МҰҚТАЖДАРҒА ҚОЛ ҰШЫН СОЗУ - БҮКІЛ АДАМЗАТТЫҢ МІНДЕТІ. ІЗГІ ЖАНДАРҒА ҚҰРМЕТ

Уақыты: 08.11.2022
Оқылды: 1547
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Өткен аптада Жетісу және Алматы облыстарында Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлері күні аталып өтті. Салтанатты жиынға осы саланың қызметкерлері мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.

Мерекелік шараға арнайы келген Жетісу облысы әкімінің орынбасары Рустам Әли әлеуметтік саланың жүгін көтеріп жүргендерге облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың құттықтауын жеткізіп, мемлекет қуаттылығының негізгі көрсеткіші әлеуметтің әлеуетіне байланысты екенін атап өтті.

«Облыста әлеуметтік бағытқа ерекше көңіл бөлініп отыр. Қазіргі кезде бұл салада 3 мыңнан астам қызметкер еңбек етеді. Олар мұқтаж жандарға көмек қолын созып, тұрмыстық жүгін жеңілдетуге бар күш-жігерін жұмсап келеді», – деді әкім орынбасары.

Халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында мемлекеттік тұрғыда көптеген іс-шара атқарылуда. Бөлінетін қаржы көлемі де жыл санап артып отыр. Биыл бұл көрсеткіш 23 млрд.теңгеден асты. Әлеуметтік саланың басты бағытының бірі – жұмыссыздықпен күрес. Мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуы нәтижесінде еңбек нарығындағы жағдай тұрақтанып келеді. Облыс бойынша биыл 22 мың адам жұмыспен қамту  шараларына тартылды. Соның ішінде 5,5 мыңы тұрақты жұмысқа орналасты.

Осындай көрсеткіштерді тілге тиек еткен Рустам Әли әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерін мерекемен құттықтап, бірқатар қызметкерді облыс әкімінің Құрмет грамотасы, Алғыс хаты, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «Еңбек ардагері» медалі және «Әлеуметтік-еңбек саласының үздігі» төсбелгісімен марапаттады.

Марапаттаудан кейін әлеуметтік сала қызметкерлері сөз алып, облыс әкімдігіне алғыстарын білдіріп, ұсыныс-тілектері мен алдағы атқаратын жұмыстары жайында ортақ ой-пікірлерін ортаға салды. Мерекелік шараның соңы әсем әнге ұласып, естелік суретке түсумен аяқталды.

***

Қонаев қаласында өткен іс-шараға әлеуметтік сала ардагерлері, аудандық, қалалық жұмыспен қамту және арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарының қызметкерлері қатысты.

«Табиғатта барлық жылу Күннен тараса, адамзатта жүректен тарайды. Сіздердің қоғам игілігі жолында кең пейіл, таза жүрек, адал ниетпен атқарып жатқан жұмыстарыңызға алғыс білдіреміз. Биыл Тәуелсіздіктің 31 жылдығы қарсаңында осы кәсіби мерекенің атап өтіле бастағанына он бір жыл толып отыр. Бұл – жауапкершілігі мол, ауыр салада аянбай еңбек етіп жүрген сіздерге деген мемлекетіміздің құрметі деп білемін», – деді алғашқы құттықтау сөзді алған өңір басшысы Марат Сұлтанғазиев.

Облыс әкімінің айтуынша, өңірдегі әлеуметтік салада 1,5 мыңнан астам қызметкер еңбек етеді.

«Мұқтаж жандарға көмек қолын созып, мейірімін төгіп, ізгіліктің жаршысы болған өздеріңіздей мамандар азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға бар күш-жігерін жұмсап келеді. Бұл іске қоғамның өзге де өкілдері белсене ат салысып жатыр. Олардың қатарында үкіметтік емес ұйымдар, медициналық мекемелер, кәсіпкерлер және басқа да жанашыр азаматтар бар», – деді облыс әкімі.

Салтанатты жиынның концерттік бөлімінде «Қамқор жүрек» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Ләззат Салықова «Я строю планы на завтра» әнін орындады. Сондай-ақ, «Жерұйық» тобы, «Аяла», «Шарапат» арнаулы әлеуметтік көмек көрсету орталықтарының бейімделушілері өз өнерлерін ортаға салды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"