Мектепке хиджаб киіп барып жүрген бір де бір оқушы жоқ – министр

Уақыты: 10.10.2023
Оқылды: 3972
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Елдің күн тәртібінде хиджаб киген оқушыларға қатысты мәселе тұрған жоқ. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев айтты, деп хабарлайды 7-su.kz желілік басылымы.

Ведомство басшысының сөзінше, биылғы оқу жылының басында Атырау облысында хиджаб кигендіктен 150-ден астам оқушы қыз мектепке бармаған. Алайда бүгінгі таңда бұл мәселе толық шешімін тапты.

"Мектептің балаларға сапалы білім мен тәрбие беруіне арналғанын барлығыңызға белгілі. Сондықтан ата-аналардың дені осыны түсініп, қабылдай бастады. Қазіргі уақытта мұндай мәселелер жоқ. Басқа өңірлерде орамал тағатын оқушылар саны бойынша ақпарат дәл қазір менде жоқ. Мендегі ақпаратқа сәйкес, мұндай оқушылар жоқ", - деді ведомство басшысы Үкімет отырысынан кейінгі брифингте.

Оның сөзінше, басында мәселе туындаған.

"Бұл мәселе қазір толығымен шешілуде. Ата-аналар мектептің бірінші міндеті сапалы білім мен тәрбие беру екенін түсіне бастады. Біз оларды бір-бірімен шатастырмауымыз қажет", - деп қорытындылады ол.

Фото: primeminister.kz