Жетісуда «Егістіктен сөреге дейін» жобасы жүзеге асырылуда

Уақыты: 04.03.2024
Оқылды: 464
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Талдықорғанда «Егістіктен сөреге дейін» жобасы аясында ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Қаладағы «Жерұйық» коммуналдық базарында өткен бұл сауда-саттықты «Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы «өңірлік даму институты» акционерлік қоғамының әлеуметтік жобалар департаменті ұйымдастырған.

Департамент директоры Бахтияр Сембековтің сөзінше, бұл жолғы саудаға Жетісу облысының бірнеше аудан, қаласындағы 40-тан астам тауар өндіруші өз өнімдерін еш делдалсыз базарға шығарған. Олардың арасында облыс орталығындағы  «Алтын емел» нан, «Көгер ЛТД», «Алатау Құс» фабырикаларының тауық еті мен жұмыртқасы, «Ляззат-2016» сүт кәсіпорынының және облыстық тұрақтандыру қорының жергілікті өнімдері бар.

Жәрмеңкедегі сауда сөрелеріне ет, сүт, үн, май, күріш, құрт, ірімшік, қымыз, шұбат, жеміс-жидектермен басқа да заттардың 30-ға жуық түрі қойылған.  Бір қуанарлығы саудаланған азық-түлік күнделікті базар бағасынан 10-15 пайызға арзан.

Мәселен, 1-ші сортты 50 келілік бір қап ұн – 9 000 мың,  күріштің бір келісі – 340, қант – 425, күнбағыс майының бір литрі – 510, тауық жұмыртқасының 1 данасы – 51 теңгеден.  Бастысы  әр өнім  табиғи әрі таза болуымен құнды.

Бұл, біріншіден, қала халқын сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етуге мол мүмкіндік берсе, екіншіден, бағаның беталды шарықтап кетуінің алдын алады.  Мұндай іс-шаралар алдағы уақытта да әр жексенбі сайын тұрақты түрде ұйымдастырылмақ.

«Жалпы мұндай шаралардың бүгінгідей қымбатшылық қысқан тұста қарапайым халық үшін пайдасы зор. Жәрмеңкеде «Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік коорпорациясы ұсынған өнімдердің бағасы айтарлықтай арзан болды. Алайда жеке шаруалар әкелген ет, сүт, жеміс-жидектердің күнделікті базар бағасынан көп айырмашылығы жоқ. Мысалға, жәрмеңкеде сиыр етінің бір келесі – 2 000 - 2200, қой еті – 2 500,  жылқы еті – 2 800 теңгеден саудаланды. Міне, бұл күнделікті базар бағасымен бірдей. Сондықтан ұйымдастырушылар қымбатшылықты болдырмау үшін осының бәріне көңіл бөліп, бірден қадағаласа нұр үстіне нұр болар еді»,– дейді қала тұрғыны А. Дүйсенбайұлы.

                                                                          Айдын КӘЛІМХАН.