. Сорғы үнемі істен шығады. Оның құны 500 мың теңгеден кем емес, оған жұмсалатын электр шығыны тағы бар. Осының барлығы халықтың титығына тиіп болды, – дейді ауыл тұрғыны Жақсылық Жұмаханұлы.

Қайнар ауылында екі мыңға жуық халық мекендейді. Ауыл іргесіндегі 100-ден артық түтіні бар «Бетбұрыс» деп аталатын саяжай тұрғындарының да көрген күні осы. Көпқабатты үйлерге жаздыгүні су көтерілмейді. Аулаларда балалардың ойын алаңы жоқ. Ондағы қоқыстан аяқ алып жүргісіз. Көгілдір газдың келмеуі де мұндағы халықтың ашу-ызасын тудырып, бір сөзбен айтқанда, өркениеттен жұрдай ауылда тұратындықтарын мойындаудан басқа амалдары қалмаған.

Ауыл тұрғындарының таптаурын болған талап-тілегін тыңдауға келген шенеуніктер жекеліктің аумағында қалған су ұңғымасының проблемасын түбегейлі шешуде заңға жүгінуден басқа жол жоқтығын ашып айтты.

Бүгінде бес мыңға жуық халқы бар Дәулет ауылының тұрғындары да дәл осы күйді кешуде. Ауыл тұрғындары көгілдір газдың, интернеттің, қалааралық транспорттың жоқтығына күйінеді. Ауылдың жай-күйіне алаңдаған ауыл белсенділері қыстай екінші қабатқа шелектеп көмір тасып, сыртқа күл шығарудан шаршағандарын айтып, шағымдарын жеткізді.

- Осы ауылда оннан артық екі қабатты тұрғын үй бар. 2018 жылдан бастап газ мәселесін айтудан жағымыз талды. Онда самайын ақ шалған кейуаналар мен көпбалалы отбасылар тұрады. Олардың барлығына қыс бойы екінші қабатқа отын-көмір тасу, күл шығару оңай емес. Қалаға қатынап жұмыс істейтін азаматтар көп, олардың ішінде менің де балаларым бар. Тура жүретін қоғамдық көліктің жоқтығынан Жаңалыққа дейін бір, одан әрі қалаға дейін екі шығындалады. Тапқан табыстары жол ақысынан артылмайды. Кей күндері такси де тапшы болып, жетер жерге жете алмай әуреге түсеміз, – деп күйінген Дәулет ауылының тұрғыны, зейнеткер Әсем Атагелдиева ауызсуға жарымай отырғандарын жасырмады. Күндіз су көрмейтін тұрғындар түнгі уақытта там-тұмдап келген суды ыдысқа толтырып, кір-қоңын жуып алатынын айтады.

Ал пайдалануға берілгеніне 2 жыл ғана болған жаңа мектептің қабырғасы айырылып, сылағы түсіп тұрғаны да ауыл тұрғындарының ашу-ызасын тудыруда. Осылайша иесіздің күйін кешіп жүрген тұрғындар бұл мәселелердің алғаш көтеріліп отырмағанын, естір құлақ, көрер көздің жоқтығын, билік өкілдерінің құлықсыздығын айтып күйінуде.

Ұлбосын ИСАБЕК

Талғар ауданы,

Алматы облысы