«Мектепке жол!»:Балаларға бұйымдар мен тәттілер таратты

Уақыты: 26.08.2023
Оқылды: 857
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Адам бойындағы ізгі қасиеттің бірі – қайырымдылық. Бұл қазақтың қанына әлімсақтан сіңген. Ұлтымыз құлағанын тұрғызып, сүрінгеніне демеу болған халық. Обалды ойлап шалыс баспаған, сауапты істен қалыс қалмаған.

«Жігер» қоғамдық бірлестігі Талдықорған қаласындағы Достық үйінде шарапаты мол шара өткізді. «Мектепке жол!» қайырымдылық акциясы аясында жиырмадан аса балаға қолдан жасалған бұйымдар мен тәттілер таратты. Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды әлеуметтік және құқықтық қорғау жөніндегі облыстық қоғамдық бірлестік қолөнер туындыларын көпшілік назарына ұсынды.

Аталған шараның басты мақсаты – аз қамтылған, көпбалалы отбасылардан шыққан, жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға әлеуметтік көмек көрсету. Оларды мектепке даярлап, көңіл-күйлерін көтеру.

Айта кетейік, «Жігер» мүмкіндігі шектеулі азаматтарды әлеуметтік және құқықтық қорғау жөніндегі облыстық қоғамдық бірлестігі 2009 жылы құрылған. Онда жиырмаға жуық адам қызмет етеді. Негізгі жұмыстары тігін тігумен айналысады. Киілген, ескірген киімдерді өңдеп, мұқтаж жандарға тегін таратады.

Бірлестік он үш жыл ішінде 20-дан астам жобаның жүзеге асуына мұрындық болған. Соның бірі – «Ескі заттарға жаңа өмір» қайырымдылық жобасы. 2020 жылы бұл жоба Алматы облысының үздік әлеуметтік жобасы болып танылған. Аталған бірлестік мүгедек әйелдер мен көпбалалы аналарды тігу курстарында оқытып, оларға кәдесыйлар жасап, қуыршақ  тігуді үйретіпті.

«Жігер» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Ажар Қыдыралина «Шын ынталы адам бәріне қол жеткізеді», – дейді. Әрқашан көмек сұраған жанға қол ұшын созу нағыз адамгершілік екенін айтады.

Ажар Сыдықбекқызы «Жомарт жүрек» республикалық байқауының жеңімпазы, «OZGERIS ustasy» республикалық сыйлығының финалисі болған.

Медет ЖҰМАБАЙ