Талдықорғанда Италия университетінің филиалы ашылады

Уақыты: 13.10.2023
Оқылды: 849
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Жетісу университетінде Марке политехникалық университетінің филиалын ашу туралы меморандумына қол қойылды, деп хабарлайды 7-su.kz желілік басылымы.

Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің Басқарма төрағасы-ректор Қуат Баймырзаев бастаған университет делегациясы Италияның Марке политехникалық университетіне іссапармен барды. Ондағы мақсат - екі университет арасында ынтымақтастық орнату.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде техникалық мамандардың тапшы екенін және бұл бағытқа үкімет тарапынан ерекше көңіл бөлінуі керегін жиі айтады. Осы орайда өңірді білікті техникалық мамандармен қамтамасыз ету үшін шетелдік озық оқу орындарымен тәжірибе алмасу маңызды.

Университет басшылары қос дипломды білім беру бағдарламасын жүзеге асыру, бірлескен ғылыми зерттеу жүргізу, профессорлық-оқытушы құрам және студенттерді академиялық ұтқырлық бойынша алмасу және Жетісу университетінде Марке политехникалық университетінің филиалын ашу туралы меморандумға қол қойды.

«Марке политехникалық университеті биомедициналық, әлеуметтік ғылымдар және менеджмент саласына маман даярлайтын үздік университеттердің бірі. Біз сіздермен ынтымақтастықта жұмыс жасауға қуаныштымыз. Екі елдің білімін дамытуға үлес қосатынымызға сенімдімін», – деді кездесуде ректор Gian Luca Gregori.

Айта кетсек, Марке политехникалық университеті (UNIVPM) мемлекеттік коммерциялық емес оқу орны. Білім ордасы Италияның Анкона қаласында орналасқан. Университет QS әлемдік рейтингісіне енген.