«Отбасы банкі» арқылы қалай үй алуға болады?

Уақыты: 01.03.2024
Оқылды: 563
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Талдықорғанда «Жетісу жастары» бағдарламасы аясында тұрғын үй сатып алуға өтінімдер қабылдау жұмыстары басталды. Аймақтағы «Отбасы банк» АҚ мен Жетісу облысы  әкімдігі бірлесе қолға алып отырған бұл жобаға Талдықорған қаласында жұмыс істейтін, кемінде 1 жыл қызмет өтілі бар, 35 жасқа дейінгі  жастар қатыса алады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған  баспасөз жиынында айтылды.

Облыс орталығындағы «Отбасы Банк» филиалы директорының орынбасары Қуандық Нұрғалиевтың айтуынша, жоба алғаш рет 2022 жылы жүзеге асырылып, 30-дан астам жас жеңілдетілген несиемен баспана сатып алған. Ал, биылғы бағдарламаға қатысушыларға 10 млн. теңге, 19 жыл мерзімге жеңілдетілген несие берілмек. Аталған бағдарлама бойынша бірінші кезекте, нарықтағы тұрғын үйді сатып алу үшін бастапқы жарна 0 пайыз. Келесі кезекте нарықтағы үйлерге 10 пайыздан бастап жарна төлеуі керек. Өтінімдерді қабылдау ағымдағы жылдың  26 ақпанынан 7 наурызына дейін жалғасады. Мекенжайы  Талдықорған қаласы, Абай көшесі, 241, №106 кабинет.

Сонымен бірге  жауаптылардың сөзінше, «Отбасы Банк» «Отау» жаңа тұрғын үй бағдарламасын іске қосқан.  Бұл бағдарлама бойынша өтініштерді қабылдау  2024 жылдың 1 наурызында басталып, 30 сәуірде аяқталады. Оған  18-ден 63 жасқа дейінгі  адамдар, оның ішінде тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар және тек «Отбасы банк» салымшыларының қатысуға мүмкіндігі бар.

Бұл бағдарлама бойынша бастапқы жарна 20 пайыздан басталып, жылдық мөлшерлеме 9 пайызды құрайды. Өтінім беру уақыты аяқталғаннан кейін, otbasybank.kz сайтында қатысушылар тізімі автоматты түрде шығады. Оған ең көп ұпай жинағандар кіреді.

Ұпайлар қалай есептеледі?

- салым бойынша сыйақы мөлшері үшін - әрбір 1 000 теңгеге 5 балл;

- салым мерзімі үшін - салымның әрбір жылы үшін 5 балл;

- тіркелген неке үшін - 10 балл;

- балалардың болуы үшін - санына қарамастан 50 балл.

Егер үміткерлердің жинаған ұпай саны бірдей болып қалған жағдайда, онда салым сомасы көбірек және жинақтау мерзімі ұзағырақ адамдарға басымдылық беріледі.

Мамандардың мәліметінше, бүгінде Талдықорған қаласында 15 мыңнан астам адам баспана, 40 мыңға жуық азамат тұрғын үй салу үшін жер алу кезегіне тұр.

Айдын КӘЛІМХАН