БЕЙБІТ ИСАБАЕВТЫҢ ҚАБЫЛДАУЫНА 10 АДАМ КІРДІ - ЖЕТІСУ ОБЛЫСЫ

Уақыты: 04.11.2022
Оқылды: 1233
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Жетісу облысының әкімі Бейбіт ИСАБАЕВ жеке азаматтар үшін қабылдау өткізді. Қабылдауға өңірдің аудан-қалаларынан 10 азамат кірді. Онда негізінен мемлекеттік тұрғын үй қорынан үй алу, жер учаскесінің кезегі, әлеуметтік көмек көрсету сияқты өзекті мәселелер көтерілді.

Бұл туралы Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Тұрғындардың басым бөлігі негізінен баспана мәселесімен жүгінді. Бұл орайда әр түрлі санат бойынша кезекте тұрған азаматтарға тұрғын үй кезек ретімен берілетіні түсіндірілді. Облыс әкімі Бейбіт Исабаев өңірде құрылыс қарқыны жылдамдатылып, Талдықорғанда  тұрғын үйлерді бұрынғыдан екі есе көп салуға жағдай жасалатынын айтты. Соған сәйкес кезек реті де неғұрлым тезірек жылжып, бұл өз кезегінде мұқтаж жандардың баспаналы болуына мүмкіндікті молайтпақ.

Сол сияқты денсаулық жағдайы мәселесіне қатысты онлайн байланысқа шыққан Азамат Есбосыновқа да тиісті көмек көрсетудің жолдары қарастырылатын болды.

Әкімнің қабылдауына келген Ескелді ауданы Қайнарлы ауылының тұрғыны, 7-сынып оқушысы Әлихан Хажатұлы осы жылдың шілде айында Грузияның Батуми қаласында 12 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында шахматтан өткен Әлем чемпионатында (онлайн) чемпион атанған болатын. Жас спортшының әкесі баласының алдағы уақытта да түрлі халықаралық жарыстарға қатысуына облыс тарапынан қаржылай қолдау көрсетілсе деген тілегін жеткізді. Облыс әкімі Бейбіт Исабаев Әлихан Хажатұлының шахматтан облыстың құрама командасына қабылданатынын айтты.

«Талабыңа нұр жаусын. Команда құрамында халықаралық жарыстарда тек облыстың ғана емес, еліміздің намысын қорғайсың. Сондықтан мықты дайындық жасап, осындай жақсы көрсеткішке жете бер. Біз саған әрдайым қолдау көрсетеміз», - деді Б.Исабаев.

Сол сияқты бірқатар азаматтар ауған соғысы ардагерлеріне әлеуметтік қолдау көрсету, тұрғын үй салуға және жеке бизнес ашуға жер учаскелерін беру, ауыл шаруашылығы жерлерін мақсатты пайдалану және басқа да мәселелерге қатысты сауалдармен жүгінді. Көтерілген барлық мәселелер назарға алынып, заң аясында тиісті шешімі қарастырылатын болады.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"