ҚАСКЕЛЕҢ ӨЗ МӘРТЕБЕСІНЕ САЙ ЕМЕС. ӘКІМГЕ ЖАҢА МІНДЕТ ЖҮКТЕЛДІ

Уақыты: 15.08.2022
Оқылды: 1028
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Алматы облысының әкімі Марат СҰЛТАНҒАЗИЕВ Қарасай ауданы активінің отырысын өткізді. Отырыс барысында ауданның жаңа әкімі таныстырылды. Ол Жасұлан Естенов болды.

Марат Елеусізұлы Жасұлан Естеновтің басқару тәжірибесі мол екенін айтты. Оның білім-біліктілігі Қарасай халқына оң ықпалын тигізеді деген сенімін білдірді. Жаңа аудан әкімінің алдында үлкен міндеттер тұр. Олар барлық экономикалық және әлеуметтік салаларға қатысты. Бірақ облыс әкімі Жасұлан Естеновтің назарын бірінші кезектегі мәселелерге аударды. Бүгінде аудан орталығы Қаскелең өзінің мәртебесіне сай келмейді. 

Қысқа мерзімде қалалық коммуналдық шаруашылықтағы кемшіліктерді жою қажет. Аудан орталығында көшелерді жөндеу және кеңейту жұмыстары толық көлемде жүргізілмеген. 

Жолдар, көлік, энергия мәселесі де аудан әкімінің жұмысындағы басымдықтардың бірі. Ауылда, қала маңында орын алған проблемаларды жою бойынша шаралар кешені құрылды. Аудан әкімі батыл әрі жедел әрекет етуі тиіс. Бұл ретте қарапайым азаматтардың мүдделерін басшылыққа алу керек. Қызметті бағалау оның нәтижелері бойынша беріледі.

Жасұлан Естенов облыс әкіміне сенім білдіргені үшін алғысын айтты. Ол Марат Сұлтанғазиевті өзіне берілген тапсырмаларды орындауға бар күшін салатынына сендірді. Ауданның жаңа басшысына аудандық мәслихат депутаттары жылы лебіздерін арнады. Олар оны Қарасай жерінің игілігіне бағытталған барлық бастамаларда қолдауға дайын.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды