ҚОНАЕВ ҚАЛАСЫНДА ЖАҢАДАН 107 ТҰРҒЫНҮЙ САЛЫНАДЫ - БАСПАСӨЗ МӘЖІЛІСІ

Уақыты: 12.11.2022
Оқылды: 1104
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Қонаев қаласында жаңадан 107 тұрғынүй салынады. Бұл туралы Қонаев қаласының әкімі Нұрлан Құматаев баспасөз брифингінде айтты.

«Қазіргі таңда, өздеріңіз көргендей, «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 10 ықшамауданда 60 пәтерлі үш тұрғын үй салынып жатыр. Бұл жобаға биыл 1 млрд.662 млн.теңге бөлінді, ал жалпы сомасы 2 млрд.850 млн теңге. Ең алдымен пәтерлер кезекте тұрған мемлекеттік қызметкерлерге беріледі», – деді әкім.

Нұрлан Құматаевтың ақпаратына қарағанда, қаладан үй соғу үшін шамамен 50 гектар жер бөлінді. Мұнда барлығы 107 көппәтерлі тұрғын үй бой көтереді. Оның 13-і бюджет есебінен, қалғаны жеке компаниялардың есебінен салынады. Ендігі жылы «Жайлы мектеп» бағдарламасы бойынша 900 және 1200 орынды екі мектептің құрылысы басталады. «Сондай-ақ бір уақытта 150 баланы қабылдайтын емхана мен үлкен балабақша салу жоспарланып отыр. Қазір қаланың бас жоспарын әзірлеп жатырмыз. Ол бекітілгеннен кейін әлеуметтік нысандар, әкімшілік ғимараттар мен бизнеске арналған орындарды белгілейміз», – деді шаһар басшысы.

Ақерке ЖҰМАҒАЗЫҚЫЗЫ

Алматы облысы