ҚАЗАҚСТАНДА ТҰТЫНУШЫЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҒЫН ЕНДІ ОМБУДСМЕНДЕР ДЕ ҚОРҒАМАҚ

Уақыты: 06.10.2023
Оқылды: 886
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Елімізде тұтынушылардың шағымдарын қараумен, кеңес берумен айналысатын, осы саладағы қоғамдық институттарды үйлестіретін және нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеуге қатысатын тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі Омбудсмен институтын енгізу жоспарлануда. Бұл нормалар "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" заң жобасына жақында өткен Мәжіліс қабырғасында депутаттарға таныстырылды.

Аталған заң жобасы жайында сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Балықбаев баяндап өтіп, тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі Омбудсмен институты тағайындалған адамның ерекше қоғамдық мәртебесін беретіндігін, мемлекеттік биліктің жоғарғы эшелондарында тұтынушы қоғамдастықтың көзі және дауысы ретінде қызмет етіп, қоғамның үйлестірушісі болатындығын жеткізді.

Вице-министр 2022 жылы жүргізілген әлеуметтік сауалнаманың деректерін келтіріп, оған сәйкес 10 мың респонденттің 56% - ы мұндай институтты енгізу қажет деп санайды. Омбудсменнің негізгі функциялары тұтынушылардың шағымдарын қарау, кеңес беру, тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың қоғамдық институттарын үйлестіру, нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеуге қатысу, тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы істердің жай-күйі туралы жыл сайын баяндама қалыптастыру және сотта тұтынушылардың белгісіз тобының құқықтарын қорғау болады.

Жалпы статистикалық мәліметтерге тоқталсақ, Жетісу облысында тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласында өтініштері артып келеді. Бұл жөнінде аталған салаға жауапты орган облыстық сауда және тұтынушылар құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Еділ Зайтбековтың мәлімдеуінше 2023 жылдың 1 қыркүйегі бойынша түскен 379 өтінішке департамент көмегімен 146 өтініші оңды шешіліп, тұтынушыларға жалпы соммасы  8 143 000 теңге тұтынушыларға кайтарылған. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда үш жарым есеге, яғни 100-ден 379 өтінішке  өскен.

Ал республика көлеміне тоқталып өтсек, ресми деректер бойынша жыл сайын тұтынушылардың өтініштерінің саны 20%-ға өсуде. Егер 2020 жылы уәкілетті органға 21 мың өтініш түссе, 2022 жылы тұтынушылардың келіп түскен шағымдарының саны 30,2 мың өтінішке дейін ұлғайды.

"Жетісу-Ақпарат"