БАЛҚАШ АУДАНЫНДА ПАРТИЯ КӨМЕГІМЕН 20 ЖАЛГЕРЛІК ТҰРҒЫН ҮЙ САЛЫНУДА

Уақыты: 14.08.2022
Оқылды: 1238
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Биыл аудан орталығынан бірнеше жалгерлік тұрғын үй салу жоспарланған. Қазіргі таңда Бақанас ауылында «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында 20 жалгерлік тұрғын үй құрылысы қарқын алды.

Аталған үйлердің құрылысы аудан әкімінің назарында болғандықтан салаға жауапты мамандар оны жіті бақылауға алған. Жақында аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Айбын Жұмабеков аудан орталығында салынып жатқан тұрғын үйлердің құрылысын көріп қайтты. Құрылыс жұмыстарын жүргізуді өз жауапкершіліктеріне алған «Асан М Компани» ЖШС бас инженері Жеңіс Мақұлов пен құрылыс прорабы Жанат Әшімов, құрылыс шебері Марат Нұрбаев аудандық құрылыс бөлімінің басшысына құрылыстың сызбасын көрсетіп, бүгінге дейін жасалған жұмыстарды және алдағы күндері атқарылатын істерді айтып берді.

Құрылыс инженері Жеңіс Жақсылықұлының сөзінше, аталған үйлердің құрылысы мамыр айының соңында басталып, бүгінге дейін іргетасы қаланған. Қазіргі кезде үй қабырғасының кірпіші қалануда. Жұмысшылар да жеткілікті. Әзірге 58 адам жұмыспен қамтылса, оның 5-уі – аудан азаматтары. Солардың бірі – Бақанас ауылының тұрғыны, құрылыс шебері Марат Нұрбаев. Ол аудан орталығынан мамандығы бойынша жұмыс тапқанына қуанышты. Айтуынша, жалақысы уақтылы беріледі және аудан азаматы ретінде үйдің сапалы салынуына бар ынта-жігерін арнауда.

Айбын Жұмабеков: «Бақанас ауылында бой көтеріп жатқан 3 бөлмелі тұрғын үйлердің әрқайсысы 70 шаршы метрді құрайды. Жалпы сметалық жоба құны 445,6 млн.теңге болса, тұрғын үйлердің құрылысын жүргізуді өз жауапкершіліктеріне алған «Асан М Компани» ЖШС 375,9 млн.теңгеге келісімшарт жасаған. Олар құрылысты қараша айына дейін аяқтауды көздеп отыр. Қазіргі кезде құрылыстың қарқыны қызу. Ал «Энергохолдинг LTD» ЖШС тұрғын үйлердің инженерлік желілерінің құрылысы мен абаттандыру жұмыстарын жүргізуді міндетіне алған», – дейді. Сонымен бірге, алдағы күндері тағы осындай 30 жалгерлік тұрғын үй құрылысы басталмақ. Қазір олардың орны белгіленіп, қажетті құжаттары жасалуда. Ол үйлердің де құрылысын «Асан М Компани» ЖШС жүргізбек, инженерлік-желілерінің құрылысы мен абаттандырылуын «Жаңарту» ЖШС атқаратын болады. Бұл үйлердің құрылысы келесі жылы аяқталады деп жоспарлануда.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА

Балқаш ауданы

Алматы облысы