Бүгін – Ұстаздар күні

Уақыты: 05.10.2023
Оқылды: 880
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Ыстық ықыласымен жетілдіріп, білім нәрімен сусындатқан ұлағатты жанның орны қашанда төр. Есімі қалың қараша алдында әрдайым биік. Балапандардың топшысын қатайтып, өмір сүруге бейімдеуі құдды бір ана бүркіттің қарекеттенгені іспеттес. Ол сол балапанға ақүлпек кезінен барын арнайды. Мейірімділігімен көңіл түкпірінде қалады. Адам баласының жүрегінде қадір тұтып, құрметтейтін екі ұғым болса, соның бірі – ұстаз. Бұл атты арқалап жүрудің де өзіндік ауыртпалығы жоқ емес.

Гүлнар Құлтаева Кербұлақ ауданы, Қызылжар ауылының тумасы. Оқу ордасын тамамдаған соң еңбек жолын өзі туған жеріндегі орта мектепте аға вожатый болып бастаған. Содан аудандағы балабақшаның біріне ауысып, тәрбиеші қызметінен меңгерушілікке дейін көтеріледі. 40 жылын бүлдіршіндердің алаңсыз білім алып, тәрбиеленуіне арнайды.

Кеңес одағы ыдырап, кейбір мекеме жеке- меншікке өтіп, дағдарыс туған кезеңде облыста небәрі 10 ғана балабақша жұмыс істепті. Қаржының жоқтығынан көбі жұмысын тоқтатып, жабыла бастаған. Гүлнар Жабайқызы бұл тығырықтан шығу үшін аянып қалмайды. Сол заматтағы Кербұлақ ауданының әкімі Тынышбай Досымбековтың алдынан өтіп, облыс әкімі Заманбек Нұрқаділовке барады. Жабылғалы тұрған «Ақ тиін» балабақшасының жай-күйін айтып шырылдайды. Мән-жайды айна-қатесіз баяндап, білім ошағының ауданға қажет екенін, бүлдіршіндердің білім алуын тоқтатпау керектігін түсіндіреді. Артынша аталған мекеме бір апта өтісімен жұмысын  қайта  жалғастырған.

Іс мұнымен бітсін бе? Дағдарыс жағадан алғанда, тапшылық балақтан тартып әурелейді. Балабақшаның жылу жүйесі бұзылады. Қыс кезінде жылу құбыры қатып, мекеме жұмысын тағы тоқтатады. Әкімдікте де ол кезде оны жөндетуге қаржы болмаған. Бұл жолғы мәселені шешуге ұстаздың жолдасы Бақыт Қажахметұлы бел шеше кіріскен екен. Қос қабатты балабақшаның жылу жүйесін бірнеше күнде ауыстырып, балалардың қайта білім алуына жағдай жасаған. Гүлнар Жабайқызы өмірлік серігінің сол қарекетіне дән риза екенін айтады. 

Ұлағатты ұстаз қаракөз қазақ балаларының ертеңіне алаңдап, аудандағы жалғыз орыс тілді балабақшаны қазақыландыру үшін бар күшін салды. Ерік-жігерін мұқалтпай күреседі. Әріптестерімен бірлесе намысқа тырысып, нәтижесінде мекемені толықтай қазақшаландырған.

Гүлнар Жабайқызы шын ұстаз болу үшін табиғи дарын ізгілікті ізденіс пен ерен еңбекке ұштастырылуы шарт деген тәмсілді алға тартады. Тіршіліктегі бар жақсы қасиетті жинаған адамның мұғалім болғаны жөн. Себебі, оның бәрі алдыңда отырған оқушыға жұғатынын айтады.

Гүлнар Құлтаеваның мұғалімдер мен балалар үшін атқарған жұмысы аз емес. Ол облыстық мамандар кәсібін дамыту институтымен бірігіп «Баланың психологиялық даму деңгейін анықтаудағы жүргізілетін жұмыстың тиімділігі», «Балабақшадағы  шығармашылық жұмыстар», «Мектепке дейінгі тәрбиеде педагогикалық технологияларды пайдаланудың жолдары», «Балабақшада серуенді ұйымдастыру және бақылау» сынды бірнеше әдістемелік оқу құралдарын басып шығарған. Бұл жұмыстары мектепке дейінгі білім беру мекемелеріндегі тәрбиешілердің қолынан түспейтін құндылыққа айналған.

Ел игілігі үшін қам қылған тұлғаның  Кербұлақ ауданының Құрметті азаматы, ҚР білім беру ісінің үздігі, ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Ы. Алтынсарин» төсбелгісі сынды марапаттары бар.

Гүлнар Жабайқызы бұл күні зейнетте. Сары-өзек ауылында тұрады. Жолдасы Бақыт Сәбденовпен екі ұлдан бес немере сүйіп отырған бақытты отбасы.

Медет ЖҰМАБАЙ
Фото: ашық дереккөзден