ДӘРІГЕРЛЕРДІ ОҚЫТУҒА ГРАНТ, КӨТЕРМЕ ҚАРЖЫ БЕРІЛЕДІ

Уақыты: 26.08.2023
Оқылды: 724
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Жетісу өңірінде 362 медициналық  мекеме бар.  Оның 314-і мемлекеттік, 48-і жекеменшік.  Облыс тұрғындарына 29 аурухана медициналық көмек көрсетуде. Оның ішінде 9-ы ауылдық аурухана, 279-ы амбулаториялық – емхана.

Медициналық мекемелердің халыққа қызмет көрсетуі қандай жағдайда? Санын айтамыз, ал сапасы ше? Ауруханалар сырқаттарға толық деңгейде қызмет көрсете алама ма?  Бұл орайда, медицина саласындағы кем-кетік, олардың қашан қалпына келтірілетіні жайлы  оқырмандарымыздан сауал, өтініш шағымдар да түсіп жатады. Жақында Талдықорғандағы жұқпалы аурулар ауруханасында асхана мен кір жуатын орынның жоқтығына  байланысты сауал түскен. Біз сұрақты  аурухананың бас дәрігері Біржан Жүнісбекұлына қойған едік.

– Жалпы бізде  тамақ ішетін орын да, кір жуатын жер де болғаны рас. Аурухана кір жуатын орынсыз болмайтыны белгілі. Бірақ, қазір соны жаңарту жұмысы жүріп жатыр. Құрылыс жұмысының біразы атқарылды. Жаңа нысан барлық талапқа сай болады. Жылдың соңы, яғни желтоқсан айында  асхана пайдалануға беріледі, – деді ол.  Оқырмандарымыздан келген тағы бір сауал  перинаталды орталықта жеделсатының істемейтіндігі. Бұл орайда сауалды  облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Арман Жансеңгіровтен сұраған болатынбыз.           

– Бұған дейін істеп тұрған жеделсатылар 1992 жылы салынған. Бәрі ескірді. Қауіптің алдын алып, тоқтатуға тура келді. Облыстық әкімдік тарапынан жеделсаты салуға тендер жарияланды. Бірақ, құлшыныс білдірушілер жоқ. Себебі, қытайдікін салуға өзіміз келіспедік. Олар сапасыз. Біраз істегеннен кейін істен шығып қалуы мүмкін. Ал, Белорусь пен Түркиялық орнатамын деушілер шықпай жатыр. Барлығы 5 жеделсаты салуға қаржы бөлінді»,– дейді ол. Облыстық медицина саласындағы тағы бір өзекті мәселе маман тапшылығы. Облыста 200-ден аса дәрігер жетіспейді.

Арман Жансеңгіров: «Ауылдың медицина мекемесіне қызметке барғандарға 5 млн. теңге, қаланың денсаулық сақтау саласына жұмысқа барғандарға 3,5 млн. теңге көлемінде көтерме қаржы беріледі. Бес жылға келісімшарт жасасамыз. Резентурада оқыту үшін облыс бюджетінен қаржы бөлінді. Олармен де  5 жылға келісімшарт жасаймыз. Яғни, осы уақытта ол басқа жаққа қызмет ауыстыра алмайды», – дейді денсаулық сақтау басқармасының басшысы.

Аймақтағы денсаулық сақтау саласында  2 мыңнан аса дәрігер  Аймақтағы денсаулық сақтау саласында  мен 8 мыңға жуық орта медицина қызметкері жұмыс істейді. Бүгінгі таңда мамандардың жетіспеушілігі байқалуда. Оны шешу жолдарын әкімдік білім алуға грант бөлу, көтермеақы төлеу арқылы шешпекші.

Г. МҰҚАШҚЫЗЫ
Фото: көрнекілік үшін