ЖҰМЫС БЕРУШІЛЕР КҮНІНЕ ОРАЙ БІРНЕШЕ МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ

Уақыты: 16.11.2022
Оқылды: 951
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Жұмыс берушілер күніне орай Талғар политехникалық колледжінде «дөңгелек үстел» ұйымдастырылды. Білім беру процесін жақсарту, әріптестік пен тәжірибенің мүмкіндіктерін ұсыну мақсатында өткен шараға 25 әлеуметтік серіктестік өкілі қатысты. Жалпы, облыс бойынша Жұмыс берушілер күніне орай бірнеше меморандумға қол қойылып, жаңа келісімшарттар жасалды.

Жиында Талғар политехникалық колледжінің директоры, «Құрмет» орденінің иегері Райхан Садықова сөз сөйлеп, әлеуметтік серіктестіктермен тығыз байланыс орнату, жаңа серіктестер қатарын ұлғайту және корпоративтік басқару туралы үшжақты келісімді жаңалау, түлектерді жұмыспен қамту, өндірістік тәжірибе сапасын арттыру міндеттері жайлы баяндады.

Конференция жұмысына колледждің әлеуметтік серіктестіктері КПК "ZETA", "Clotwell", "Texti Market", "Glasman", "Maki- Maki" жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерімен қатар, жеке кәсіп иелері қатысып, өз ойларын ортаға салды.

Жиында жастардың өндірістік тәжірибеден өтуін қадағалаудың маңыздылығы қозғалды. "Студенттер мамандықты меңгеруге құлықты, ынтасы зор болуы керек", – деген "Glasman" ЖШС өкілі Юлия Бочарова жақсы маман болу үшін оқумен қатар практиканы үзбей ұштастыру қажеттігін айтты.

- Үш жыл аспаз мамандығын оқып, өндірістік тәжірибеден өтуге келген студенттердің кейбірі қолына пышақ ұстауды білмей жатады. Менің ойымша колледж қабырғасында кәсіпке даярлауда салғырттық бар сияқты. Сондықтан шеберлік сабақтарын ұйымдастырудың тиімділігі зор, – деді "Маки-Маки" суши-бардың бас аспазы Бағлан Нұрғали.

Конференцияға қатысқан өзге де кәсіпорын жетекшілері жастардың өз ісіне деген қызығушылығын мектеп жасынан оятып, ата-аналар тарапынан түсіндірме жұмыстар жүргізілу керектігі туралы ойларын ортаға салды.

Жұмыс берушілер күніне орай түс ауа Талғар агробизнес және менеджмент колледжінде де «дөңгелек үстел» ұйымдастырылды. Онда облыстық білім басқармасының басшысы Салтанат Беспаева, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Айгүл Ахметова, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Алматы облысы бойынша өкілі Қуандық Сағатбекұлы баяндама жасап, еңбек нарығы, кәсіпкерлікті дамыту, маман даярлау тақырыбында тәжірибе бөлісіп, өзекті мәселелер бойынша туындап отырған кедергілердің шешу жолдарын әңгімеледі.

Айта кетерлігі, Жұмыс берушілер күніне орай облыстағы 43 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымы «дөңгелек үстел» ұйымдастырып, оған 136 жұмыс беруші мен 8200 студент қатысты. Сонымен қатар, кәсіпорындармен 5 меморандумға қол қойылып, 20 келісімшарт жасалды. Шара аясында Алматы облысы бойынша 41 кәсіпкер Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігінің, 14 кәсіпкер облыс әкімдігінің, 19 кәсіпкер білім басқармасының Алғыс хат, грамоталарымен марапатталды.

Ұлбосын ИСАБЕК

Талғар ауданы

Алматы облысы